Құқық • 25 Мамыр, 2023

Кәсіпкер құқығы: қорғау мен қолдау

373 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде шағын және орта бизнес субьектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру 4 есе қысқарды. Сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарының кәсіпкерлердің банктік шоттарына тыйым салу мәселесі шешілді. Нәтижесінде, егер сот санкциясы болмаса, банктер 10 күннен кейін шектеуді алып тастайды. Бұл туралы бизнесті қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңесте айтылды.

Кәсіпкер құқығы: қорғау мен қолдау

Елімізде бизнесті қорғау саласы түбегейлі жаң­ғырғалы тұр. Бас прокурор Берік Асыловтың сөзінше, қазір мүдделері қозғалған бизнес субъектілеріне аудит қорытындыларымен танысуға және шағым­дану құқығын беру мәселесі заңнамалық тұрғы­да реттелген. Бұған қоса кәсіпкерлерге қатысты салық бұйрықтарын шығарудың және фискалдық органның бақылау-кассалық машиналарды қолдану мәселелері бойынша тексеру жүргізудің, сондай-ақ әкімшілік жаза қолданудың заңсыз тәжірибесі тоқтатылыпты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасымен прокурорлық қадағалау кәсіп­керлердің және инвесторлардың мәселелерін тиімді шешуге бағытталған. Осындай шаралардың бірі – өткен жылы қыркүйектегі форумның нәтижесі бойынша бизнесті қорғау жөніндегі бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспары қабылданды. Онда бизнес өкілдерін мазалайтын өзекті мәселелер қамтылған. Барлығы 44 іс-шара. Яғни салықтық әкімшілендіру мәселелерінен бастап, олардың құқықтарына нұқсан келтіретін кез келген деңгей­дегі актілердің күшін жоюға дейін. Нақты кейстер қамтылған осы іс-қимыл жоспарын іске асыруға 21 мем­лекеттік орган жұмылдырылған», деді Берік Асылов.

Іс-шараға «Атамекен» ұлттық палатасы пре­зидиу­мының төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, Жоғарғы сот, орталық ведомстволар мен министрліктердің басшылары қатысты. Жиында бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов прокуратура органдарымен ынтымақтастықтың тиім­ділігін атап өтті. Бұған қоса мемлекеттік орган­дардың іс-әрекеттері мен шешімдеріндегі олқы­лықтарды тізбектеді.

«2015 жылы шағымдардың жалпы саны шама­мен 175 мың болса, 2022 жылдың 7 айында 70 мың ­ша­ғым түскен. 2022 жылы әділет органдарына мемле­кеттік мекемелердің әрекеті мен әрекетсіздігіне ­бай­ланысты 20 мыңнан аса талап арыз түсті. Бар­лық арыздың 54 пайызы – орталық атқарушы, 38 пайызы жергілікті ат­қарушы органдарға түскен. Бизнес көбінесе мем­лекеттік органдардың тексеруле­ріне, айып­пұл­дарға және мемлекеттік сатып алуға ша­ғым­данады. Тексерулерге тоқталсақ, биылдан бас­тап барлық тәуекелді автоматтандыруға мүм­кіндік беретін жүйенің нормасы күшіне енді. Автоматтандыру болмаған жағдайда мемлекет­тік органдар бақылаудағы субъектілер санының 5%-дан аспайтын мөлшерін тексеруге құқылы. Басқаша айтқанда, биылдан бастап тексерулердің 95%-ын осы цифрлық жүйе анықтауы керек. Бірақ қазір салалық тәуекелдерді басқару жүйесінің басым бөлігі әлі жасалып жатыр. Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бұл жұмысты 2023 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл сұрақ мемлекеттік бақылауды автоматтандыру мәселесін тежейді. Бұл түбегейлі мәселе – егер бәрі автоматтандырылған болса, біз заңсыз тексерулерге қатысты шағымдардың санын едәуір азайтамыз», деді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Сондай-ақ Рустам Жүрсінов бизнеске қатыс­ты әкімшілік өндірістің өсуіне қатысты алаңдау­шылығын білдірді. Оның пайымдауынша, былтыр әр үшінші кәсіпкер құқық бұзушы болған. Өйткені 2015 жылы 253 мың дерек болса, 2022 жылы олардың саны 602 мыңға жеткен.

«2022 жылы бизнес субъектілерінің жалпы саны 1,8 млн болғанын ескерсек, әрбір үшінші кәсіп­кер құқық бұзған. Мемлекеттік реттеу адамдардың өмірі мен денсаулығына, экологияға, құқықтық тәртіп пен адамгершілікке қауіп төнген жағдайда ғана жүргізілуге тиіс», деп ойын түйіндеді бизнес-омбудсмен.

Бас прокурор Берік Асылов кәсіпкерлердің құқы­ғын қорғау жөніндегі уәкілдің сөзінің жаны бар екенін айтып, осы бағытта қордаланған мәсе­лелер бар екенін жасырмады.

«Рас, жергілікті жерлерде әкімшілік кедергілер бар. Бұл проблема сол аймақтағы кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін де өте өзекті. Шын мәнінде, өңірлердегі әкімдіктер, бақылаушы органдар бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасауға тырыспайды. Бірнеше рет кездесу өткіздім. Кәсіп­керлер мен инвесторлар мәселе барын айтады. Уәкілетті органдар, оның ішінде әкімнен бас­тап барлық бөлімшеге дейін кәсіпкерге қалай көмектесуге болатынын ойлап бас қатыр­майды. Барлығы бюджет қаражатын пайдалану есебінен ескі тәсілмен жұмыс істейді. Ал кейбір қалталы азаматтарға тек жер мен инфрақұрылым қажет. Жергілікті әкімдіктер оларға бермейді. «Қай­да барсақ та барлық жер бос емес!» деп жан айқай­ларын жеткізді. Жұмысты жүйелеу керек. Осыған бай­ла­нысты облыс прокурорларына бизнес пен инвесторға тәулік бойы құқықтық кеңес беруді тапсырамын», деді Бас прокурор.

Айта кетейік, қадағалау актілері бойынша 21 мың­­нан астам салық бұйрықтарының және 13 мың атқа­рушылық өндірістің күші жойылған. 1 260 бизнес субъектісі әкімшілік жауапкершіліктен босатылыпты. Ал 150 мемлекеттік кірістер органдары­ның қызметкері мен сот орындаушылар, оның ішінде ­24 басшы жазаланған.

Сондай-ақ наурыз және сәуір айларында құзыр­лы органдардың адал бизнес өкілдеріне тізесін батыруын доғару үшін Бас прокуратураның нара­зылықтары бойынша денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, экология, қаржы, индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрліктеріне 2 мың кәсіпкерге барумен профилактикалық бақылау жүргізу туралы 9 бұйрығының күші жойылған. Бүгінде жалпы 4,5 мыңнан астам заңсыз тексерулер мен бақылаудың өзге де нысандарының жолы кесілген.