Тарих • 24 Мамыр, 2023

Тянь-Шань эскиздері

603 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Тянь-Шань эскиздері

Хан Тәңірі. Г.МЕРЦБАХЕР

– Қап.., – деді Күреңбел асуына көтеріле бергенімізде күйгелектене тіл қатқан орманшы Дүйсенбай. – Жо... Жоқ. Бара алмаймыз... Бүгін өту қиын бұл жерден.

– Неге?

– Төменде шекарашылар жүр.

«Әттеген-ай!.. – дедік мына сөзді есті­генде ішімізден біз де. – Сонша жерден келіп тұрып... Қарашы енді... Қодас баққан қырғыздарды көре алмайтын болдық-ау».

Сөйттік те көліктен түсіп, төменге көз салдық. Алқам-салқам тау бөктеріндегі кең аңғар. Оны бойлай аққан дүлей де долы өзен. Адуындылығы сонша, арқы­раған үні асудағы бізге анық естіліп тұр. Соның бер жағындағы жазықта бір нәр­се қарауытқандай ма, қалай? Байыппен бағдарлап қарасақ, қарағайдан қиып са­лынған аңшылар үйі екен. Бала кезден білеміз, бұл біз жақ – Қазақ елінің Хан Тәңірі аумағындағы ең шеткі нүктесі. Ал өзеннің арғы қабағында... Иә, онда ше? Әскери киімді екі адам астындағы атта­рын жүре шалдырған күйі өрге қарай аяң­дап кетіп барады. Ол – қырғыз жұр­­тына қарасты жер. Көзімізге көрінген анау ­екеу – сол елдің шекарашылары.

Ертеректе Сырт жайлауы деп аталатын бұл өңірде бәрі басқаша еді. Жаз шыға бере екі жақтың малшылары мұнда асыға көшіп келетін. Сөйтетін де бір-бірімен қау­қылдаса қауышып, қоңыр күзге дейін мы­на аңғарды көкпар мен бәйге дүбіріне бөлеп жататын. Сонда ғой, шөп шабатын бри­гадаға көмекке келген мектеп оқушы­ла­ры біздердің қонаққа шақырылған ағала­ры­­мызға ілесіп, қырғыздардың қодас фер­ма­­сына баратынымыз. Ол анау тұрған Құз­ғынұя текшесінің үстіндегі алаңқайда-тын.

Арада көп жылдар өткенде... Иә, жарты ғасырға жуық уақыттан соң... Болмысы мен бітімі бөлек осы таулы аймақ есімізге түскен. Мұндағы көз жанарыңды суы­рып әкетердей сұлулыққа ие шырышы бұзылмаған тұмса табиғат оқтын-оқтын ойымызға орала берген. Сөйтіп, оның тылсым күшке толы төскейлері түсімізге еніп, сынап сағым сырғанаған сілемдер сиқыр күшпен өзіне тартқан да тұрған. Әсіресе өздерін қырғыздармыз дейтін сартқалмақ тайпасы, олардың бала күніміздегі есімізде сақталып қалған ерекше салт-дәстүрлері мен аталған аймақта бұлардан басқа ешкім айналыспайтын қодас шаруашылығы... Астанадан ауылға аңсарымыз ауғанда: «Шіркін, сол Сырт жай­лауына тағы бір рет барсақ, көрсек», деп армандайтынбыз. Сөйтіп жүріп ақы­ры биыл жазда жолға шыққан беті­міз ғой. Бірақ, амал қанша, аяқастынан бәрінің де өзгеріп кеткені. Бұған себеп: екі ел арасына ала баған орнатылғалы бері анда-санда жүріп өтетін көрші мемле­кет шекарашыларының патруль күніне тап келгеніміз еді. Әйтпегенде...

