Талқыда танылған ер
Сейдәзім Қадырбай – қазақ еліне әлі де беймағлұм есім. Алайда тарих безбенімен қарасақ, Алашқа ерекше қызмет атқарған қадірлі тұлға. Қазақ заң саласының орнығуына тер төккен бірегей маман. Ерлік сыналған талмауыр тұста ел үшін бопсаға шыдаған ер. «Алаш ісімен» сотталып, Воронежде айдауда болған арда азамат. Бөтен ел, бөгде топырақта шейіт кеткен құрбан.
Сейдәзімнің қайраткер ретінде тартысқа түсуі 1916 жылғы дүрбелеңмен тұспа-тұс келді. «25 июнь» жарлығы шығып, қазақтан жұмыскер алатыны елді аласапыран күйге түсірді. Жер-жерде халық көтеріліп, жұрт дүрлігіске ұшырады. Дүйім ел бойсұну мен қарсылық таңдауында сеңдей соғылысты. Осы бір шетін мәселеде Әлихан Бөкейхан бастаған серкелер жалпақ жұртты жарлыққа көнуге шақырды. Алаш жолындағы жөн білетін, жол танитын азаматтар атқа қонды. Аталған топтың басында Сейдәзім де бар еді.
1916 жылдың желтоқсанында «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сейдәзім Қадырбай бірігіп қол қойған үндеу жарияланды. «Торғай һәм Ырғыз уезі халқына» деп атап көрсеткен үндеуден саясаттың аңысын аңдап, астарын пайымдаған азаматтардың жанашыр тілегін түйсінбеу мүмкін емес. «Бұл хатты жазушы біздер – өз балаларың, өз тумаларың, жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туысқандарымыз іштеріңде. Бізді қазақ баласы, қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар: қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар!», деп сөз арнайды Алаш арыстары. Одан әрі: «Бізді орысша оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп ойлайтындарың бізді Құдай мен әруаққа тапсырыңдар! ...Біздің ең соңғы, қысылғандағы ақылымызды алыңыздар! Түбінде іс өткен соң өкінгеннен пайда жоқ. Өлген тірілмейді, өшкен келмейді». Таусыла, құдай мен әруақты алға тарта жазы лған бұл үндеудің әр сөзінде Ахмет, Міржақып, Сейдәзімнің қан жылаған жүрегі, іштегі ащы өксігі, ақ адал перзенттік лебі анық естіледі. Сол тұста тілмаштар мен шолақ шенеуніктер «балаңды тізімге алдыртпаймын» деп пара алып, туған халқын тонап жүргенінде «ең соңғы ақылы мызды алыңдар» деген Алаш көсемдерінің айтқаны жақынның жанашырлығы еді. Әрине, түп астарын аңғартып, салдары мен тақсыретін жетесіне жете түсіндірген көсемсөздер баспасөз бетінде де, топты жиындарда тоқтаусыз айтылып жатты. Алаш арыстарының о бастан ұстанымы да, іс-әрекеті де осы бағытта өрбіді. Тынымсыз әрекет нәтижесіз де емес-ті. Патшаның отты қаруынан аман қалған ауыл аз болған жоқ. Олар да үндеуге тіл қатып, қостап, қуаттап, жалпақ жұртқа басу айтты. Сондай хаттың бірі Торғай уезі бірінші Наурызым болысы ақсақалдарынан келді. 9 адам қол қойған хатта бірінші болып Сейдәзімнің әкесі Құлмағамбет Қадырбайұлының қолы тұрды. Хат соңына ақсақалдар өзі ертіп әкеліп тізімге алдырған 15 жігіттің бірі Әміржан Кәдірбаевтың шағын жазбасы қоса жарияланған. «Торғай уезі, бірінші Наурызым болысынан алынған жігіттер Қостанайдан 19 декабрьде шығып, Поетаев станциясына келдік. Мұнан қайда жіберері мағлұм емес. Еліміз патша жарлығына түсінбей үркіп, шақырған орындарға келмеген соң, біздің аталарымыз Қостанай шаһарына әкеліп беріп еді. Қысымшылық көргеніміз жоқ, аман-есен келе жатырмыз», деп жазады жас жігіт. Осылайша, тұтас қазақ даласына жай отындай тиген 1916 жылғы патша бұйрығы Қадырбай әулетін де шарпымай қалған жоқ. Алайда ауыл ақсақалы Құлмағамбет, баласы Сейдәзім, әулет азаматы Әміржан да ел басына күн туған тарғалаң уақытта жұрт бүтіндігі үшін азаматтық танытты. Жаудың жаласы, дұшпанның күйесінен айналасын, ағайын-туысын арашалады. Жойдасыз қан төгіс, мезгілсіз кісі өлімін болдырмады.
