Тұрғын үйдің жайы қалай?
Жамбылдағы аудан орталықтары мен Тараз қаласында жыл басынан бері 155,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 698,7 мың шаршы метр (2 564 пәтерлі 45 үй) тұрғын үйдің құрылысы аяқталады екен. Өңірде жаңа массивтер мен шағын аудандар бой көтеріп жатыр. Осының ішінде облыс жастарын үймен қамту мақсатында «Әулиеата жастары» атты өңірлік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама аясында былтыр 40 жас отбасына жалпы сомасы 500 млн теңге берілсе, биыл қаралған 2 млрд теңгеге 140 жас үйлі болады. Өңірде тұрғын үй мәселесі тек бюджет қаражаты есебінен емес, «Асар» игі дәстүрі шеңберінде шешіліп жатқанына бірнеше жылға жуықтаған. Мәселен, жоба басталғалы асарлатқан ағайынның көмегімен 338 мұқтаж отбасы баспаналы болса, биыл 105 отбасы қоныстойын тойламақ. Осы жылы 3,3 млрд теңгеге 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді.
Қала, аудан халқын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша биыл 13,6 млрд теңгеге 54 жобаны іске асады. Нәтижесінде, 32 елді мекенге су тартылып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 92 пайыздан 96,5 пайызға дейін артпақ. Қазір өңірдегі 18 елді мекенге табиғи газ тартылып жатса, жыл соңында халықты көгілдір отынмен қамту үлесі 90,2 пайыздан 92 пайызға жетеді деп жоспарланған. Сол секілді автожол саласын дамытуға биыл 24,7 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, бұл сома былтырмен салыстырғанда 8,5 млрд теңгеге артық. Облыс әкімінің айтуынша, биыл қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен өңірдегі экономикалық өсім 103 пайызға жеткен.
– Мемлекет басшысының алға қойып отырған басым міндеттерінің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту десек, осы жылдың төрт айында өңірге 89,1 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 7,4 пайызға өсті. Жалпы, биыл Жамбыл облысына 572 млрд теңге инвестиция тарту көзделді. Сонымен қатар биыл 85,4 млрд теңгеге 491 жұмыс орнын құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтіліп отыр. Ал 2025 жылға дейін 1 трлн 900 млрд теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ жуырда ғана Жамбылда өткен «Zheif-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумында 5 ірі компаниямен 700 млн долларға, 12 компаниямен 96,5 млн долларға келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Форум шеңберінде екі кәсіпорын, бір демалыс орталығы өз жұмысын бастаса, бір зауыттың іргетасы қаланды. Бұдан бөлек, бірқатар шетелдік және отандық инвесторлармен кездесіп, электр энергиясы бойынша – 3, инфрақұрылым тарту – 4, жер мәселесі – 5 және газ тарту бойынша 2 жоба оң шешілді, – дейді Н.Нұржігітов.
Өңірдің тағы бір басымдығы күн, жел және су арқылы электр стансаларын салуға әлеуеті өте жоғары. Бұл ретте Президент бастамасымен облыста бірқатар ірі жобалар іске аспақ. Атап айтқанда, франциялық «Total Eren», Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf», қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниялары ауқымды жел электр стансаларын (1 ГВт) салуға ниет білдіріп отыр екен.
«Ауыл аманатының» жемісі
Мемлекет басшысының қолдауымен әзірленіп, 2019 жылы Жамбыл облысында қанатқақты жоба ретінде басталған «Ауыл аманаты» бастамасы өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсеткен. Жобаның тұсауы кесілгелі бюджеттен 18,3 млрд теңге қаралып, 24 ауылдағы 4 мыңға жуық тұрғын кәсібін ашып, қазір нәсібін көріп отыр. Президент тапсырмасымен облыста табысты жүзеге асқан жобаның үлгісі қазір басқа өңірлерге таралып, олар да қолға алып жатқанға ұқсайды.
– Жоба басталғалы облыстағы 24 ауылға 18,3 млрд теңге бөлінсе, осы жылы қосымша тағы 24 млрд теңге қаралды. Осылайша, 26 ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынды несиелендіруді көздеп отырмыз. Яғни тұрғындар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс орындары ашылады. Нәтижесінде, осы жобаға іліккен ауыл тұрғындарының орташа табысы 44 мың теңгеден 135 мың теңгеге артпақ. Біз бағдарлама аясында алдағы 2024-2025 жылдары республикалық бюджет есебінен 45,5 млрд теңгеге қалған 103 ауылдық округтегі 490 мың тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Н.Нұржігітов.