...Ойға алған жоспарымыздың орындалмай, қабағымыздың кірбің тартқанын байқаған Дүйсенбайда маза жоқ. Көңі­лімізді аулау үшін ол бізді біресе асудың Қытай жақ бетіндегі Тұйықаша шатқалына, келесіде сонау Хан Тәңірі баурайынан бас­тау алатын екі-үш өзеннің ерекшелігі­не назар аудартумен әлек. Оның алғашқы­сын біз білетінбіз. Бұл осы өңірдегі 1928-1932 жылдардағы аласапыранға қатысы бар әңгіме-тін. Атап айтқанда, тау нояны Мергенбай батыр елді қызылдардың қырғынынан құтқару үшін оларды шека­раның арғы бетіне алып өтуге бел байлайды. Сол оймен көшті Қақпақ аңғарымен жүргізіп отырып, Сулысайға жетеді. Одан ешбір шығынсыз Тұйықаша шатқалына өтеді. Ақырында Асутөрге аяқ басқанда аттап жүре алмас ақ қар, көк мұзға тап болады. Бұл қиындықтан шығу үшін батыр көштегі еркек кіндіктінің бәрін беткейге жауып жіберіп, оларды жалғыз аяқ жол сұлбасын жасауға жұмылдырады. Сөйтіп, қасат қардан аршылған мұзды жер үстіне қарағайдың қордасы мен киізден жасал­ған мүлік-мүкәмалды аямай төсеттіреді. Сол арқылы мал-жан атаулының бәрін қияметтің қыл көпіріндей соқпақпен аман-есен өткізіп, қуғыншылардан құты­лып кетеді. Мұны ертеректе біз «Тянь-Шань­ның ковбойы» атты мақаламызда ег­­жей-тег­жей жазғанбыз. Тарихи-көркем фильм­ге сұранып-ақ тұрған тақырып...

Ал орманшының тау өзендерінің ерек­шелігі жөнінде айтқан екінші әңгімесі назар аударарлық нәрсе дер едік. Бұл бұрын біз естімеген тың дерек. Соны мағлұмат. Дүйсекеңнің сөзіне қарағанда мұндағы шың-құздан құлай аққан сулар түсінің көгілдір болуы оның құрамында алтын қиыршықтары бар деген ұғымды білдіреді. Бұл – жай сөз емес, әлмисақтан бергі әңгіме. Оған жүгінсек, сонау патша зама­нында мұндағы тау қазақтары Хан Тәңірі баурайындағы өзендерде бар алтын құмын Сібір тайгасындағы немесе Амери­ка Аляскасындағы старательдер секілді өн­ді­ріп отырған. Атап айтқанда, ол сон­да­ғы құм-тастарды сарқырамадағы науаға ­жуу және иірімдерге құрым киіз тастап барып алу дер едік. Мұндағы бірінші, яғни ­науамен жұмыс істеу тәсілі жұртшылық­қа жақ­сы таныс. Ол Мамин-Сибиряк пен Джек Лондон шығармаларында жеткі­лік­ті жазылған. Ал екінші әдіс... Бұл нендей нәрсе? Жолбасшымыздың түсіндіруінше бабаларымыз өзеннің су айналып ағатын мүйістеріне киіз текеметті шым-шым батырып, ағыс алып кетпес үшін шеттерін таспен бастырып тастайтын болған. Содан белгілі бір уақыт өткенде оны иірім түбі­нен қалқыта алып шығып, жиекке әкеп сорғытқан. Осыдан кейін кепкен киізді тақыр жердегі арнайы жайылған қара мата үстіне төңкере қаққанда, оның бетіне құм секілді ұсақ алтын қиыршықтары жыл­­тырай түсіп отырған. Осылайша, жер­­гілікті қазақтар тау өзені суындағы өз­дері жайған текемет не туырлықтағы жүн қа­баттары ұстап қалған бағалы метал­дың ине жасуындай шөгінділерін асқан төзімділікпен мысқалдап жинаған. Ғажабы сол, жоғарыдағыдай өте қиын қарекетпен өндірілген алтын құмын сақтау да оңай емес екен. Сондықтан ешқандай мата түр­леріне тоқтамайтын оны бабаларымыз артель кеңсесіне ірі қара терісінен тігілген кішкентай былғары дорбаларға салып апарып өткізетін болған.