Алаш арыстарының «көну» керек деп, алыстан болжаған бұл жорамалының туралығын уақыт ұғындырып, тарих өзі дәлелдеді. Әсіресе, Жетісудағы көтерілістің аяғы аяусыз жаншуға, қазақ-қырғыз халқының туған топырағын, ата жұртын тастап, Қытайға босып кетуіне әкелді. Тек Жетісу облысында «қазақ пен қырғыздардың 94 ауылы бүліншілікке ұшырап, 5 373 үй өртелген, 1 905 адам өліп, 684 адам жараланған, 1 105 адам тұтқындалып, Жетісу халқының төрттен бірі, яғни 300 мың адам Қытай жеріне босып кеткен».
«Көну керек» деп жарлыққа мойынсал болуға шақырған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары майданға өздері бас болып барып, Львов басқаратын жалпыресейлік Земскі одағы арқылы жігіттердің қал-жайын, ас-суын, тұрмыс-тіршілігін оңдауға қам жасады. Оларға жолбасшылық етті. «Жігіттерге бас-көз болу керек» деген Әлихан Бөкейханның шақыруын қабыл алып, Міржақып Дулатұлы, Мырзағазы Есболұлы бастап, Аспандияр Кенже, Біләл Сүлей, Файзолла Ғалымжан, Елдес Омар, Ғазымбек Бірімжан, Хайретдин Болғанбай, Имам Әлімбек, Ахмет Баржақсы, Телжан Шонанұлы, Тамимдар Сапа, Биахмет Сәрсен, Нәзір Төреқұл, Мұқыш Боштай, Тел Жаманмұрын, Шаһмардан Қапсалам, Мұса Сейдәлі, Ахмет Байқора, Шафхат Бекмұхамедұлы, Мырзахан Төлебай, Базарбай Мәметұлы, Айса Қисық, Мұқаметқазы Шотай, Хасен Бекентай, т.б. азаматтар тыл жігіттеріне қамқорлыққа келді. Жұрт ісінен шет қалмағандар қатарында Әбубәкір Алдияр, Сәдуақас Шалымбек (С. Шалымбек жігіттерді емдеп жүргенде сүзек жұқтырып қайтыс болады) секілді дәрігерлер де бар еді.
Жігіттер жылға жетпей еліне орала бастады. 1916 жылдың қыркүйегінен бастап алынғандар келер жылдың 5 мамырынан Уақытша үкіметтің арнайы қаулысымен елге қайтарылды. Ұлт зиялыларының, оқығандардың шынайы жанашырлығын сезінген, жер көріп, сана көкжиегі кеңейген жұмыскер жігіттер қолдарына берілген еңбекақыдан жырып, оқудағы шәкірттер пайдасына деп, Әлихан Бөкейхан атына стипендия тағайындады. Қапал уезінен 700, Ақтөбе уезінен 94 жігіт 2000 сомдай қаржы топтап, өз бастаушылары арқылы қайтар жолда «Қазақ» басқармасына табыстады. Оны басқа азаматтар да қостап, іліп әкетті. Бұл да қазақ жұртының алмағайып заманда алға басқан, ұйымшылдықтан тапқан пайдасының бір белгісі еді. Сол жылы тар жерде табысып, кең жерде көріскен жолбасшы азаматтар ынтасымен «Еркін дала» атты ұйым да құрылды. Бұл ұйымға Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлымен қатар Сейдәзім Қадырбай да мүшелікке өтті. 1916 жылғы көтеріліс, Міржақып айтқандай, кімнің кім екенін көрсетіп, жанашыр мен жатбауырдың арасын ажыратқан сын болып еді.
