Руханият • 24 Мамыр, 2023

Ерағаңның ерекше сәттері

327 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

1962 жылдың қысы, Ақтөбе облыстық филармониясына көркемсөз оқушы бо­лып орналасқан кезім. Мәдени-ағарту училищесінде оқып, жатық сөй­леу­ді­­ үйреніп жүрген, дауысым да тәп-тәуір, тәжірибем аздау болатын. Тап сол жы­лы әртістерді аттестациядан өткізуге Алматыдан комиссия келе қалды.

Ерағаңның ерекше сәттері

Филармонияның репетиция­ залында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртістері Жәлекеш Айпақов пен Рахила Ақжарованың бригадасындағы 20-дан аса желігі басыла қоймаған жас биші мен әнші алма­тылық қонақтармен амандасты. Филармония директоры Тұрдыбек Оспанов ұжымдағылар өнерін байқауға келген композитор, «Қазақконцерт» бірлестігінің көркемдік жетекшісі Еркеғали Рахмадиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрсұлу Тапаловаға жас өнерпаздарды таныстырып, олар аға буынды үлгі тұтатынын айтты.  Сонымен аттестация басталып, әркімнің өнеріне сай баға берілді. Әдемі бір кеш әнші Құрманбай Балмағанбетовтың үйлену тойында жалғасты. Еркеғали аға да, Нұрсұлу апай да көпті көргендер емес пе, тойдың сәнін кіргізді. Үшінші күні директор шақырып жатыр деген соң бардым, әңгімені Ерағаң бастады.

– Тұреке, мына сары баланы алып кеткелі отырмын. «Гүлдер» ансамблі құрылғалы жатыр, соған конферансье табылмай жатыр.

– Апыр-ай, бұл сары бала Құдай айдап Өлкелік телерадиодан келгеніне бір жыл болған жоқ еді, амал жоқ, қимасақ та береміз, – деді Тұрдыбек. Содан көп ұзамай Алматыға аттандым. «Қазақ­концерт» мекемесіне келіп, Еркеғали ағаға жолықтым. Кадр бөліміне құжаттар өткізіп, ертеңіне Роза Бағла­но­вамен кездесетін болдым. Алты Алашқа даңқы жайылған әйгілі әртістің концертін жүргізуді кім армандамайды? Таңертең Еркеғали ағаның кабинетіне кірген бойда: «Ал кеттік!» деп, коридорды бойлап оты­­рып, «директор» деген есіктің кіреберісінде «сен күте тұр!» деді де, бастыққа беттеді. Сәлден соң есік ашылып, Ерағаң белгі берген соң ішке кіріп амандастым.

– Ал кәне тыңдалық олай болса, – деп әнші апай бас-аяғымды көзімен бір сүзіп өтті. Репертуарымдағы Дихан Әбілевтің «Республикам менің» деген өлеңін оқи жөнелдім.

– Ничего, – деп сөзін шолт қайырды да директорға айтар шаруасы бардай ыңғай танытты, біз қоштаспай шыға бердік. Сол-ақ екен Роза Тәжібайқызының:

– Товарищ Вайсман, я по профессии певица, а ты по профессии кто? – деген ызғарлы даусы естілді. Ерағаң маған қарап көзін қысты. Тез-тез басып сыртқа беттедік. Ертеңіне Ерағаңа қайта келдім.

– Роза апайыңның мінезін байқадың ба? Директормен қалай сөйлеседі, ә! Бір есептен ол кісінің айтқаны жөн, екі аптадан кейін гастрольдік сапары басталады, ал ансамбльдің киімдері әлі дайын емес, директор ақшаны үнемдеп, ақыры басына пәле тілеп алып отыр, – деп темекісін тұтатып, будақтатып алды. Мен болсам үндемей тыңдап отырмын.

– 22-ге күзде толам.

– Былай етсек қайтеді, сен 4-5 күн коллективпен таныс, репетиция өтеді, соларды тыңда, содан соң жолға да­йындал, гастрольге, келістік пе?

Сол 4-5 күн ұмытылмастай әсер қалдырды, репетиция залындағы көркемдік жетекші Еркеғали ағаның қатысуымен өткен гастрольге шығар алдындағы дайындықты өнер шыңдау мектебі десе болар.

Ераға солистерді, ал атақты режиссер Асқар Тоқпанов сөз өнерін, даңқты Шара Жандарбекова биді бабына келтірді. Бұл жерді нағыз өнер академиясы десе болар! Бір кезде залдың алдыңғы қатарында отырған ақсақалдар сыртқа беттей берді.

Мен болсам жүрегім алып ұшып қастарына жақындап амандастым. Бұл екі ақсақал қазақ өнерінің кори­фейлері Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев еді. Ерағаңмен уағдаласқан 4-5 күн де өтіп, гастрольге дайындыққа кірістім. Сапар бағыты – Гурьев облысы, бригада жетекшісі – атақты опера әншісі, Қазақ КСР халық әртісі Үрия Тұрдықұлова, бригада құрамында белгілі күйші Мұрат Өскенбаев, Татарстанның еңбегі сіңген әртісі Ғабдолла Рахим­құ­лов бар.

Арада ширек ғасыр өтті. Осы мез­гілде Ерағаң қаншама классикалық шығармалар жазды, «Алпамыс», «Қамар сұлу» операсы, «Құдаша», «Думан» симфониялары өмірге келді. Осынау еңбегі ескеріліп, консерватория ректоры, Мәдениет министрі, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болды, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

1990 жыл, Мәскеу, Кремль. КОКП XXVIII жүріп жатқан кез. Мұх­тар Шахановтың сөзінен кейін депутаттардың көңілі іштей жылы­ға­нымен, сыртқы көңілі салқындау. Маған пар­ла­мент тілшісі ретінде сұхбат алуға көбі ыңғай бермей, сытылып шығады. Мұндайда өзіме іш тартып тұратын 3-4 депутатым бар. Солардың бірі – Ерағаң. Анда-санда көптің көзінше: «Осы Қорғановты Ақтөбеден үл­кен­ өнерге әкелген – мен» деп айтып қоя­тыны бар. Ондайда мерейім өсіп, жаным семіріп қалады.

 

Қажы ҚОРҒАНҰЛЫ,

тележурналист