– Қайрат, жеңіс құтты болсын! Бет әлпетің мен көңіл күйіңе қарағанда, бұл жекпе-жекте жеңіске жету саған айтарлықтай қиындық туғызбаған секілді ғой.
– Негізі Рис Макларен де осал спортшы емес. Ол ONE FC рейтингінде төртінші орында тұр. Осыдан төрт жыл бұрын екеуміз Токиода «төбелескен» едік. Ол кезде мен ұпай санымен жеңдім. Бұл жолы да дәл солай болды. Бәсеке аяқталғаннан кейін Рис: «Осы жарысқа мен тыңғылықты даярланған едім. Тіпті таңның атысынан күннің батысына дейін жаттықтым десе де болады. Осы айқаста қалай да сені жеңуді мақсат тұттым. Бірақ қанша күш салсам да, көздеген мақсатыма қол жеткізе алмадым. Мойындаймын, сен менен әлдеқайда мықты екенсің», деп ағынан жарылды. Қарсыласымның осы бір ауыз сөзі көңілімді кәдімгідей марқайтып тастады.
– Бұл жеңіс саған не берді? Енді титулдық айқасқа шығасың ба?
– Иә, ендігі мақсатым – Деметриус Джонсонды жеңіп, аталған промоушеннің чемпиондық белбеуін иелену. Әрине, бұл жоспарды жүзеге асыру оңай болмайды. «Күшті тышқан» деген жанама есіммен октагонға шығып жүрген америкалық файтер кезінде UFC чемпионы болып қана қоймай, көптеген рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Аса жеңіл салмақтағы Джонсон өз атағын 11 мәрте сәтті қорғап, сол ұйымның ең белді спортшысына айналды. Тіпті оны «тірі аңыз» десек те ешкім дауласа қоймайды. Деметриус сынды мықтыны жеңу былай тұрсын, онымен тең дәрежеде айқасудың өзі көптеген файтер үшін асқақ арман. Бірақ мен бұл жекпе-жекке әзірмін. «Тышқанды» тізе бүктіру үшін айқас алаңында еш аянып қалмаймын.
– Көпшілік үшін Деметриус Джонсонның сингапурлық ұйымға келуінің өзі түсініксіз жайт. Қанша дегенмен ол әлемнің ең белді промоушені – UFC-дің шоқжұлдызы еді ғой.
– Оған еш таңдануға болмайды. Бүгінгі таңда ONE FC керемет қарқынмен дамып келеді. Қазір бұл ұйым әлемде екінші орында. Әрбір жарысы үлкен шоуға айналып, спорт кешендерінде ине шаншар орын болмайды. Оны бүкіл Азия, күллі әлем қызыға тамашалайды. Қаражаты да UFC-ден еш кем емес. Ережесі мүлдем бөлек. Тіпті қатал десек те болады. Өйткені бұл жерде жатқан адамды аяқпен және төрттағандаған спортшыны тіземен тебуге рұқсат берілген. Қатысушылар міндетті түрде гидротестен өтеді. Яғни шамадан тыс артық салмақтан арылуға тыйым салынған. Әркім өзінің табиғи салмағында өнер көрсетуге тиіс. Өйткені спорттан кейін де өмір бар. Адамның ағзасы темір емес, тым көп салмақ қуатындар ертеңгі күні соның зардабын шегеді. Денсаулығын құртады. Осының барлығы ONE FC-де ойластырылған. Ешбір ұйымда ондай гидротест жоқ.
Ал Джонсонға келер болсақ, ол UFC-дің барлық мықтыларын оңдырмай сабады. Аталған ұйым басшылығы «Күшті тышқанға» лайықты қарсылас таба алмай әбден әбігерге түсті. Иә, кезінде оның Брэд Пикет (2010 жылы), Доминик Крус (2011) және Генри Сехудо (2018) сынды спортшыларға есе жібергені рас. Бірақ ол төрешілердің шешімімен ғана жеңілді. Ал ONE FC-ге ауысқанда Деметриус өзінің спорттық мансабында алғаш рет нокаутқа түсті. 2021 жылдың көктемінде бразилиялық Адриано Мораес АҚШ-тың аты аңызға айналған файтерін тіземен теуіп, есінен тандырды. Міне, осыдан-ақ іргетасы Сингапурде қаланған промоушеннің деңгейі қандай екенін білуге болады.
– ONE FC-ге бара сала сен бірден чемпиондық белбеу үшін айқастың. Әдетте ортаңқол промоушендердің өзінде чемпиондық атаққа таласу үшін бірнеше бәсеке өткізуге тиістісің. Осы орайда саған осындай айрықша құрмет не үшін көрсетілді?