Заманның сырын біліп, сынын ұққан
Сейдәзім қайраткер ретінде Уақытша үкімет пен Алашорда билігі тұсында жарқырап көрінді. Осы кезеңде әртүрлі саяси, қоғамдық шаруаға белсене қатысқан оның қабілеті толыса түсті. Ақпан төңкерісі орнап, 2 сәуірде Орынборда өткен Торғай облыстық қазақ сиезінде Сейдәзім Қадырбай көп арасынан 4 кісінің бірі ретінде Мәскеуде өтетін мұсылмандар сиезіне қатысуға ұсынылды. Дәл сол сәуір айының 20-28-і күндері Орынборда Әлихан Бөкейхан төрағалық еткен тағы бір маңызды басқосу – Торғай облыстық қазақ, орыс біріккен мәжілісінде Торғай облыстық атқару комитетінің төрағасы, заңгер Ткаченконың орынбасары болып бекітілді (Атқару комитетінің құрамына Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Нысанғали Бегімбетұлы енді). Бұл жауапты жұмысқа мақұлдануы Торғай облысының комиссары болып бекітілген Ә.Бөкейханның Сейдәзім Қадырбайға артқан зор сенімі еді.
Сейдәзім Құлмағамбетұлы қазақ тарихындағы маңызды оқиға – ІІ жалпы қазақ сиезінде хатшы болып сайланып, Алашорданың үкімет мүшесіне орынбасар, Бүкілресейлік Құрылтай Кеңесі депутаттығына кандидат болып танылды. 1918 жылдары Азамат соғысы өршіп, алмағайып заман туғанда Торғай облыстық әскери кеңесінің мүшесі ретінде Алаш әскерін құру ісіне қатысты. Комучтың Торғай облысындағы өкілі қызметін атқарды.
Әр ұлт ертеңі үшін арпалысқан 1917 жылы «Қазақ» газетінде маңызды үндеу хаттың тағы бірі жарық көрді. Бұл хатта да С.Қадырбайдың қолы қойылған еді. «Қазақ халқына» деп аталған жазба мемлекет басқару түрі анықталатын Бүкілресейлік құрылтай сайлауына орай мал-жан есебін алуды ұйымдастыру мәселесін қозғайды. Ежелден санақ десе үркіп, есеп десе шошынып тұратын жалпақ жұртқа мұны түсіндіру жеңіл соқпады. «Қазақ» газетінің редакция алқасы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Жәнібекұлымен қатар С.Кәдірбай, Е.Омарұлы, Е.Тұрмұхамед, Н.Бегімбетұлдары қол қойған үндеу хатында Алаш арыстары көп талқысына былай деп сөз арнады: «Қазақ өз малыңды өзің құртып, есепті кем берсең ертең Учредительное собраниеде депутаттарың басқа жұртпен қалай дауласады? Маған көп жер бер дегенде не дәлел айтады?... Малыңды-шаруаңды жасырған кем есепті әкеліп көлденең тартса, депутаттарыңның тілі байланбай ма?... Егер қазақ мұны істемесек, кейінгі нәсіл-нәсіптің көз жасына қалғаның». Мемлекет алдындағы үлкен үлестен қағылмау үшін шаруа, мал-жан есебін дұрыс алудың маңызын тарқатқан бұл мақала санаға сілкініс, танымға төңкеріс тудырудың бір ұшқыны еді. Мемлекет құру, ел болу жолында Алаш ардақтылары тынымсыз әрекеттерін тоқтатқан емес. Ал елге арналған маңызды үндеу, қажетті сөздерде ұдайы есімі аталып, қолы көсемдермен қатар қойылатын Сейдәзім Қадырбай заманның сырын біліп, сынын ұққан сұңғыла қайраткер бола білді.
Елдіктің іргетасын бекіткен
Сейдәзім Қадырбайдың есімі қазақ құқық саласының іргетасын бекіту, қазақ тіліндегі алғашқы заңдарды аудару, сондай-ақ сот істерін құрумен тығыз байланысты. Ол – «Қазақ елінің уставын» жазған Барлыбек Сырттанұлы, қазақтан шыққан тұңғыш Дума депутаты, Алашорда министрі Ахмет Бірімжан, тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбай секілді аға буынның ізін жалғаған толқынның арасында шоқтығы биік дарасы. Бұл сапта Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедұлы қатарлы Алаш қозғалысының көрнекті заңғар тұлғалары арасында Сейдәзім Қадырбайдың да есімі құрметпен аталады.