Тянь-Шаньның Сырт, Байынқол аң­ғар­ларындағы көгілдір сулы өзендерде кез­десетін алтын қиыршықтары туралы әңгіме мәнісін осылай десек, енді оның мына біз тұрған жерүсті – тау жүлгелеріне қатыс­ты айтылар сөз тіпті бөлек. Соның бірі, мәселен, сонау 1941-1945 жылдар­да­ғы соғыс кезіндегі елдің қорғаныс қуаты қажеттілігі үшін ашылған Жарқұлақ алтын кені. Тау жүлгелерінен табылуы мен алынуы тез оның сол кезде қандай зор маңызға ие екенін бір-ақ нәрседен байқауға болатын. Ол – аудан орталығы Нарынқолдан Хан Тәңірі етегіндегі Мәрмар қабырғаға дейінгі ит тұмсығы өтпес ну орман мен жойдасыз тау-тасты бұзып-жара отырып салған 74 шақырымдық күре жол. Егер аса бір күйіп тұрған қиын іске керек етілмесе, мемлекет сол кездері мұндай қадамға бармас еді. Демек солай болған ғой. Сөйтіп, оның пайдасын алғашында аталған рудник­тегі кенші, геолог, шопыр қауымы көрсе, одан кейінгі 75 жылда ол жайлаудағы шопандар мен қарағай дайындаушы бригадаларға, шыңдарға жорыққа аттанған альпинистер мен шекара заставаларындағы жауынгерлерге мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Ал ГРП деп аталатын геологиялық барлау партиясы бекетінің биік беткейіндегі соғыс жылдарында үңгіп салынған забойлар ше? Жарты ғасыр үнсіз тұрып, жұмысы осы бертінде ғана қайта жанданған оның штректерін­де жоғарыда айтылған қаһарлы кезеңде 150 жұмысшының төрт ауысыммен күндіз-түні тынбай еңбек еткенін қазір ешкім білмейді. Бұл – тек архив сөрелеріндегі шаң басқан қағаз беттерінде ғана сақталып қалған сирек дерек. Олардың 1941-1945 жылдардағы, яғни Батыста жүріп жат­қан соғыс уақытында жұмыс істеген ата-әке­леріміздің қатарында бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған 16 жастағы жасөспі­рім, болашақта қазақ әдебиетінің клас­сигі атанатын жазушы Бердібек Соқпақ­баев та бар-тын. Кейін атақты қаламгер өзі­нің көпте­ген туындысында иен таудағы осы Жар­құлақ алтын кенін, ондағы суық та сұр­қай барак үйлері мен күнгейдегі қауіпті қия жол­мен руда тасыған жерлестерінің азап­ты өмірін асқан бір аяушылық сезіммен ­жаз­­ған еді. Оны, әсіресе, Бекеңнің «Өлгендер қайтып келмейді» атты өмірбаяндық ­три­­логиясындағы бірінші кітап тараулары­нан анық байқауға болады.

... Асу үстінде, міне, жоғарыдағы жайт­тарды сөз етіп тұрғанымызда төңіректі тінткілеп жүрген жолбасшымыз іздеген жоғын тапты-ау деймін, бізді өзіне қол бұлғап шақырғандай болды. Сөйтті де іле-шала: «Тыныш... Қозғалмаңдар!» деген ишарамен қалт тұра қалды. Бұған себеп: төбеміздегі төніп тұрған жақпартас жақтан шыққан үн еді. Шиқылдаған белгісіз дыбыс, бөгде құс даусы.

– Ұлар! – деді қуана тіл қатқан Дүйсе­кең. – Білесіңдер ме мұны?

– Жоқ. Естігеніміз болмаса, көрген емеспіз.

– Ендеше, бері қараңдар. Мен анау қырға барамын да үркітемін. Сонда оны көретін боласыңдар.

