«Жастар» сарайында ұйымдастырылған іс-шарада жастар әлеуетті жұмыс берушілермен әңгімелесіп, кәсібін қалай бастау және жүргізу туралы қажетті ақпаратпен қанықты. Сондай-ақ жан-жақтан жиылған көпшілікке жәрмеңкеде шағын несиелер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, «Жасыл ел» жобасының мүмкіндіктері түсіндірілді. Кездесуге Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры Әсет Көшкінбаев, қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытбек Қабжанов, «Студенттік құрылыс және жастар отрядтарының республикалық қозғалысы» ҚҚ төрағасының орынбасары Асылбек Абдурашитов қатысты.
Алаңда Агрокредиттік корпорация, Кәсіпкерлер палатасы және халықты жұмыспен қамту орталығы өкілдерімен консультациялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ кездесуде «Fortebank» АҚ, Оқу-ағарту министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК, «Банк ЦентрКредит» АҚ Астана қаласындағы филиалы, «Астана Тазалық» ЖШС, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті секілді 16 жұмыс беруші компания болды.
Іс-шарада пайдалы ақпарат алғандардың бірі – 27 жастағы Айдана Сәден. Кәсіпкер көрші Қытай мен Түркиядан аяқкиім жеткізеді. Бизнеспен айналысқанына үш жыл болған ару конкурстық негізде жеңілдікті кредит берілетінін естіп, сол жерде бірден өтініш берді.
«Мен өз бизнесімді кеңейту үшін мемлекеттен 2,5%-бен 5 миллион теңге алдым. Бұл – тамаша мүмкіндік. Бұл қаражатты 5 жыл ішінде қайтарамын. Бизнес ашуды жоспарлап отырған жастарға осы мүмкіндікті пайдалануды ұсынамын. Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге беріледі екен», деді елордалық кәсіпкер.
Бір айта кетерлігі, Айдана секілді мемлекеттің жасап жатқан мүмкіндіктерінен бейхабар жастар әлі де бар. Тіпті кейбіреулері атын естісе де, шартын біле бермеуі ықтимал. Сондықтан мұндай жәрмеңкелерді жиі өткізу маңызды. Астана қаласының жұмыспен қамту орталығының іс-шараны өткізудегі басты мақсаты осы. Яғни мемлекеттік бағдарламалардың тетігін түсіндіріп, ынталы жас кәсіпкерлерге жол ашу. Бұған қоса NEET санатындағы азаматтардың қатарын азайту.
Арнагүл УАТҚАН,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ 3-курс студенті