Сейдәзім Қадырбайдың өмір дерегіне үңілсек, тұлғаның еңбек жолы тікелей заң, құқық саласымен қатысты екеніне қанығамыз. 1905 жылдан патша үкіметі құлағанға дейінгі 12 жылда ол Орынбор округтік сотында тілмаш, хатшы қызметтерін атқарады. 1917-1919 жылдары Алаштың мемлекеттік құрылыс істеріне белсене қатысады. Алаш арыстары кеңес үкіметімен ымыраға келіп, мемлекет құру ісіне кіріскен кезеңде де Сейдәзім Қадырбайдың қызмет жолы заң саласынан тысқары болған жоқ. 1920-21 жылдары сот кеңесінің мүшесі болған ол 1921 жылдан 1929 жылдар аралығында Орынборда Қазақ АКСР Заң комиссариатының алқа мүшесі болады, Заң шығару және сот ісін құру бөлімін басқарады. Декрет, заң,е аударады.
Сейдәзім тұлғасына қатысты деректің бір үзігі «Ақ жол» басылымынан кездеседі. Сот қызметкерлерін даярлау жөнінен жазылған «Заң курсы ашылмақ» атты жазбада заң ғылымын қазақша оқыта аларлық маман ретінде Сейдәзімнің есімі аталады. «Курстың мақсаты сот қызметкерлерін жетістіру болса, артық шығынға көз жұмып, қазақ жастарын қазақша оқытқаннан басқасы жоқ», деп пайымдайды автор. Одан әрі осы ойды іске асыруға қажетті алғышарттың бар екенімен сөзін сабақтай түседі: «Бұрын ойға келетін екінші қиыншылық заң курстарында қазақша оқытатын адамдар табылмайды, жетпейді деген еді. Қазір бұлай ойлауға орын жоқ. Қазір жалғыз Орынбордың өзінен ғана заң ілімін қазақша оқытуға жарайтын адамдар табылады. Бұларды атап көрсетуге болады: Боранбайұлы Қанай, Атаниязұлы Мырзағұл, Бекмаханбетұлы Шавқат, Нұрмақұлы Нығмет, Бірімжанұлы Ахмет, Тұрлыханұлы Сәлімгерей, Жанайдарұлы Сейілбек, Кәдірбайұлы Сейдәзім». Автордың аттары аталған тұлғаларға қатысты «Бұлардың көбі жоғары заң ғылымын оқып шыққандар. Осы күнде де Заң комиссариатында ірі қызметтегілер, оқумен де тоқумен де ысылған мамандар» деп оң бағасын беруі мақала жарық көрген мерзіммен (15 қаңтар 1925 жыл) үндескенде дерек құнын арттыра түседі. Тек Сейдәзім тұлғасын ғана емес, Орынборда қызмет атқарған заң саласының маңдайалды мамандарын танытумен дәйектік ауқымын кеңейтеді. Бұл мақаланың дереккөз ретіндегі маңызы алғашқы сот мамандарын оқыту, жетістіру ісінің жүзеге асу барысын аңдатумен де айрықша. Ол төмендегі мәтіннен аңғарылады: «Курс 125 кісілік екен. Мәскеу оның 70 пайызын бізге, 30 пайызын Башқұртстанға лайықтаған. Бұл курс енді кешікпей Орынборда ашылмақ. Заң камиссариаты курсқа алынатын оқушыларды Қазақстан губернияларынан мынадай ретпен бөліп шақырып отыр. Семей губерниясынан – 13 кісі, Ақмола губерниясы – 10, Сырдария – 10, Жетісу – 8, Орынбор – 8, Ақтөбе – 8, Орал – 8, Қостанай – 7, Бөкей – 6, Адай үйезінен – 4, Қарақалпақ облысынан – 4. Барлығы – 88».
Сейдәзім қолтаңбасы қойылған бір материал – «Еңбекшіл қазақ» басылымында жарық көрген «Жел оңынан шықтыға» жауап» мақаласы. Мұхаметжан Бейсенұлының сынына орай жауап қайырған жазбаға С.Қадырбай мен М.Бәйменшеұлы қол қойған. Мақаламен танысқанда С.Қадырбайдың аталған жазбаны Қазақстан Заң комиссариатының жауаптысы ретінде жазғанын жазбай тануға болады. Сондай-ақ осы мақаланың өзінде Қадырбайұлының Қазақстан сот құру бөлімін басқарушы екені дерек ретінде расталып тұр.
