Жерлестеріміз жартылай финалда Гонконг регбишілерінен 27:23 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алған-ды. Бірақ бас жүлде үшін өткен бәсекеде Күншығыс елі өкілдерінің қарқынына төтеп бере алмады – 72:0. 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан регбиден әйелдер арасындағы сары құрлық бәсекесінде Қазақстан құрамасы 5 мәрте топ жарған болса, Жапония құрамасы кешегі жеңісінің арқасында отандастарымызбен теңесіп алды. Ал Қытай мен Гонконг регбишілері бір-бір мәрте алтын тұғырдан көрінген.
Олимпиада бағдарламасына кірмейтін регбидің бұл түрінде (15 адам ойнайтын) әр командада 26 спортшыдан болады. Әр тайм (2) 40 минутқа созылады. Анна Яковлева баптайтын еліміздің регбишілері қазіргі таңда әлем рейтингте 19-орында тұр.