Сонымен қатар Марк Кавендиш «Джиро д’Италия» тарихындағы тағы бір рекордты жаңартты. Яғни британиялық велошабандоздың ең бірінші және соңғы жеңісінің арасын тұп-тура 15 жыл 15 күн бөліп тұр. Ол Италия гранд-турында алғаш рет 2008 жылдың 13 мамырында жеңіске жеткен болса, соңғы мәрте 2023 жылдың 29 мамырында дара шықты. Бұған дейінгі рекорд италиялық Джино Барталиге тиесілі болатын. Оның бірінші және соңғы жеңісінің арасы – 15 жыл 9 күн.
Апеннин түбегіндегі сәні мен салтанаты жарасқан ең көне шаһардың бірі саналатын Римнің орталық көшелерінде ұйымдастырылған жарыстың 21-кезеңде «Астана» өкілі алдына жан салған жоқ. 126 шақырымға созылған соңғы кезеңдегі спринтерлер жарысында Марк мәре сызығын 2 сағат 48 минут 26 секунд ішінде кесіп өтіп, жалпы 17-мәрте кезең жеңімпазы атанды.
Ұлыбританиялық велошабандоз бұл кезеңде ұзақ уақыт бойы қалың топтың арасында жүріп, бар күшін соңғы шақырымдағы спринтерлердің сайысына сақтап отырды. Сөйтіп, мәреге санаулы метрлер қалғанда Кавендиш қалың топпен бірге шабуылға шығып, ақыр соңында бәрін шаң қаптырып кетті. Кейінгі екі орынға Люксембург өкілі Алекс Кирш («Trek-Segafredo») пен италиялық Филиппо Фиорелли («Green Project – Bardiani-CSF») ие болды.
106 мәрте ұйымдастырылған «Джиро д’Италия» жарысының биылғы маусымында 33 жастағы словениялық велошабандоз Примож Роглич («Jumbo – Visma») топ жарды. Оның уақыт көрсеткіші – 85 сағат 29 минут 2 секунд. Екінші орынды 2018 жылғы «Тур де Франс» жарысының жеңімпазы 37 жастағы ұлыбританиялық Герайнт Томас («INEOS Grenadiers») иеленсе, үздік үштікті португалиялық Джоау Альмейда («UAE Team Emirates») түйіндеді.
Жекелей аталымдағы жеңімпаздарға тоқталар болсақ, 22 жастағы италиялық Джонатан Милан («Bahrain Victorious») 217 ұпаймен спринтерлер сайысында үздік шықса, 101 ұпайы бар Марк Кавендиш төртінші орынға тұрақтады. «Groupama – FDJ» командасының франциялық өкілі Тибо Пинот таулы кезеңнің королі атанса, жас велошабандоздар арасында португалиялық Джоау Альмейда («UAE Team Emirates») үздік шықты. Ал командалық сайыста Бахрейннің «Bahrain Victorious» командасы бас жүлдеге ие болды. Олардың уақыт көрсеткіші – 256 сағат 21 минут 18 секунд. Көшбасшыдан 1 сағат 31 минут 44 секундқа қалып қойған «Астана» командасы жалпы есепте жетінші орынды қанағат тұтты.