Шыны керек, білім сапасын арттыру, аттестаттау жүйесін және педагогтерді ынталандыру тәсілдерін жетілдіру ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әуелі министр осы түйткіл төңірегінде әңгіме қозғап, ұстаздарды таза еңбегіне сенуге шақырды.
«Мемлекет педагог мәртебесін көтеру мақсатында бірқатар іс-шараны қолға алып жатыр. Оның ішінде мұғалімдердің жалақысын көтеру – жүзеге асырылған басты қадамның бірі. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді. Мұғалімдерді аттестаттау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп, портфолио қалыптастыру барысы қайта қаралып жатыр. Келешекте мұғалімнің жетістігі оның әрбір оқушысының жетістігімен бағаланатын болады. Еліміздің жетекші педагогтері – педагог-шеберлер мен педагог-зерттеушілер білім саласының барлық маманы үшін үлгі болуы керек», деді ұстаздар қауымына жүктелер міндет пен жауапкершілік жүгін атап өткен министр.
Оның айтуынша, Жетісу облысында барлығы 15 мыңнан аса мұғалім еңбек етеді. Оның ішінде 2 309 педагог-зерттеуші, 63 педагог-шебер бар.
Шалғайдағы оқу ұйымдарына барған бас ұстаз мектеп дәретханаларының жағдайымен танысып, оқу орындарындағы дабыл түймелерін, төтенше жағдай кезіндегі жедел әрекет ету қызметін, балалар қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін және асхана жұмыстарын ұйымдастыруды тексерді. Қауіпсіздік шараларын сынақтан өткізген білім ұйымдарының қатарындағы Дәнеш Рақышұлы атындағы орта мектепті аралап көріп, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп мұғалімдерімен пікірлесті. Бұдан кейін Ғ.Бейсембаев пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов қаладағы білім мекемелерінің басшыларына, ұстаздар қауымына сөз арнап, білім саласын дамытуға қатысты ойларын ортаға салды.
Д.Малаховтың айтуынша, мемлекеттің тұрақты дамуына кесірін тигізетін сыбайлас жемқорлық білім саласына дендеп еніп, тамырын жайып барады. Сондықтан «жұқпалы» дерттің алдын алу, білім мекемелеріне түсіндіру жұмыстары тұрақты өткізіліп келеді. Ол соңғы үш жылдың ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі білім саласындағы парақорлыққа қатысы бар 300-ден астам қылмысты тіркегенін, 192 адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, оның 140-ы сотталғанын атап өтті. Бұлардың қатарында Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Сейітниязов пен заңгері Өтелбаев, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Омарова, басқарманың ғылыми-тәжірибелік орталығының басшысы Меңлібаев, бөлімнің бас маманы Абдолданова, Панфилов аудандық білім бөлімінің бухгалтері Мухамерова бар. Осыған орай білім саласы жіті қадағалауға алынып, сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін әрбір әрекет тексеруге алынып жатыр. Бұл оқу-ағарту саласындағы әділдікті, адалдықты қалыптастыруға септігін тигізеді. Парақорлыққа қатысы бар жан жазасыз қалмайды.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов білім саласындағы біліксіз мұғалімдерді іріктеу жұмыстары жалғасатынын, соған орай ұстаздар қауымы жаңа оқу жылынан бастап аттестаттаудан өткізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, былтыр Жетісуда 116 педагог конкурссыз жұмысқа қабылданып, министрліктің бұйрығы бұзылған. Сонымен қатар биылғы оқу жылы аяқталардың алдында еліміздің барлық өңірінде емтихан алатын мұғалімдерге, мектеп директорларының орынбасарларына 9, 11-сынып оқушыларынан ақша жинау дерегі анықталып жатыр. Ата-аналар мен сынып жетекшісі ұйымдастыратын мұндай әрекеттен мектеп басшылығы хабардар. Мысалы, Алматыдағы бір мектептің мұғалімі жоғары сынып оқушыларынан 5 мың теңгеден жинағаны үшін ұсталса, мектеп директоры қатаң сөгіс алған. Сондай-ақ қалалық, аудандық білім бөлімдері мен мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері өздеріне ұнамайтын педагогтерді жұмыстан жөнсіз шығарып, заңбұзушылықтарға баратыны белгілі болып отырғанын атап өткен Е.Дәуенов педагогпен еңбек шартын негізсіз бұзу жиілеп, педагогикалық әдеп кеңесі директордың жеке басын қорғайтын құралға, қолшоқпарға айналғанына, соған орай ұстаздар арасында соттасу көбейгеніне тоқталды.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, енді мектепте ақша жиналатын болса, 7 млн теңге айыппұл салынады. 5 мың теңге аламын деген мұғалім, директор жұмыстан кетіп, бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Осыны ескеріп қойыңыздар. Мемлекеттен тиісті қаржы бөлініп, жыл өткен сайын жалақы өсіп жатыр. Ешкімнен ештеңе жинаудың қажеті жоқ. Одан бөлек, аттестаттау мәселесін түгелдей қайта қарастырып жатырмыз. Халқымыз «Ауруын жасырған өледі» дейді. Мұғалімнің білім-білігі жетіспесе, орнына басқа адам алу керек. Оны ақшамен шешуге талпынғандар жазасыз қалмайды. Негізі аттестаттау мұғалімнің жетістігі емес. Ұстаздың жетістігі шәкірттерінің білім деңгейімен өлшенеді. Сол үшін мұғалім оқушының білім сапасын көтерумен айналысуға тиіс. Ал мектепке керекті құрал-жабдықтармен және көрнекіліктермен қамтамасыз ету облыстық, аудандық, қалалық білім басқармалары мен мектеп директорларының міндеті болуы керек», деді Ғ. Бейсембаев.
Министр Жетісу облысына жасаған жұмыс сапарында шалғай елді мекендердегі бірқатар білім ұйымын аралады. Ақсу ауылындағы тарихы тереңнен тамыр тартатын ғасырлық тарихы бар «Мамания» мектебінде де болды. «Мамания» мектебінің құтты шаңырағынан еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан. Олардың қатарында алашордашы Мұхамеджан Тынышбаев, қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіров, Жұмахан Күдерин, ағартушы Біләл Сүлеев, академик Жүрімбек Сыдықов, жазушы Кәкімжан Қазыбаев бар. Биыл аталған мектептің негізі қаланғанына 124 жыл толды. Мектеп ғимаратында педагогикалық ұжыммен кездесу өткізген министр ауыл мектептерін дамыту бойынша жасалып жатқан іс-шараларға тоқталып өтті.
Сондай-ақ министр Сарқан, Алакөл аудандарының педагогтерімен кездесуде болашақта ауыл мектептері отандық білім беруді дамытудың драйверіне айналуы керектігіне баса назар аударды. Ауыл мектептерін дамытудың жаңа бағдарламасы осы бағыттағы маңызды қадамға айналады. Министрлік ауыл оқушыларының жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасын өткізу жоспарын әзірлеу үстінде.
Жетісу облысы