Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– Руслан Исмайылұлы, қазір Үкімет «Қазақстанда жасалған» мемлекеттік бағдарламасының жаңа нұсқасын талқылап жатыр. Ірі салалық қауымдастықтың жетекшісі ретінде осы бағдарлама отандық азық-түлік өндірушілердің жергілікті нарықтағы жағдайын жақсартуға қаншалықты септеседі деп ойлайсыз?
– Бағдарлама ең алдымен өз өнімдерімізді жергілікті нарыққа өткізуді жеңілдетуге жағдай жасауға тиіс. Ал бұл Жол картасында қамтылмаған ба? Басты сұрақ – осы! Үкімет: «Бізде нарықтық экономика және ДСҰ-ның еркін сауда туралы нормалары әрекет етеді. Біз араласа алмаймыз, мүмкіндігінше өздеріңіз дамып, осыған бейімделіңіздер» деуден әрі аспай келеді. Ал көрші елдерде жағдай басқа. Нарықты жергілікті азық-түлікпен толтыруға, импортқа тәуелділіктен арылуға, өндірушілерге тікелей субсидия беруге баса назар аударылады.
Өзіңіз білесіз, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының Жол картасын талқылау бүгінде онлайн-форматта өтеді де, шақыртулар отырысқа бір күн қалғанда келеді. Салалық одақтардың өкілдері оған дайындалуға да, қатысуға да үлгермей жатады. Сондықтан бізге салса, өзін ақтайтын жұмыс түріне оралып, осы бағдарламаны талқылау үшін тікелей жұмыс тобын құруды ұсынар едік.
– Отандық құс өндірісі саласының бел ортасында, импорттық өнімдермен бәсекелесу қаншалықты қиын екендігін күнде көріп жүрген адамсыз? Ал оны тұтынатын ел нені біле жүргені жөн?
– Одаққа кіретін біздің отандық кәсіпорындардың өнімі экологиялық тұрғыда таза, біз тауықтың бұлшықетін өсіруге арналған препараттарды, ГТА қолданбаймыз, өнеркәсіптік жағдайда сойылған құсқа салмақ қосу үшін сұйықтықпен инъекция жасамаймыз. Біздің кәсіпорындар құстарын жергілікті бидай дәнімен бағады. Табиғи жемді сатып алу бізге қымбатқа түседі. Сондықтан саудаға шығатын өнімнің өзіндік құнының 70%-ы жемнен тұратындықтан, өнімдеріміз аса арзан емес. Сонымен қатар біз импортқа да тәуелдіміз – орауыштан бастап қайта өңдеу, сақтау жабдықтарының бәрін сатып аламыз. Ал сауда сөрелеріндегі импорттық өнімдер жергілікті өнімдерге қарағанда арзанырақ, алайда оның қаншалықты сапалы әрі табиғи екендігін ешкім тексермейді. Импорттық өнімдердің неліктен арзан болатынын біз білеміз, себебі құс еті су немесе тұзды ерітіндімен толтырылған. Иә, бұл арзанға түседі, бірақ оның 40% судан тұратынын біле отырып, мұндай өнімді өзіңіз сатып алар ма едіңіз?
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасын әзірлеу шеңберінде осындай өнімдердің нарыққа кіруіне тосқауыл қойып, импортпен бәсекелестігімізді теңестіретін іс-шараларды көздеу қажет деп санаймыз.
Өндіріс үшін бастапқы шарттар тең болмағандықтан да бәсекелесу қиын. Ресей мен Беларусьтегі құс өндірушілер тікелей субсидиялар түрінде айтарлықтай қаржылық мемлекеттік қолдауға ие. Бізде бұл мардымсыз немесе мүлдем қарастырылмаған. Осының салдарынан отандық пен импорттық өндірушілердің өзіндік құны әртүрлі болып келеді. Бұл дұрыс емес. Сауда және кеден одағы шеңберінде мемлекеттік субсидиялардың мөлшері бірыңғай болуға тиіс.
– Мәселен, отандық кәсіпорындарға өз өнімдерімен жергілікті сауда желілеріне кіру қиын ба? Өйткені өндірушілердің көпшілігі нарықтағы жағдайға ұдайы шағымданып жүргені?
– Нарыққа кіру қиын емес, бірақ сауда желілермен жұмыс істеу күрделі әрі тиімсіз. Бірақ амалымыз қанша?! Өйткені барлық азық-түлік саудасы 70%-ға дейін ірі сауда желілерінде шоғырланған.
Біздің ойымызша, мемлекеттік органдар өндірушіге қатысты монополиялық жағдайды ритейлдің өз мақсаттары үшін толықтай пайдалануына мүмкіндік беріп отыр. Сауда желілері біздің өнімдерді қымбатқа сатады, ал өндірушілердің бағасы мен сөредегі бағаның айырмашылығы 40-50% немесе одан да көп деңгейге жетеді. Олардың бағаны неліктен шарықтатаныны бізге түсініксіз... Бұдан басқа, біздің тауарлар тобына сауда желілерінің сыйақысы (бонустары) жеткізу көлемінің 5%-ға дейін жетеді, ал біз бонустар мүлдем алынбауы керек деп есептейміз. Сауда сөрелері отандық өндірушілерге алдыңғы қатардан орын бермейді, ал егер өндіруші өнімін бірінші сөрелерге қойғысы келсе, онда ол қосымша сыйақы төлеуі немесе жаңа жеңілдіктер беруі керек. Шарт бойынша жеткізілген өнім үшін төлемді кейінге қалдыру 25 күнге дейін, ал іс жүзінде сауда желілері төлемді әлдеқайда ұзақ мерзімге кешіктіреді, бұл дегеніңіз сауданы жасырын несиелеу деген сөз.