Осылай деген ол жоғарыға қарай адымдай жөнелді. Қия беткейді өрлеп, бізден 150 метр биіктікке көтерілгенде, қалың тобылғы арасынан әлдебір құстар бой көрсете бастады. Түрлері қоңыр мен сұр түс өңдес. Бір көрген жан оларды беткей­дегі бозғылт тастардан ажырата алмай қа­лары анық. Пошымдары да бөлек. Үлкен­ді-кішілі дегендей әртүрлі. Біреуі ата­лы­ғы немесе аналығы, екіншісі осы көктем ­мен жазда өсіп-жетілген балапандары ма деп ойлайсың. Байқағанымыз, көп ұшпай­ды екен. Өрге қарай зымырай жорғалап барады. Осы кезде... Иә, оларға Дүйсекең таяй берген уақытта қалың қорымтастар­дың арасынан бір ұлардың көкке көтеріл­гені! Дене тұрқы кіші жабайы қазға ұқсай ма, қалай?.. Ғажабы сол, шоқыдан ұшып шық­қан­нан бастап ол қанатын қақпады. Құд­ды бір парашют дерсің. Көк жүзінде қал­қы­ды да отырды. Сөйтіп, аңғардың қар­сы бетіндегі арша арасына барып қонды.

Жолбасшымыз күнгейден түсіп, жа­ны­­мызға келгеннен кейін ұлар құстың қи­мыл-қарекетіне қызыққан біз ал кеп оны нөпір сұрақтың астына алдық дейсіз. Дүйсекеңнің соларға қайтарған жауаптарынан ұққанымыз: бұл қанаттылар өкілі еш уақытта етекке түспейді екен. Таудың ұшар басында ғана жүреді. Қорегі беткейден жиі-жиі көшетін қорымтастар ара­сын­дағы аң-құс аяғы тимеген алаңқай­дағы ұлар шөп пен тау шайы атты өсімдік, сондай-ақ тобылғының гүлді жапырақ сабақтары және арша діңінен шығып, сол ағаш қа­бығына пышақ қырындай ғана болып жиналған сөл майы. Ара-тұра құз-қиядағы қалақтастар арасындағы қыналарды да шоқып қояды дейді. Онда да олардың бәрін емес, кейбіреулерін ғана. Ал қыс кезіндегі күн ашықта бұл құстар таутекелер тобының артынан ілесіп отыратын болып шықты. Себебі ол аңдар қарды бұзып, жылқы сияқты тебіндемесе де соған ұқсас әрекет жасап, шиырлай жайылады екен. Міне, ұларлар сондағы із түсіп, ашылған жердегі бұта, шөп арасынан өз нәпақасын тауып жеуді инстинкті түрде жақсы меңгерген.

– Ұлар – өте сақ құс, – деді сөз етіліп отырған тақырыпқа байланысты біздің ерекше қызығушылығымызды білгеннен кейін шешіле сөйлеген орманшы. – Ол адамды 1-1,5 шақырым жерден-ақ байқап, шиқылдай бастайды. Жақындай түссең, одан әрі мазасызданады. Сөйтіп, бүкіл тобымен мүлгіп тұрған тауды у-шу қылады. Қазақта «Ұлардай шулады» деген сөз бар емес пе? Бұл соған орай айтылған ба деп ойлаймын. Содан соң ол ешкімге ұстатпайды және қолға да үйренбейді. Ақиқатын айтсам, алпыстан асқан осы жасыма дейін айласын асыру арқылы оны аулап алған аңшыны көргенім жоқ. Егер қапелімде мылтық оғынан топшысы үзіліп, аяғы сынған, соның кесірінен ұша да, жүре де алмай амалсыз қолға түскен ұлар болса, ол көп өмір сүрмейді. Тез өліп қала­ды. Қасиетті құс қой. Серті солай. Әйт­песе зообақтарда ұлар неге жоқ? Себебі жоғарыдағыдай.

Осылай деген Дүйсекең сөзінің соңын төмендегідей әңгімемен аяқтады. Өзіміз сөз етіп отырған құстың қанаттары о бастан өте қысқа жаратылады екен. Сондықтан ол көп ретте ұзындығы 40-45 сантиметрлік, салмағы 2-2,5 килограмдық дене тұрқына сай тепе-теңдікке қол жеткізе алмай, еркін ұшып-қонуға орашолақтық танытатын болып шықты. Оның көк жүзіне сирек көтеріліп, қанатын қақпай қалықтауы, міне, осындай жағдайға байланысты сияқ­ты. Бұдан өзге аналығы 4-8-ге дейін жұ­мыртқа тауып, бір ай мөлшерінде балапан басып шығаратын ұлар етінің емдік, адамға күш-қуат берерлік қасиеттері де назар аударарлық. Ол иен таудың ешкім аяқ баспаған жерлеріндегі сирек өсімдік­тер бойындағы дәрумендер нәтижесі ғой. Сондай-ақ ұлар онша семіз болмайды екен. Оның етінде май өте аз мөлшерде кездеседі дейді әңгіме иесі. Мұны: «Бұл құстың тыным таппайтын қозғалысына, атап айтқанда қиядан қияға жорғалап жүретін мазасыз қимылына байланысты жағдай», деп түсіндірді ол.