Шаруалардың өрісі кеңейді
Осыдан соң әкім облыстағы жайылым мәселесіне тоқталып, 5 бағытта жұмыс қызу жүріп жатқанын айтты. Облыста босалқы жер қорындағы және қайтарылған жайылымды елді мекендерге бекіту арқылы жайылым 363 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайған. Елді мекеннен 5 шақырымдық радиуста жатқан 49,2 мың гектар жайылым жер елді мекендерге бекітіліпті. Сонымен қатар орман қорының 1 млн 80 мың гектар жеріне малы көп тұрғындардың 245 мың малы жайылады. Шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға 510 мың гектарға меморандум жасалып, игерілмеген 379 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Нәтижесінде, өңір шаруаларына жетпейтін жайылым жердің көлемі 683,6 мың гектардан 164 мың гектарға қысқарған. Биыл жоспарға сай 200 мың гектар игерілмеген, заңсыз берілген жайылымды қайтарып, 69,3 мың гектарды елді мекеннің өрісін кеңейту міндеті тұр.
Облыс әкімдігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құруға» басымдық беріп отыр екен. Мысалы, биыл аймақта 13 мың 400 жұмыс орнын құру жоспарланса, қазір оның 4 486 жұмыс орны ашылған. Сонымен биыл өңірде 54,2 мың адамды жұмыспен қамтуға бас-аяғы 13,5 млрд теңге бөлінген. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе артық.
Интернетсіз ауыл болмайды
Облыс әкімінің баяндамасынан соң тілшілер қауымын қала іргесіндегі алқаптар емес, шалғай ауылдардың жай-күйі алаңдататынын білдік. Сұрақ-жауапта табиғи газ, ағын су, суармалы жердің жайы қаузалды. Орайлы сәтте біз облыстағы шеткі аудандардың, соның ішінде мойынқұмдықтарды алаңдатып отырған интернеттің жайын сұраған едік.
– Мұны біліп отырмыз. Интернет жайына біз ғана емес, өзге өңірлер де алаңдап отыр. Біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге жол картасын әзірледік. Мұнда жергілікті атқарушы орган, яғни біз және кәсіпкерлер (Beeline, kcell, Altel) қандай жұмыс атқаратын жіктеп берейін. Әркім өз жұмысына ықтият. Біз 2025 жылға дейін 367 елді мекенді 4G-мен қамтамасыз етеміз деп бекер айтып отырған жоқпыз. Себебі мұнда әкімдіктің де, компанияның да жауапкершілігі бар. Қазір Мойынқұмдағы Ұланбел ауылында мүлдем байланыс жоқ. Іргелес Сарысу ауданының 4 елді мекенінде де солай. Біз мұны белгіленген мерзімнен кешіктірмей міндетті түрде шешеміз, – деді ол.
Есте болса, елдегі бірнеше өңірде құрғақшылық қысып, ағын судың тапшылығы біраз титықтатқан еді. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Осы ретте біз Н.Нұржігітовтен жауын-шашын мөлшері аз түссе, жергілікті әкімдіктің қандай іс-шараларды қолға алатынын сұрадық.
– Біз егістікті суаруға 646 ұңғыма қазуды жоспарладық. Ол су бидай, арпа, көкөніс, жеміс-жидек, тағысын-тағы өнімдерді суаруға арналған. Ал жайылым жайына қатысты бағдарлама осыдан 5-6 жыл бұрын іске асты. Жайылымда ұңғыма қазған шаруа қожалығына, жеке кәсіпкерлерге 80% субсидия төленді. Біздің өңірде жаңылмасам, 3 мыңнан аса шаруа қожалығы ұңғыма қазып, қазір игілігін көріп отыр. Әрине, қуаңшылықта жаңағы біз жоспарлап отырған ұңғымалардың міндетті түрде көмегі болады. Енді 646 ұңғыма жол картасы бойынша 2025 жылға дейін қазылуға тиіс, – деп жауап берді облыс әкімі.