Балтық жағалауы өкілдерінің бұл додадағы табысы кездейсоқ емес. Әлем чемпионаттарының тарихына көз жүгіртер болсақ, кейінгі 10 жылда Латвия құрамасы элиталы кезеңде тұрақты өнер көрсетіп келеді. Ал тұрақтылық қашанда нәтиже беретіні белгілі. Латвиялықтар осыдан бес жыл бұрын да Даниядағы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығып, тек ширек финалда Швециядан жеңіліп қалған-ды. Арада бес жыл өткенде жеребе Швеция мен Латвия хоккейшілерін тағы да ширек финалда кездестіріп, бұл жолы Латвия құрамасы есе қайтарды.
Топтық кезеңде Қазақстанмен бірге В тобында бақ сынаған Латвия құрамасы жоспарланған жеті ойынның бесеуінде жеңіс туын желбіретіп, үшінші орынмен чемпионаттың плей-офф кезеңіне жолдама алды. Алғашқы екі турда олар болашақ әлем чемпионы Канада (6:0) және Словакияға (2:1) жол берсе, кейінгі бес матчта Чехия (4:3), Норвегия (2:1), Словения (3:2), Қазақстан (7:0) және Швейцарияны (4:3) қапы қалдырды. Ал ширек финалда Швецияны 3:1 есебімен сүріндірсе, жартылай финалда тағы да Канада құрамасына жол беріп (4:2), үшінші орын үшін ойнау мүмкіндігіне ие болды.
Қола жүлде үшін болған матчта Латвия ойыншылары мұзайдында бір сәтке де аянып қалған жоқ. Нәтижесінде, мұхиттың арғы бетінен келген құраманы овертаймда жеңіп (4:3), тұңғыш рет әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Жартылай финалда АҚШ-тан басым түсіп, өз тарихында үшінші мәрте финалға шыққан Германия құрамасы бұл жолы да бас жүлдеге бір қадам қалғанда сүрінді. Немістер 1930 жылғы алғашқы финалында Канадаға жол берген болса, 1953 жылғы бәсекеде Швециядан айласын асыра алмады. Ал үшінші мүмкіндігінде тағы да Канада құрамасының мықтылығын мойындауға мәжбүр болды. Ал 1920 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чемпионатында Канада хоккейшілері осымен 28-мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, жеңіске жету жағынан әлем біріншілігінің рекордын орнатты. Сонымен қатар канадалықтар 16 мәрте күміс жүлдегер атанса, 9 рет қола жүлдені қанжығаларына байлағанын айта кеткен жөн.
Енді шайбалы хоккейден келесі жылғы әлем чемпионаты 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острова қалаларында өтеді. Ғалым Мәмбетәлиев жетекшілік ететін Қазақстан құрамасы биылғы біріншілікте В тобында – алтыншы, ал жалпыкомандалық есепте 11-орынды иеленіп, келесі жылы да элиталы кезеңде ойнау мүмкіндігін сақтап қалды.
Сонымен қатар Финляндия мен Латвиядағы әлем чемпионатының аясында Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының кезекті жиыны өтіп, 2027 жылғы чемпионатты қабылдайтын елді анықтады. Төрт жылдан кейінгі доданы өткізуге Қазақстан мен Германия қатар таласып, дауыс беру нәтижесінде көпшілік қолдауына ие болған Германия жеңіске жетті. Сөйтіп, 2027 жылғы біріншілік Германияда ұйымдастырылатын болды.