– Мана сіз осы төңіректен бірдеңені із­деп тауып, оны көрсетуге ишара жа­сап шақырғандай болып едіңіз, – дедік біз көлікке мініп, қайтуға жиналып жат­қаны­мызда. – Сол кезде ұлар шиқылдап... Наза­рымыз соған ауып кетті емес пе? Ал ол...

– Е, мұны жақсы еске салдыңыздар. ­Бұл мына нәрсе. Жүріңіздер көрсетейін.

Осылай деген орманшы беткейге келіп, бір шөпті түбімен жұлып алды. «Бұл – сарыкүйік, – деді. – Осы Сырт айма­ғында ғана өседі. Басқа жерде жоқ. Көріп тұрсыздар, бәкене бойлы, сирек ақшыл сары ноқат гүлі бар, бір-бірімен тұтаса өскен елеусіз шөп. Мұны жылқы керемет сүйсініп жейді. Қыстан азып шығып, ал көктемде бұған аузы тиген қылқұйрық атаулының қай-қайсысы да тез қунап шыға келеді. Желідегі сауым арасында сары­күйікке жайылған биелердің қымызы да күшті. Ұйқыңды келтіріп, ұрып жығады».

Дүйсекеңнің мына сөзін естігенде көз алдымызға жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгі­ров елестеді. Ол кісі 1927 жылы атақты Қарқара жайлауына келіп, осы өңірді түгел аралаған. Нәтижесінде, «Жетісу сурет­тері» атты бірнеше циклден тұратын поэзия­лық туындыны өмірге әкелген. Сонда «Жер түгі» деген тарау бар. Мұны бөле-жара ­айтып отырғанымыз, 54 жолдық ­осы өлеңде Кеген, Нарынқол өңірінде өсе­тін ­90-нан астам ағаш пен өсімдік түрі­нің ­ат­тары аталған. Солардың қатарын­да қазір мына біз тұрған Сырт жайлауын­­дағы сары­күйік те бар. Мұны қа­зақ өлеңінің ­хас жүйрігі: «...Биікте бітед шөптен сары­күйік, Тісте­ніп жатыр жұлып мал сүйсініп. Қы­мы­зын сарыкүйіктің ішеміз деп, Албан­дар жайлайды екен құстай биік», деп төгіл­теді. Сол өсімдік, міне, осы. Мұны қазір көп ешкім білмейді. Бұлай дейтініміз, кеңес­тік кезеңді қойшы, оның аты тәуелсіздік­тен бері жарыққа шық­қан көп түсін­дір­ме сөздіктердің өзінде жоқ. Ғалымдар енжарлық танытқан немесе ұмытқан. Сондықтан Жетісу жерін­дегі ерекше бір өсімдіктің атын атап, түсін түстеп, қағаз бетіне қалдырып кеткен Ілияс ағамызға «Рахмет!» дейміз.

Осыны ойлап асудан төмен түсіп ке­леміз. Мақсатымыз – аңғарды бойлап кері қайту. Жолшыбай орманшы досымыз көрсетуге уәде берген жерге соғып, сон­дағы өте сирек табиғат туындысын тама­шалау. «Ол не нәрсе екен?» деп қоя­­мыз ішімізден. Өстіп отырып үлкен Қақпақ өзеніне келдік. Оны жағалаған күйі Бозымбай сайы бұрылысына жеттік. Сәлден соң Атабайдың ақ тасынан өттік те Сарықолатқа жете бере көліктен түстік. Сөйтіп, шығыс жағымыздағы жолба­рыс жонды жота үстімен өрге қарай жаяу тарттық.