Қазіргі қолда бар мәліметтерге сүйенсек, С.Құлмағамбетұлы жеке өзі және ұжым болып бірқатар заңдарды аударған. Оған қоса аударылған заңдарға редактор ретінде өңдеу, түзету енгізген. Мұның өзі Сейдәзім тұлғасына аса үлкен жауапкершілік жүктелгенін айғақтайды. Архив және сирек қолжазбалар қорынан табылған соңғы деректер С.Қадырбайдың 1929 жылға дейін төмендегі заңдарды аудару мен редакциялауға қатысқанын көрсетіп отыр:
- Қылмыс заңы: Барша өзгеріс қосымшаларымен. – 2-бас. /Ауд. С.Кәдірбайұлы. – Қызылорда: Қазмембас, 1925. – 89 б.
- Ақы заңы (1926 жылғы июннің біріне дейін болған өзгеріс, қосымшаларымен) /Қазақшаға аударған: Омарұлы Е., Бабасұлы Д., Дулатұлы М., Кәдірбайұлы С., Нұрымұлы Ғ. – Қызылорда: Қазмембас, 1926. б.
- Жер заңы: (өзгеріс қосымшаларымен) /Қазақшаға аударған: Омарұлы Елдес. Өңдеген Кәдірбайұлы С. – Қызылорда, Ташкент: Қазмембас, 1927. – 82 б.
- Ресей Республикасының тұтқын түзеу заңы /Аударушы: Бәйменұлы Ілияс. Аудармасын басқарушы Кәдірбайұлы Сейдәзім. – Қосымшаларымен түзетіліп 2-бас. – Қызылорда: Қазмембас, 1927 . – 60 б.
- Канн В. А. Егіндік, шабындық жерді теңгеріп бөлу (сұрау, жауап ретімен жазылған) Қазақстан халық комиссарлары кеңесі ағасының орынбасары Құлымбетұлы Ұзақбай жолдастың кітапша тақырыпты пікірі қоса басылды /Қазақшаға аударған: Нұрымұлы Аббас/ Қазақшасын өңдеген: Кәдірбайұлы Сейдәзім. – Қызылорда: Қазмембас, 1927. – 48 б.
- Жер астындағы кен, оны ұқсату тақырыпты жол, малдәрігерлік уставы, вексель туралы жол, тәртіпші соттар туралы жол, аралық комиссарлар туралы жол /Қазақшаға аударған: Нұрымұлы Ғаббас. Аудармасын өңдеген Кәдірбайұлы Сейдәзім. – Қызылорда, Ташкент: Қазмембас, 1927. – 120 б.
- Қылмыс заңы: 1928 ж. 15 майға дейінгі өзгеріс қосымшаларымен /Ауд. С.Кәдірбайұлы. – Қызылорда: Қазбас, 1928. – 63 б.
- Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заң: 1928 ж. 1 сентябрге дейін болған өзгерістер, қосымшалар да кірді /Қазақшаға аударған. А. Нұрымұлы. Өңдеген С.Кәдірбайұлы. – Қызылорда: Қазбас, 1928. – 58 б.
- Соттарда, жер комиссияларында, сот қызметін атқаратын басқа мекемелерде сот алымдары мен айрықша кеңсе алымы қалай алынады? /Қазақшаға аударған. Бүркітұлы Кенжеғұл. Аудармасын өңдеген: Кәдірбайұлы Сейдәзім. Қызылорда: Қаз. Наркомзем, 1929. – 80 б.
Тәржіменің тайпалған жорғасы
Сейдәзімнің қаламгерлік мұрасында аударма еңбектерінің маңызы айрықша. Ол – заңдарды қазақша сөйлеткен алғашқы аудармашының бірі және соған жетекшілік еткен бірегей маман. Бұл реттен тұлғаның құқық саласынан тұңғыш қолданысқа енгізген атау-ұғымдарын зерттеудің мәні зор. Заң терминдері мен атауларына қатысты ой-тұжырымдарды құқық мамандарының құзырына қалдыра отырып, өз тарапымыздан аударманың тілі мен стиліне, тәржіме шеберлігіне қатысты аз-кем ой үстемекпіз. Бұл Сейдәзім мұраларын талдау, құқықтық көзқарастарын айқындау, аудармашылық қабілетін тану мәселесін байытады деген сенімдеміз.