Жалпы, сауда желілері бүгінде елдің азық-түлік нарығында үстемдік құрып тұр. Олар өздеріне ыңғайлы, бірақ отандық өндірушіге тиімсіз ережелер жасап алған. Сауда, әрине, экономиканың қажетті элементі, бірақ өзіндік өндіріс мемлекет үшін маңыздырақ болуы керек. Ішкі өндіріс елдегі тұрақтылықты, сыртқы қауіптерден нақты тәуелсіздікті қалыптастырады, мемлекеттік бюджетті қалыптастырады, жұмыс орындарын құрады. Өзіндік өндірісті барлық табысты елдер дамытуға және қолдауға ұмтылады.
Сондықтан біздің Одақ әрдайым отандық азық-түлік тауарларын өндірушілерді қорғау, сауда желілерінің сыйақылары мен басқа да ретро-бонустар алмай, сөрелерге басымдықпен қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелерін көтерумен келеді.
– Мұның барлығының айтылуында кемістік жоқ, бірақ бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен қаншалықты үйлеседі?
– Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – ұлтты сақтау. Бүгінгі таңда тағамдық жұмыртқа нарығын 100% қамтамасыз етсек те, бағасы жағынан біз ұтылдыратын импорттық өнімдер оңай кіріп жатыр. Иә, біздің өнімнің сапасы жақсырақ, бірақ сатып алушының арзан бағада сатып алу мүмкіндігі болған кезде, ол сапаға қарамайды. Ал желілер болса бағасынан ұту үшін төмен сұрыпты, бірақ арзан өнімдерді сатуға қызығушылық танытады.
Құс еті бойынша біз де елдің қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеміз. Бірақ желілер едәуір арзан, жоғарыда айтып өткендей, Ресей мен Беларусьтен сұйықтықпен толтырылған құс еті әкелінеді. Сонымен қатар біздің нарыққа АҚШ-тан «Буш аяқтары» деп аталатын құс еттері де үлкен көлемде келеді. «Буш аяқтары» импортын азайту туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатынбыз, себебі олардың өнімдері қажетті сапа өлшемдерімен сәйкеспейді. Бірақ біздің еліміз осы аяқтардың белгілі бір көлемін импорттауға АҚШ-тың алдында міндеттеме алған екен, өйткені олар кезінде біздің ДСҰ-ға кіруімізді қолдаған.
– Сіздің ойыңызша, өз еліміздегі құс етіне деген сұранысты өтеп, отандық өнімдерімізді көрші елдерге де экспорттауға қол жеткізу үшін не істеу қажет?
– Ең алдымен – құс өндірушілерді Ресей, Беларусь елдерімен бірдей деңгейде мемлекеттік тұрғыда қолдау қажет. Сондай-ақ отандық жемшөпті сатып алуды субсидиялау керек. Өйткені бұл мемлекеттік қолдауды аса талап ететін іс-шаралардың бірі.
Біз Ауыл шаруашылығы министрлігінде, «Атамекен» ҰКП-да, облыс әкімдіктерінде құс шаруашылығы саласы үшін мемлекеттік дәнді жем қорын құруды көздейтін нормативтік-құқықтық құжат құру туралы мәселелерді жыл сайын көтерумен келеміз. Немесе мұны дәнді жем қорын қалыптастыру үшін өңірлердің Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы жекеше өндірушілер мен фермерлік шаруашылықтардан астықты резервтеу, сатып алу жолдарымен жасауға болады. Бұл бізге де, дәнді өндірушілерге де пайдалы болар еді. Сонда біз құс өнімдерінің бағасын жыл сайын қымбаттатпаған болар едік.
Мемлекет ет және жұмыртқа бағыты үшін отандық асыл тұқымды өнімдерді қалыптастырумен айналысуы керек. Қазір біз шетелден асыл тұқымды қор сатып алатындықтан, бұл да біздің өнімнің өзіндік құнына әсер етеді және азық-түлік қауіпсіздігімізді төмендетеді.
Сондай-ақ шекарадан өткізерде, бөлшек саудада импорттың сапасын бақылауды күшейте түскен жөн. Осылайша, біз отандық өндірістің сапалы өнімі үшін нарықтың үштен біріне дейін босата аламыз.
Сонымен қатар отандық асыл тұқымды құс шаруашылығын дамыту қажет. Бұған дейін айтқанымыздай, біз импортқа тәуелдіміз, оған қоса шетелден әкелінетін балапандармен бірге қауіпті аурулар да жететіні рас. Құс өте нәзік және тәуліктік балапандар үшін ұзақ жол, климаттың өзгеруі өнімділікке кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан біздің климаттық жағдайларға толығымен бейімделетін отандық тұқымдарды, кросттарды жасауымыз керек. Кеңес заманында біздегі «Алатау» деген жұмыртқа басатын тауық түрі, «Арман» ысылдақ үйрегі, отандық «Медеу» үйрегі бүкіл әлемге танымал болды. Өкінішке қарай, кеңестен кейінгі кезеңде біз отандық құс түрлері қорын толығымен жоғалтып алдық, Құс шаруашылығы институты да таратылды. Біз өз тарапымыздан Үкімет алдында Құс шаруашылығы институтын құруды және отандық тұқымдарды қайта дамыту туралы мәселесін бірнеше рет көтердік, бірақ әзірге жауап естілмейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