Осы кезде күнгейден «әңгүшік-әң­гүшік» деп суыр шәңкілдеді. «Бар екен-ау, таудың бейкүнә мақұлығы. Жоға­­лып кетпегеніне шүкір!..» дедік Дүйсен­бай­ға қарап. «Иә, бар, – деп тіл қатты біз­­дің таңданысымызды түсінген ол. – Бұ­рын­ғыдай болмаса да қайтадан өсіп-өне бастады ғой». Сөйтті де, бұл жағдайды біл­мейтін біздің жанымыздағы «Natio­nal Geographic» журналының жігіттеріне оның тарихын айтуға көшті. «60-жыл­дары, – деді, – Мәскеудегі ғылыми-зерттеу ­инс­титуттарының бірінен жіберілген арнайы бригада осы Сырт жайлауына келді д­е, шатырларын тігіп тастап, жаз бойы ­жат­ты да қойды. Тірліктері – сай-саладағы суыр індеріне дәрі тастау. Момын мақұлық­ты өлтіру. Қыру. Себебін сұрағандарға ­айта­тындары – бұлар оба ­ауруын таратады, сондықтан осылай істеп жатырмыз де­ген уәж. Аталған науқанның етек алға­ны сонша, кейін жоғарыдағы бригадаға өз адамдары жетпей, олар бұған жергілікті жердегі қолы бос зейнеткерлерді жалдай бастады. Осылайша, айналасы 4-5 жылдың ішінде Сырт жайлауындағы күнгейлерде еш алаңсыз жүрген бейкүнә мақұлық көрінбейтін, даусы да естілмейтін болды. Оларды орталықтан келген ғылыми зерттеу мекемесінің мамандары неге жойды? Үкімет жоғарыдағы әрекетті бірнеше жыл бойы неге тоқтатпады? Оған сол кезде де, одан кейін де жауап болған жоқ. Тек ел-жұрттың ұзынқұлақтан естігені: «Ешқандай да обаның алдын алу емес. Сол уақытта жаңадан бір дәрі-препарат табылған екен. Соны мамандар суырлар арқылы сынақтан өткізіп көріпті», деген күңкіл сөз ғана. Жарайды. Өткен оқи­ға өзімен кетсін. Арада көп жылдар өт­кенде суырлардың қайтадан өсіп-өніп, дауыс­тарының жарқын-жарқын шыққанына шүкір дейік. Иә, барға қанағат. Ал.., жоққа салауат.

Осыны айтқан жолбасшымыз кезекті бір төбеден асып түсіп, келесісіне қарай көтерілгенімізде, қысқа-қысқа тағы екі хикаяға ерік берді дейсіз. Оның алғаш­қы­сы 2500-3000 метр биіктіктен төменге көз салғанымызда байқалған ойдым-ойдым қара жерлер еді. Ерте замандағы қыстау орындары ғой. «Баяғыда, орыс пен қытай саудагерлері мұнда келмей тұрғанда, – деді соларды нұсқаған орманшы, – аңшы бабаларымыз өздеріне қажет мылтық оғының дәрісін 40-50 жылдық ескі қой қоралары астынан алатын бол­ған. «Қалай?» дейсіздер ғой. Өзіміз қыста отқа жағып жүрген көң қабаты бар емес пе? Алдымен олар соны қопарады екен. Оны текшелеп, басқа жерге үйген соң соған ұқсас, бірақ көптен бері жиналған сары суға шыланған екінші жер қыртысын аршуға кірісетін болып шықты. Осыдан кейін үшінші кебу қи қабатына жеткенде, оның табанында құмшекер сияқты аппақ тұз ұнтақтары құп-құрғақ күйде жататын болған. Аңшылар, міне, соны өздері білетін әдіспен жинап алып, одан мылтық дәрісін жасаған. Ол ақжол деп аталған.

