Өндіріс орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика жұмысының алғашқы нәтижесі туралы баяндалды. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна қағаз өнімін өндіре алады. Құйылған инвестиция көлемі – 2,5 миллиард теңге. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаны субсидиялауға қаржы бөлінген.
Қағаз өнімдері фабрикасы – көпсалалы «Радуга» компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірі. Жалпы аумағы 37,7 гектар болатын индустриялық кешенде бұған дейін халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік шығаратын бірнеше кәсіпорын ашылған. Қазіргі кезде өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай құрылысы жүріп жатыр.
Президент елімізде «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға және халық тұтынатын тауар түрлерін кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтіп, кәсіпорын басшылығына сәттілік тіледі.