– Менің ұзақ жылдар бойы Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубының сапында өнер көрсеткенімді жақсы білесіздер. Қалың жұртқа сол ұйымда танылдым. Сингапурлық промоушеннің тарапынан ұсыныс түскенде мен бірден алғашқы жекпе-жегімде чемпиондық тәж үшін таласамын деген талап қойдым. Олай болмаған жағдайда бас тартуға бекіндім. Өйткені ол кезге дейін мен бірде-бір рет жеңілген емес едім. Біраз уақыт ойлана-толғана келе олар келісім берді. Сөйтіп, мен 2015 жылдың 21 қарашасында Бейжіңде өткен жарыстың басты жекпе-жегінде өнер көрсету құқығына ие болдым.
– Бейжіңдегі жарыста сен бразилиялық Адриано Мораесті жеңіп, алтын белбеуді иелендің. Сол кезде қандай сезімде болдың?
– Сөз орайы келгенде, Қытайда оқитын қазақ студенттеріне зор алғысымды білдіргім келеді. Олар спорт кешенін лық толтырып, барынша қолдау көрсетті. Бұл жағдай мені ерекше рухтандырды. Бес раундқа созылған сайыста Мораесті ұпай санымен ұтып, чемпиондық тәжге қол жеткіздім. Сол кезде қуаныштан төбем көкке екі елі ғана жетпеді.
– Әлемдегі ең белді ұйымдардың бірінің чемпиондық белбеуін таққаннан кейін материалдық тұрғыдан да жағдайың жақсарған шығар. Құпия болмаса, қанша қаражат алдың?
– Сол күнге дейін мен тиын-тебенге жұдырықтасып жүргенмін. Сондықтан сол уақытта ONE FC-дің маған берген сыйақысы көп ақша болып көрінді. Қазір ойлап отырсам, олай емес екен. Тым аз гонорар алған екенмін. Барлығы да өзіміздің білімсіздігіміздің кесірі. Ол кезде не менеджерім, не промоутерім жоқ. ONE FC-ден келсімшарт келген бетте құжатты ағылшынша білетін бір досыма оқыттым. Ол бір шолып өтті де, бәрі дұрыс деді. Мен қол қойдым. Сөйтіп, болар-болмас сыйақы алдым.
– Араға екі жыл салып, Макаода өткен жарыста дәл сол Адриано Мораестен жеңіліп, чемпиондық атақтан айырылдың. Сол жекпе-жекте не жетпеді деп ойлайсың?
– Отбасылық жағдайыма байланысты бір жарым жылдай үлкен спорттан қол үзіп қалдым. Сырқаттанған ұлымды емдету үшін бірнеше ай бойы отбасыммен бірге Таиландта тұруыма тура келді. Сол жақта ем-дом қабылдадық. Кезекті жарыстың өтуіне төрт-бес ай қалғанда ғана жаттығу залына бас сұқтым. Дұрыс даярлықтың болмауы салдарынан жеңіліс таптым.
– Сол күнге дейін 23 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жеткен едің. Алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татқанда қандай күйде болдың?
– Алғашында қатты күйіндім. Бірақ халықтың қолдауының арқасында еңсе тіктеп, қайта қатарға қосылдым.
– Шердогіңе қарасақ, күні бүгінге дейін 32 кездесу өткізіп, 30-да жеңіске жеткен екенсің. 18 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтадың. Бұл – өте тамаша көрсеткіш! Осы цифрларға қарап, көңілің марқаятын шығар?
– Мен рекордыма емес, осы күнге дейін осындай биік дәрежеде жүргеніме, өзімді әлемге таныта біліп, кіл мықтылармен күш сынасып, елімнің туын биікте желбіреткеніме қуанамын. Бұл жағдай менің бойыма қуат, жүрегіме жылу береді.
– Әр жеңісіңнен кейін «Қара жорға» билеуді жақсы бір дәстүрге айналдырып, қалың көрерменнің көңілін таптың. Бұл өзіңнің бастамаң ба, әлде басқа біреулер осындай ой тастады ма?
– Бұл идея «Алаш Прайдта» жүрген кезімде ойға келді. Бала кезімнен бірге өскен досым Қуат «Найман» Хамитов Тито Ортис есімді спортшыға қатты еліктеді. Содан ол әр жекпе-жекке күрекпен шығып, жеңген кезде қарсыласын «көміп тастауды» әдетке айналдырды. Маған да бір «фишка» табу керек болды. Содан мен қазақи киіммен шығып, «Қара жорға» билеуді жөн көрдім. Бұл әрекетімді жанкүйерлер жылы қабылдады. Сол кезден бері менің «фишкам» – «Қара жорға».
– Әңгімеңе көп рахмет, Қайрат. «Күшті тышқанды» жеңіп, ONE FC-дің чемпиондық белбеуін иеленуіңе тілектеспін.
– Сізге де көп рахмет. «Egemen Qazaqstan»-ның оқырмандары әрдайым көп болсын!
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»