Хо-о-ш, енді екінші әңгімеме көшейін. Бұл – мына қарсы қапталдағы ақ тасты шоқыға қатысты жайт. Өткен заманда мұнда Атабай атты қырғыз аңшысы өмір сүріпті. Ол мергендігінде шек жоқ өте қырағы адам екен. Міне, сол кісі бір күні Сырт жайлауының теріскейінен үлкен таутекені атып жаралайды. Соны қуа-қуа осы маңайға келгенде ақ бұршақ аралас жаңбыр жауып, құз-қия атаулының бәрі ақша қарға оранғандай болып шыға келеді. Осы мезетте аңшы өзі ізіне түсіп келе жатқан таутекені жақын мүйістен көріп қалады. Жараланып, әбден әлсіреген жануар екі бүйірін соға дамылдап тұр екен. Сол сәтте оны қарауылға алған Атабай алға аттай бермей ме?.. Бірақ қапталдағы ақ тас пен оны жапқан ақ бұршақтан ештеңені ажырата алмай қалған аңшының аяғы оқыстан тайып кетіп, құздан ұшады да кетеді. Сөйтіп, оның беткейдегі әр тасқа бір соғылған денесі етектегі сай табанынан барып шығады. Содан бері мына шоқы Атабайдың ақ тасы аталып кеткен екен».

Осы оқиғаларды айтып бола беріп: «Мі­не, келдік! Анаған қараңыздар!» де­ген Дүйсекеңнің қуанышты үнін естіген біз ­ол нұсқаған жаққа жалт қарадық. Сөйт­сек... Сенейік пе, сенбейік пе?!. Алдымыз­да алып жартас тұр. Ол таудың қыр желкесіне міне орналасыпты. Ғажабы сол, ақ тастан құралған оның қабырғасының ортасы үңірейген тесік. Үлкен ойық. Одан көк зеңгір аспан мөлдірей көрініп тұр. Кәдімгі қақпа.., иә, аспан қақпасы! Немесе көк жүзіне көз тігер табиғат терезесі дерсің мұны. Сонда бұл қай заманда өмірге келген? Және оны кім тесіп жасаған? Адам ба, жоқ әлде табиғаттың өзі ме?

– Бұл жерді ешкім білмейді, – деді орманшы. – Өйткені орналасқан жері өте биік, жүретін жолы да қиын тау сілемі ғой. Суретке жақсылап түсіріп алыңыздар. Себебі елге әлі беймәлім жер болғандықтан, фотосы да газет-журналдарға шыққан емес.

– Солай деңіз. Жартастағы тесік... Анау ойықты айтамыз да. Ол неден пайда болған? Соны білесіз бе?

– Бұл сан жылдар бойғы батыстан соққан жел мен жауынның әсері. Басқа ештеңе де емес. Көріп тұрсыздар, жартас биік тау қыраты үстінде орналасқан. Ол Тянь-Шаньдағы күз бен қыс және көктемнің алғашқы айларында пайда болатын өкпек желдің өтінде тұр. Екпіні адамды ұшырып әкетердей күшке ие ол өзіне кесе көлденең тұрған тас қабырғаны мүжіп, теспегенде қайтеді. Бұл күндер мен айлар және жылдар бойғы әрекет емес. Ғасырға тең уақыттың әсері.

...Таудан төмен түсіп, қайтуға жинал­дық. Ойымыз ояу. Көңіліміз тоқ. Жүзіміз жадыраңқы. Жүрісіміз де ширақ. Бұған себеп о бастағы жоспарымыз жүзеге аспа­ғанымен, оның орнын орманшы жерлесіміз Дүйсенбай Сіләмжанұлының Сырт аймағы туралы бүгінгі айтқан тың да соны деректерге толы әңгімелері мен табиғаттың тосын құбылыстарын көрсеткен жерлерінің әсері. Солар бәрін артығымен толтырғандай. Иә, Таянь-Шаньдағы бір асу, бір аңғар. Оны бойлай аққан бір өзен. Және солар орналасқан бір тау жүлгесі. Осылардың өзінде жоғарыдағыдай қаншама сыр жатыр. Ал Нарынқол атты аруақты аймақтың бұдан басқа Байынқол, Қайшы, Ойқарағай атыраптарында қаншама құпия жатыр десеңізші... Алдағы уақытта Алла енді сол жерлерді көруімізге жазсын дейік.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Райымбек ауданы,

Нарынқол ауылы