Сейдәзім аудармасына қатысты баспасөз бетінде алғаш пікір білдірген – Міржақып Дулатұлы. 1924 жылы «Ақ жол» газетінде Мадиярдың «Жауыздық низамнамасы» атты сыны жарық көрді. «Жаңа кітап» айдарымен басылған материалда автор «Жауыздық низамнамасын» Сейдәзім Қадырбай аударған «Қылмыс заңымен» салыстыра сөз етеді. «Сейдәзім законның мәнісіне, рухына жақсы түсініп, аудара алатындығын Түркістандағы азаматтардың бірсыпырасы білетін еді. «Қылмыс заңы» Орынборда өткен 1923 жылда басылып та шығып еді. Енді соның бәрінің артынан мынадай «Жауыздық низамнамасы» шығып отыр. Сейдәзімнің кітабымен мұның тәржімесін салыстырып, бұдан Сейдәзімдікі нашар болғанда ғана мұны басу керек еді. Қанша пұл, қанша қағаз, қанша еңбек босқа кетіп отыр», деп сапасыз аударма мен желге ұшқан қаражатқа қынжылады автор. Төменде Міржақып сын тезіне алған «Жауыздық низамнамасы» мен Сейдәзім аударған «Қылмыс заңының» мазмұнын қатар қойып, салыстырып көрсек (1-кесте).
Тұтас заң жинағын емес, тек осы мазмұнды салыстырғанның өзінде Сейдәзімнің аудармашылық шеберлігіне қатысты төмендегідей тұжырымдарды қорытуға болады:
- Сейдәзім аудармаларының тілі жатық және түсінікті. Мысалы, «Жауыздық низамнамасында» адамға күштік ету деп берілсе, С.Қадырбай мұны адамның қара басына күш жұмсау деп ұғынықты аударады. Ал соңғы тараудың атауы «Жауыздық низамнамасында» «Халықтың саушылығын, астананың қауіпсіздігін көпшілік реттерін қорғайтын тәртіптерге қарсы жауыздықтар» деп аталады. Турасын айтсақ, құнттап оқып барып түсінбесе (онда да түсіне алса) мұны бір оқыған адамның мәнісін таба қоюы екіталай. Оның үстіне астана сөзі мүлдем дұрыс қолданылмағандықтан айтпақ ойдан адастырады. Керісінше, «Қылмыс заңында» бұл «Халық денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігін және әлеумет тәртібін қорғайтын ережелерді бұзу» деп аударылған. «Қоғам қауіпсіздігі» мен «астана қауіпсіздігінің» екі басқа ұғым екенін ескерсек, алдыңғы аударманың көңілден шықпайтыны айдан анық.
- Сейдәзім аудармаларында ұғым анық әрі дәл беріледі. Дүдамал, екіұшты ұғымдар кездеспейді. Мысалы, 166-171-бап сәйкес келетін тараудың атауын Құлмағамбетұлы «Әйел мен еркектің жақындасуы хақындағы қылмыстар» деп аударса, «Жауыздық низамнамасында» «Шариғатқа келу турасындағы жауыздықтар» деп тәржімелеген. «Шариғатқа келу» деген сөздің нақты мағынасы не екенін, қандай мәнді аңғартқысы келгенін жеке сөздің өзіне сүйеніп таба қою қиын. Ал заң мұндай екіұштылықты көтермейді.
- Сейдәзім аудармаларындағы тіл тазалығы. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш оқығандарының ту етіп ұстаған ұстанымдарының бірі – тіл тазалығы. «Жауыздық низамнамасында» низам, нама дегендерден бастап есептесек, ғайри, муафық, махкеме, райыс қатарлы араб, парсы сөздері аз емес. Ал Сейдәзім аудармалары мұндай міннен ада.
Жоғарыдағы мысалдарды алға тарта және бір заңның екі аудармасын өзара салыстыра келе біз Сейдәзім Қадырбай аудармалары Дулатұлы күткен межеден көрінеді деген байламға тоқтаймыз. Бір айта кетерлігі, 1926 жылы өзгеріс, толықтыруларымен қайта басылған нұсқасында «Жауыздық низамнамасы» «Қылмыс заңы» деген атаумен жарық көріпті. Бұны Міржақып көтерген мәселенің оң шешім табуы, Сейдәзім із ашқан соқпақтың ұлы даңғылға ұласуы деп ұғынамыз.
Ұшқын Сәйдірахманұлы,
алаштанушы