Тарих • 24 Мамыр, 2023

Омбы қазақтарының майдандағы ерлігі

331 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына, міне, 78 жыл өтті. Отты жылдар мен қан майдан куәгерлерінің көбі бүгінде өмірде жоқ. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда белді бекем буып, ешбір қауіп-қатерден қаймықпай ерен ерлік танытқан азаматтарымыз қаншама? Сондықтан сұрапыл соғыс жылдары қаза болған, жоғалып кеткен сарбаздарды анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмысымен жүйелі айналысудың маңызы зор. Мұндағы мақсат – үзіліп қалған ұрпақ сабақтастығын жалғау, тарихымызды түгендеу, жас ұрпаққа ата-баба рухына деген адалдықты қалыптастырып, ерекше құрмет көрсету.

Омбы қазақтарының майдандағы ерлігі

Мұрат Сәрсенбаевтың соғыстан аман келген әкесі Жүніске, соғыста қаза болған 3 ағасына орнатқан ескерткіші

Бүгінде елімізде «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі талай жан мен отбасының үкілеген үмітін, аманатын арқалаған зерттеу жұмыстарын халықаралық деңгейде жүргізіп келеді.

Кезінде Қазақ ұлттық энцик­лопедиясында (5 том) Екінші дүниежүзілік соғыста 100-ге тарта қазақ батыры шықты деп жазылса, қазір бұл сан 104-ке жетті. Сол энциклопедияда Кеңес Одағының Батыры атағын алған 11 қазақ респуб­ликадан тыс жерде тұрады деп көрсетілген. Ресей қазақтары арасындағы ерліктер туралы көп ештеңе айтылмай келгені де белгілі. Осы олқылықтың орнын толтырған журналистің бірі – «Egemen Qazaqstan» газетінің бұрынғы бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев. Сондықтан біз оған ерекше ризашылығымызды білдіреміз.

Ол 4 күндік сапарын Омбы­дан бастаған еді. Ол Пушкин атындағы Омбы облыстық кітапханасына алдын ала элек­тронды пошта арқылы соғыс ардагерлері туралы мате­риал­дарға тапсырыс берген. Омбыға келісімен облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен 1995-2010 жылдар аралығында «Солдаты Победы», «Книга памяти» жинақтары және тарихшы Игілік Тұрсыновтың «Омский краеведческий справочник» кітабымен танысып, іске кіріседі. Осы жинақ құрылымының өзі көңіл аударарлықтай екен. Мұқабасы қызыл түсті алғашқы еңбек үлкен 7 томнан тұрған. Бұларға майдан даласынан аман келген соғыс жауынгерлері туған аудандары бойынша орналастырылыпты. Ал түсі қара екінші жинақ – 11 томдық. Жинақта 1418 күн мен түнге созылған от кешуде опат болған боздақтардың аты-жөні тізілген. «Солдаты победы» кітабы алфавиттік тізіммен, фотосуреттерден, сосын майдангерлер туралы мақалалар мен естеліктерден тұрады. Жеті томның ішінде 3200-ге жуық қазақ жауынгерінің фамилиясы­ мен олардың кейбіреулері турал­ы 14 мақала және 28 фо­то­­­­сурет кездеседі. Зерттеуші-жур­налист осы жинақтағы 2 жауынгер қандасымыздың адам айтқысыз ерлігі мен тағдырына да қысқаша тоқталған.

Соның бірі Ахмет Әлқай­да­ров. Ол алдымен 5-атты әс­кер полкі құрамында Мәскеу түбін­дегі шайқасқа қатысып, Калинин қаласын азат етуге атсалысқан. Витебск өңіріндегі шайқаста көрсеткен ерліктеріне байланыс­ты қазақ жауынгері ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Белоруссиядағы Погребенко және Шиловка селоларын жау­дан азат етуге қатысқан. Аса қажет 1700-биіктікті бағын­дыр­ған ерлігі үшін аға сержант Ахмет Әлқайдаров І дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ие болады. Германия жеңіліп, тізе бүккеннен кейін 1945 жылы тамызда Қиыр Шығыстағы Жапон Квантун әскерімен болған ұрыста батырлығымен танылған оған екінші мәрте «Қызыл Жұлдыз» ордені беріледі. Осылайша, қайсар қазақ Омбы өңіріндегі өзі туған Таврия ауданына 5 бірдей жауынгерлік орденмен оралады. Елге келгеннен кейін де өзінің ұстамды, биязы және еңбектегі табандылығымен халық арасында құрметке бөленеді.

Ал Тоқжігіт Сейсенбаев – Омбы өңіріндегі Байдалы ауы­лынан 1942 жылы әскерге шақы­рылған қазақтың бірі. Ол  ІІ Беларусь майданындағы Маршал К.К. Рокоссовскийдің қарамағындағы 65-армияның 115-атқыштар батальонының жауынгері ретінде қатысып, жаралы болады. Үш айдан кейін қайтадан қатарға қосылып, көптеген шайқасқа қатысып, Гомельге дейін жетеді. Днепрден өту шайқасына қатысатын әскерлер сапының қатарынан да табылады. 1945 жылы Польша мен Германияның солтүстік жағына жетіп, Данциг қаласы алынады. Соғыс аяқталып, Тоқжігіт Сейсенбаев ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені және «Ерлігі үшін» медалімен елге аман оралады.

Тарихшы Игілік Тұрсынов жазған «Омский краеведчес­кий справочникте» 5 қазақ жауынгерінің ерлігі баяндалған. Олар – Төлеу Сәрсенбаев, Лұғат Сағындықов, Дүйсеке Мусетов, Алмұқ Маямеров, Құсайын Сәрсенов.

