Пікір • 28 Мамыр, 2023

Алты бала мен алтын ана

860 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қай қоғамды алып қарасақ та, анадан ар­дақ­ты, анадан асыл ешкім жоқ. «Сенің анаң – алтын, менің анам – алтын» деп ұдайы аузымызда жүрген, жадымызда жатталған әдепкі әннің сөзімен айтсақ, бәріміздің анамыз алтын екеніне шәк келтіре алмаймыз. Алайда қоғам болған соң әркімнің өзіне лайық қадір-қасиетімен қоса материалдық игіліктермен өлшенетін әлеуметтік мәртебесі де болады.

Алты бала мен алтын ана

Қоғамның басты байлығы бала деп білсек, осы байлығымызды молайтып, ортамызды тол­тырып, ұлт ұпайын түгендеп жүрген алтын құрсақты аналарымыз бар. Қоғамдық құн­ды­лықтардың негізін нығайта түсетін ондай ана­ла­ры­мыздың мәртебесін шын мәнінде алтынмен астас­тырып бекітіп, «Алтын алқамен» марапат­тай­мыз. Бұл атақты алған аналарға көптеген әлеу­мет­тік жеңілдікпен қоса, жәрдемақылар қарас­тырылған. Бұған қоса дәрежесіне қарай «Ана даңқы»­ ордені, «Батыр ана» атағы, «Күміс алқа» сияқ­т­­ы марапат түрлері бар. Жыл өткен сайын мұн­дай деңгейдегі аналарымызға көрсетілетін сый­-құрметтің, қаржылай қолдаудың көлемі артып келеді. Бұл оң үрдіс қай жағынан да орынды. Өйт­кені халық санының артуына стратегиялық ма­ңыз беріліп отырған қазіргі кезде көп балалы ана­ларға қандай құрмет көрсетілсе де, артықтық етпейд­і.

Осы орайда биылдан бастап көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі едәуір артқанын атап өткен жөн. Бұл жәрдемақы бала санына қарай төленеді. Айталық, бюджет қаражатынан ай сайын төрт балаға – 55 304 тең­ге,­ бес балаға – 69 138 теңге, алты балаға – 82 973 тең­ге, жеті балаға – 96 807 теңге, сондай-ақ сегіз және одан көп баласы бар отбасының әр баласына 4 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 13 800 тең­ге көлемінде жәрдемақы беріледі. Сонымен қа­тар жыл басынан бері бала туғанда берілетін бір­реттік төлемнің де көлемі көбейді: бірінші, екін­ші және үшінші баланы туғанда берілетін жәр­демақы 131 100 теңгені құраса, ал төртінші және одан да көп баланы дүниеге әкелгенде 217 350 теңге беріледі.

Алтын құрсақты аналардың мерейін асырып, абыройын тасытатын тағы бір бастама биыл қабылданған Әлеуметтік кодексте де көрініс тапты. Заңды құжаттағы жаңашылдықтың бірі – «Наградталған ана» деген жаңа ұғымның енуі. Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға беріледі. Аталған кодекстің 94-бабы бойынша жеті және одан да көп бала тауып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы 7,4 АЕК-ке дейін өседі. Яғни бұл қатарға «Алтын алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» марапаттары бар аналар жатады. Ал «Күміс алқа» иегерлері 6,4 АЕК көлемінде жәрдемақы алады. Бұл өзгерістер алдымыздағы шілде айынан бастап жүзеге асырыла бастайды.

«Әр баланың өз несібесі бар» дегендей, енді осы молайған жәрдемақы тағайындалатын көп балалы аналардың қатары да көбейе түскені маңызды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда елі­мізде 233 910 марапатталған ана бар. Оның ішін­де «Алтын алқа» иегері – 63 536, «Күміс алқа» иегері – 147 154, «Ана даңқы» орденін ал­ған­дар – 10 145, «Батыр ана» атағы барлар – 13 075.­ Бұл көрсеткішке қарасақ, жоғарыда айтқан Әлеу­меттік кодекстегі жаңашылдыққа сәйкес марапатталған анаға берілетін жәрдемақының ең көбін (7,4 АЕК) жеті және одан көп бала тапқан 86 746 ана алады екен. Ал олардан сәл аздау (6,4 АЕК) алатындардың саны – алты бала тапқан күміс алқалы 147 154 ана. Сонда осы тұстан «алтын» мен «күмістің» арасын бөліп тұрған бір бала және бір АЕК қана екенін аңға­ра­мыз. Бізді ойландырған, ішімізді алай-дүлей ет­кен жайт осы – аражік, бәлкім белгілі бір дең­гей­де алалаушылық деуге де болар. Бір бала табу­дың өзі оңай емес екенін ескерсек, күміс алқа­лылардың алты бала тауып тұрып, 6,4 АЕК алып­ тұрып, арасы бір АЕК-ті ғана құрай­тын «Ал­тын алқаға» ұмтыла қоюы да қиын шы­ғар. Бұл ретте бүгінде бір АЕК-тің көлемі не­бәрі 3 450­ теңге екенін де еске сала кетейік. Тіпті екі ал­қа­ның жәрдемақысының арасалмағы әжеп­тә­уір­ болғанның өзінде «алтын» үшін тағы да жа­нын­ қинағысы келетіндердің табылуы неғай­был сияқ­ты. Осы орайда бір мысал келтіре кет­сек, алты бала тапқан ауылдағы жеңгемізге маңа­йындағылар «Енді бір әуп десең, «Алтын алқа­лы» боласың» дегенде, шамалы жәрдемақы үшін­ өйтіп әупірімдегісі келмейтінін байқатып еді.

Расында, алтын құрсақты аналарды бұ­лай­­ша «алтын» мен «күміске» бөлудің қа­же­ті қаншалықты деген ой келеді. Оларға көр­сетілетін қаржылай қолдаудың бәлендей айыр­ма­шылығы болмаса, алты бала немесе одан көп бала тапқандардың бәріне неге «Алтын алқа» үлес­тірмеске? Оның үстіне қазіргі заманда көп бала табуға ниетті ақ жаулықтылардың қата­ры да азайып барады. Баяғыда он бала табу­ қалыпты жағдай саналса, бүгінде алты бала табудың өзі – үлкен мәртебе. Сондықтан әйелдерге алтын жарасатынын ескеріп, «Кү­міс алқалыларды» да «Алтын алқамен» әспет­те­сек, одан ұпайымыз кеміп қалмас.