Музей • 29 Мамыр, 2023

Шоқан музейі қайта жаңғырады

499 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жетісуға келген сапарында туризм саласына қатысты мәселелерді тізбектей келіп, Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейіне арнайы тоқталған еді. Ескірген нысанның жөндеу көрмегеніне бірнеше жыл болған. Енді ұлы ғалым атындағы шаңырақ жаңғыртылып, кетеуі кеткен кесенесі жөнделеді.

Шоқан музейі қайта жаңғырады

Біз атал­­ған музейдің жа­йына­ былтыр үңіліп, жөндеу жұ­­мыстарын күтіп тұрғанын жазғанбыз. Жетісу облысының бюджеті биыл ғана бекіді. Енді құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 338 млн теңге қа­рас­­тырылған. Кербұлақ ауда­нына жұмыс сапарымен бар­ған өңір басшысы Бейбіт Исабаев тұрғындар мен музей­ қызметкерлеріне ғалымның ғи­мараты қайта түлейтінін айтып, ақжарма жаңалықпен бөлісті. Сондай-ақ осы нысандардағы жөн­деу жұмыстарының қалай жүргізілетіні жөніндегі мә­се­­лені мердігер мекеме өкіл­дерімен талқылады

Көпке аян, қанша жыл өтсе де қазақтың аяулы перзентіне деген елдің құрметі азайған емес. Ежелгі дәуірмен еншілес еңбектерін терең тани түсуге деген құлшыныс қоғамда артпаса, кеміген жоқ. Былтыр ел Президенті Жетісу облысына келген сапарында «Біз Шоқанды әлемдік деңгейде дәріптеуіміз керек» деп, ұлылар жатқан тарихи орындарды ұрпаққа үнемі таныс­тыру керектігін айтқаны көптің назарын шоқантануға қайта бір мәрте аударды деуге болады. Содан бері мемориалды музейде қарбалас тіршілік басталып, мұражай жанындағы ғылыми-мәдени орталықты жөндеу жұ­мыс­тары қолға алынған.

Иә, 90-жылдардың то­қы­­­ра­уында қараусыз қалған ғи­ма­рат әбден тозып, қираудың алдында тұрды. Оған дейін Ш.Уәлиханов еңбегін зерделеуге келген ғалымдардың орналасуы­на мүмкіндік беретін қонақүй, конференция залы, асханасы жұмыс істеген ны­санға қайтадан көңіл бөліне бастағанына ауыл тұрғындары дән риза.

Кербұлақ ауданында алдымен Шоқан жерленген жерге тоқтап, ғалымның рухына Құран бағыштаған облыс басшысы осы орынның маңайын, қоршауын ретке келтіру мен музейдің жөнделу жайы, ес­керт­кіш реставрациясының қалай жүргізілетіні туралы «Қазреставрация» РМК ма­ман­­дармен егжей-тегжейлі тал­қылады. Ағартушы ғалым­ның мүсінін реставрациялауда бұрынғы қалпы сақталатын бола­­ды және ескерткіш темір ілгек­термен мықты етіп отыр­­­ғызылады. Тас мүсіннің маңайы да жаңғыртылады. Осы орайда облыс басшысы ескерткіш айналасына бұрыннан төселген, әлі күнге сыны кетпеген қымбат әрі төзімді материалдарды бұзғаннан гөрі, солардың өзін тазалап, өңдеп ретке келтіру жағын да қарастыру керектігін ескертті.

Музейдің ішін де заман талабына сай жаңғырту қажет. Осы орайда сенсорлы лед экран қою мүмкіндігі қарастырылып, картиналарды тақырыптық үйлесімде ретке келтіру, жәді­герлерді сақтаудың барлық қа­жеттіліктерін қамту да ойластырылады. Қазір музейдің шағын кинозалы мәжіліс өткізілетін орын ретінде пайдаланылып отыр. Облыс басшысы бұл залды әрі кинозал, әрі мәжіліс залы ретінде қатар қолдана алатындай етіп жасақтау қажеттігін айтты. Өйткені туристерге Шоқанның өмірі мен еңбегі туралы бейнефильмдер көрсетудің де маңызы зор. Бейбіт Исабаев әсіресе музейдің жылу жүйесін ретке келтіруге баса назар аударуды тапсырды. Музей директорының айтуынша, нысан ішінде қыста температура +12 градустан аспайды.

«Шоқан музейі – әрі тари­хи мұрамыз, әрі туристік жағынан тартымды нысан. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін бол­ғандықтан, бұл кешенді жан-жақты жаңғыртуға күш салуы­мыз керек. Қыста музейдің ішінде тұрақты температура болуы қажет, онсыз жәдігерлерді сақтау қиын. Сондықтан жылуды еден арқылы жіберудің мүмкіндігі қалай болады, сол жағын бірлесіп, қарастырып көрейік», деді Б.Исабаев.

Жалпы, музейге 2013 жылы күр­делі жөндеу, 2019 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір музей жа­­нын­дағы бірнеше жыл қарау­сыз бос тұрған ғимарат өт­кен жылдан бері мәдени-ғылыми орталық ретінде қайта жаңғыртудан өткі­зі­ліп жатыр. Болашақта бұл нысан осы музейге қарасты ғы­лыми конференциялар, түрлі маз­мұн­ды басқосулар өтетін рухани орда болады деп күтілуде..

 Өңір әкімінің баспасөз қыз­ме­тінің мәліметінше, Шан­ханай ауылы арқылы Ш.Уәлиханов кесенесіне дейінгі жолды орташа жөн­деуге осы жылы бюджеттен­ 278 млн 674 мың теңге қара­жат бөлініп, мердігер «Жетісу­жол құрылыс» ЖШС жөн­деу жұмыстарын биылғы 15 сәуірде бастап кеткен.

 

Жетісу облысы