Төлеу Сәрсенбаев – ұш­қыш­-радист. 1943 жылы 21 шіл­де­­ күні М.Воронковтың эска­дрильясының құрамында бол­ған. Төлеуден «эшелонға бет­те­дік» деген соңғы хабар келіп жеткен. Бір өкініштісі, Төлеу Сәрсенбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы қаза тапқаннан кейін берілген.

Лұғат Сағындықов, Дүйсеке Мусетов – соғыс ардагерлері, социалистік еңбек ерлері. Омбылық қарапайым қазақ Алмұқ Маямеров те ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алған. Құсайын Сәрсенов – Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысқан жауынгер. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, бірнеше медальмен марапатталған.

Жанболат Аупбаев кітап­ха­надағы тапсырыс берген ең­бек­тер мен анықтамаларды қарап болғаннан кейін «Омс­кая прав­да» газетінің 1941-1945 жылдардағы тігін­ді­­­сін ақтарған. Өзі іздеген тақы­­­рыбына қажет-ау де­ген­­ оншақты материалды та­­уып,­ көшірмесін жасап ал­ған. Онда тылдағы тіршілік ту­ра­­лы топтамалары ішінен қан­дастарымыздың еңбегі бар. 1943 жылдың 8 қаңтарындағы жарық көрген материалда аудан еңбекшілері «Омбы колхозшысы» танк колоннасына қаражат жинауға зор ынтамен кіріскендігі, әр колхоздың қосқан үлесі баяндалған. Мы­са­лы, Л.М.Каганович атын­­дағы колхоздың төрағасы Қо­жахмет Көбегенов өзінің жеке жинаған қаржысынан «Омбы колхозшысы» танк колоннасы бастамасына 206 мың сом 50 пұт қосқан. Танк құрылысына сол кездегі 9 колхоз төрағасы атсалысқан екен.

Бірде «Egemen Qazaqstan» газеті редакциясына қоңырау шалып, соғыс ардагері, 17 жыл Қазақ КСР-інің әскери комиссары болған, жүз жасқа толған Нұрлы Байкенов туралы мақала жазғанымды айттым. Қазақ жауынгерінің есімі мен ерлігі, отты жылдардан кейінгі еңбегі ұмыт қалып бара жатқанын да жеткіздім. Газеттің сол кездегі бас редакторы Жанболат Аупбаев «Мақалыңызды жіберіңіз, көрейік» деп жауап берді. Кейін хабарласқанымда «Қам жемеңіз, мақалаңыз шығады» деп нақты айтты. Айтқанындай 2015 жыл­дың­ 2 ақпанында мақала жарияланды. Бұл мақаланың әсері қандай болды десеңізші. Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбай, Генералдар кеңесінің  төрағасы Рустем Қайдаров, полковник Ким Серікбаев, «Астана Медиа пресс» баспасының директоры Марат Тоқашбаевтың қолдауымен кейін «Генерал Байкенов» деген кітап жарық көрді.

Журналистің соғыс арда­гер­леріне көрсеткен құрметі жал­ғасын тапты. Өткен жылы Омбыға барғанда Н.Әлжанов, А.Жүнісов, Е.Жұма­баев сынды азаматтардың өз ісіне жауапкершілігі мен кі­ші­пе­йілдігінің куәгері болдым. Омбыға барған соғыс ар­да­гері, республикаға еңбегі сіңген экономист, Омбы педагогикалық училищесінің түлегі, биыл туға­нына 100 жыл толған марқұм Нұрым Сансызбаев «Книги памяти»­ жи­нағын жасаушыларға кезінде алғы­с айтып, еңбектегі көп кем­ші­лікті көрсеткен еді. Атап айт­қанда, жинақта кейбір қазақ жауынгерінің аты-жөні бұрмаланған, ауылдар аттары дұрыс берілмеген. Ең негізгі кемшілік – өмірден өткен, со­ғыс­­тан аман келген, кейін де ауыл шаруашылығы, мәдениет, құрылыс салаларында еңбек еткен көптеген соғыс ардагері жинаққа кірмей қалған. Нұрым Сансызбаев өзі білетін 20-дан астам майдангердің тізімін редакция мүшелеріне тапсырған.

Соғыс құрбандары тура­лы дерек пен дәйектерді іздес­тіруде алда әлі де ауқымды жұмыс тұр. Бізде тек отты жылдары ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің есімдері Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Астрахан, Орын­бор,­ Саратов, Волгоград, Тү­мен, Челябі облыстарында­ да атау­сыз қалмаса деген ті­лек­ бар. Сондай-ақ соғыс ардагер­ле­рі­нің ерлігін насихаттауды тек баспасөзбен шектемей, олар тура­лы шағын фильмдер түсірілсе деген ұсынысымыз бар. Үшіншіден, Қазақстан ЖОО-дағы тарих кафедраларының магистр, докторлық дипломдық жұмыстары қандастарымыздың жанқиярлық ерлігіне арнал­са, нұр үстіне нұр болар еді. Төртіншіден, қалталы аза­мат­тардың да бұл іске үлес қосып, еріктілерге қаржылай көмек қолын созғаны керек-ақ. Осы айтылған тілектердің барлығы қазақ халқының қанына сіңген отансүйгіштік қасиеттерді дәріп­­теп, жас ұрпаққа ата-баба­ ерлігі мен есімін жаңғырту үшін қажет. Халқымыз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп бекер айтпаған.

 

Әділхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор