Бейресми статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, 1959 жылы тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалған Бостандық аралынан бүгінгі күнге дейін екі миллионға жуық адам бостандық іздеп, мемлекетін тастап кетуге мәжбүр болған.
Жуырда Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте ұйымдастырылған бокстан әлем чемпионатына қатысуға келген Куба құрамасының 75 кило салмақтағы өкілі Йоэнлис Эрнандес өз еліне қайтар жолда ұлттық құрама сапынан қашып кеткені белгілі болды. Бұл туралы Куба бокс федерациясының басшылығы өкінішпен хабарлады. Өйткені Эрнандес осы әлем чемпионатында Куба қоржынына жалғыз алтынды салған бірден-бір боксшы.
Бостандық аралының өкілдері дәл осы боксшыға алдағы Париж Олимпиадасында да үлкен сенім артып отырған болатын. Себебі кейінгі екі жылда 25 жастағы Йоэнлис Эрнандеске Кубада да, әлемде де тең келер қарсылас табылмай тұр. Ол 2021 жылы Сербияның Белград қаласында өткен жаһандық додада 75 кило салмақта жеңімпаз атанған еді.
Кейінгі 30 жылдың ішінде Куба боксы тарихындағы ең ірі оқиға 2005 жылы Афина Олимпиадасынан кейін тіркелген болатын. Сол жылы үш дүркін әлем чемпионы (2001, 2003 және 2005 жылдары), 2004 жылы Олимпиада жеңімпазы атанған ауыр салмақтағы Кубаның даңқты боксшысы Одланьер Солис кәсіпқой бокста өнер көрсету үшін АҚШ-қа қашуға мәжбүр болды. 2007 жылы кәсіпқой бокстағы дебюттік жекпе-жегін өткізген Одланьер 2011 жылы толыққанды әлем чемпионы атану мақсатында украиналық Виталий Кличкомен жұдырықтасып, бірінші раундта-ақ нокаутпен жеңіліп қалды. Әуесқой бокста үш дүркін әлем чемпионы атанған боксшыға кәсіпқой бокста әлем чемпионы атану бақыты сол күйі бұйырмай кетті.
Куба боксы тарихындағы кейінгі кәсіпқой боксқа қашу операциясы 2007 жылы тіркелді. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Панамерика ойындары кезінде бокстан 2005 жылғы әлем чемпионы Эрисланди Лара мен Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарын екі реттен ұтып, Әлем кубогінде үш мәрте үздік шыққан Гильермо Ригондо және гандболшы Рафаэль Дакоста Капота АҚШ-қа қашуға әрекет етеді. Бірақ боксшылар жергілікті полицияның қолына түсіп, Кубаға қайтарылды. Алайда келесі жылы аталған Эрисланди Лара қайта тәуекелге бел буды. Бұл жолы Лараның жолы болды. Бірер уақыт Германияда тұрақтады да, көп кешікпей Америкаға аттанды. Ал 2009 жылы Ригондо Мексика арқылы АҚШ-қа қашып, кәсіпқой боксшылардың ісін жүргізетін «Arena Box-Promotion» компаниясымен келісімшартқа отырды. Эрисланди Лара 2008-2022 жылдар аралығында кәсіпқой бокста барлығы 35 кездесу өткізіп, 29 рет жеңіс тойын тойлады. Ал Ригондо 2009 жылдан бүгінге дейін 25 рет шаршы алаңға көтеріліп, 21 айқаста қарсыласын тізе бүктірген.
2018 жылы Куба боксының жарық жұлдыздары саналған аса жеңіл салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы (2015, 2017 жылдары), 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Хоанис Архилагос пен жеңіл салмақтағы Лондон (2012) және Рио (2016) Олимпиадасының жеңімпазы Робейси Рамирес капиталистік билік салтанат құрған мемлекетте тұрғысы келмейтіндерін ашып айтып, жайлы өмір сүру үшін және кәсіпқой бокста өз бақтарын сынап көру мақсатында Мексика арқылы АҚШ асуға тырысып көрген болатын. Олардың бұл талпыныстары «ә» дегеннен сәтті жүзеге асқанымен, АҚШ-қа жеткенше талай «тар жол, тайғақ кешуді» бастарынан өткізуге тура келеді.
Архилагос 2018 жылдың наурыз айында Мексиканың Тихуана қаласында өтіп жатқан Орталық Америка және Кариб теңізі аймағы ойындарының іріктеу сайыстары кезінде кешкі серуенге шығып, сол бойы қонақүйге оралмаған. Ал Тихуана АҚШ-тың Калифорния штатына ең жақын орналасқан қала болатын. Хоанис қазіргі таңда кәсіпқой бокста 10 жекпе-жек өткізіп, соның тоғызында жеңіске жеткен. Тек бір айқасында қарсыласына жол берді.
Осы оқиғадан 3-4 ай өткенде Робейси Рамирес те Куба құрамасының Мексикадағы кезекті оқу-жаттығу жиыны кезінде шекара асып үлгерді. Ең қызығы, екі дүркін Олимпиада чемпионы АҚШ-қа қашу операциясын алты ай бұрын жоспарлап, кейін тағы алты ай Мексикада жасырынып жүруіне тура келеді. Түрлі қулыққа барған оның сыбайластары әр ай сайын боксшының шашын бояп, жасырынған жерін де жиі өзгертіп отырды. Сөйтіп, арадан алты ай өткенде, яғни 2018 жылдың желтоқсан айында Рамирестің табаны АҚШ топырағына тиіп, бүгінде Жәнібек Әлімханұлын өз «қамқорлығына» алған әйгілі «Top Rank» промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырды.
Сондай-ақ былтыр Кубаның тағы бір талантты боксшысы, үш дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы Энди Крус те мол қаржыға кенелу үшін өз елінен қашып, кәсіпқой бокста жұдырықтасу үшін АҚШ асқан болатын. 25 жастағы боксшы шілде айында кәсіби шаршы алаңдағы алғашқы жекпе-жегін өткізуге дайындалып жатыр.