Денсаулық • 28 Мамыр, 2023

Орны бөлек орталық

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрын 12 оңалту орталығын ашуды тапсырған еді. Осы тапсырмаға сәйкес былтыр Жаркент қаласында мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы есігін ашты. Аталған мекемеде білікті мамандар заманауи техниканың көмегімен ем-дом шараларын жүргізеді. Бүгінде ата-аналар орталық мамандарының қызметіне ризашылығын білдіріп жатыр.

Орны бөлек орталық

Мұнда кешенді медициналық-әлеуметтік, психологиялық-әлеу­­меттік және әлеуметтік-педа­­гогикалық жағынан оңалту жүзе­ге асады. Аталған нысан 1 гектар аумақта орналасқан. Онда 54 қыз­метші еңбек етеді. Мекемеде бір мезгілде 40 мүгедек балаға қызмет көрсетіледі.

Орталық 2 корпустан тұра­ды, оның алғашқысында әрқай­сысы 6 мүгедек балаға арналып жабдықталған 6 жатын жә­­не ойын бөлмесі бар. Екінші ғи­ма­рат балалардың ем-дом қа­был­дауына арналған. Мұнда мүге­дектігі бар балалардың аяқ, қол, тірек мүшелерін емдеп, жат­тықтыратын жабдықтармен қамтамасыз етілген зал, шомылу бассейні, монша, душ, лого­пед, дефектолг, монтессори, сенсор­лық, сылап-уқалау, тұзды шахта, еңбекке баулу бөлмелері мен акт залы бар. Екі корпус арасын 100 метрлік жабық дәліз жалғайды.

«Облыс басшылары ерекше күтімді қажет ететін жасөс­пірімдерге жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екеніне мән беріп, заманауи стандарттарды ескере отырып, бұрын облыс әкімінің резиденциясы болған осы кешенді оңалту орталығына тарту етті. Өңірде мүмкіндігі шектеулі 600-ден аса жасөспірім бар. Олардың бәрін орталықтың қамқорлығына бірден алу мүмкін емес. Сондықтан біз 1,5 жас пен 18 жас аралығындағы 40 жас­өспірімге кезекпен белгі­ленген мерзімге оңалту шараларын жасаймыз», дейді мекеме директоры Гүлназ Қыбраева.

Оңалту орталығы мүгедектігі бар балаларды күнделікті тасы­малдауға қажетті транспорт тау­қы­метін тартып отыр. Қазір мұн­да орталыққа келетін балаларды тасымалдауға арналған бір ғана шағын автобус бар. Онымен бүкіл аудан аумағын аралап, мүгедек балаларды күнделікті тасымалдау мүмкін емес. Сондық­тан кезекті көршілес елді мекен­дердің орналасу жағдайына қа­рай түзуге тура келеді.

Бүгінде Жаркент қаласының шығыс беткейіндегі күрежолдың бойына орналасқан ауылдардағы, қаланың өз басындағы 40 мүгедек жасөс­пірім ем-дом алып жатыр. Олар кешендегі жатын бөл­ме­сіне қимылдау қабілетіне, пси­хо­логиялық жағдайына қа­рай орналастырылады. Оларға орта­­лық­тағы арнайы мамандардан басқа 6 тәрбиеші қызмет етеді. Ба­ла­ларға 5 уақыт тамақ бері­ліп, күні бойы ем шаралары жасалады.

Орталық басшысы Гүлназ Мұқатайқызы «Шіркін, оқитын мүгедектігі бар балаларға осы мекемеде білім алуға жағдай жасалса, тіпті жақсы болар еді», деген арман-тілегін де айтып қалды. Көбіне қашықтан білім алатын оқушыларды сабақ кезінде үйіне не мектепке апарып-алып келу тамақтануы мен ем алу кестесінің бұзылуына әсер ететін көрінеді.

Орталықта мүмкіндігі шек­теу­лі жасөспірімдерге ем шараларын жасайтын 8 кабинет бар. Олардың әрқайсында арнайы мамандар жұмыс істейді. Мысалы, дефектолог Жұлдыз Шүкейітова алдына келген мүгедектігі бар баланың танымдық әрекетін қалыптастырып, сөздік қорын, ойлау қабілетін арттырса, монтессори бөлмесіндегі психолог Нұргүл Қиясбекова баланың еркін ойнап, өз бетімен қимыл-қарекет жасауына жол ашады. Логопед Гүлнұр Арынова баланың тілін жетілдіріп, сөйлеу қабілетін оңалтады. Бақыт Көкеев еңбек етуге баулиды, жаттықтырушы Ердос Балабеков суда жүздіріп, Рүстем Туысбаев арнайы қондырғылар арқылы қимыл-тірек мүшелерін, аяқ, қол буындарын жетілдіру жат­тығуларын жүргізеді.

Иә, туғанынан тағдырдың тауқыметін тартып, әртүрлі дерт­­тің тырнағына ілініп жата­тындар күннен-күнге артып келеді. Өкінішті. Сондықтан қо­ғамда мүмкіндігі шектеулі деп аталатын бұл жандарға, әсіресе балаларға жағдай жасау – міндет. Сол себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында ашылған ме­­кеме балаларды қуантып ке­леді. Енді ел игілігіне қызмет етіп, ба­ла­лардың денсаулығын қа­лып­қа келтіруге сеп болып жатса, құба-құп.

 

Жетісу облысы