Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өткен ғасырдың 1920-1930 жылдары өндіріс алаңдарындағы ауыр жұмыстың зардаптарынан қаншама адамның қазаға ұшырағанын зерттемей келеміз. Сол бір ауыр жылдары Алаш зиялылары итжеккенге айдалып, психологиялық қыспаққа ұшырады. Зиялылардың бір тобы ауыр еңбекке жегілді. Олардың көбі туған жеріне оралмай жат жердің топырағында қалды. Сол уақыттары қалыптасқан саяси ахуалдың ауыр салмағы тек зиялыларды ғана емес, тұтастай бір халықты жаныштап өтті. Бүгін біз осы тақырыптың бір мысалына тоқталуды жөн көрдік.
Ақ теңізді Балтық теңізімен байланыстыру қажеттілігі туралы мәселе 1917 жылдың қазанына дейін «жоғарғы жақта» бірнеше рет талқыланады. Алайда патша министрлері оның қымбаттығын айтып, құрылыстың басталуын кейінге шегереді. 1931 жылы 18 ақпанда КСРО Еңбек және қорғаныс кеңесі Ақ теңіз –Балтық су жолын салу туралы түпкілікті шешім қабылдайды. Ал бұл канал елді индустрияландыру үшін аса қажет еді. Ол кезде каналдың құрылысына кететін шығындар мәселесі соншалықты өткір тұрмаған. Партия мен үкімет ойға алған каналдың құрылысын жүргізуді ОГПУ органдарына тапсырады. ОГПУ басшысы Генрих Ягода оны қысқа мерзімде тапсыруға уәде береді. Алға қойған мақсатқа жету үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жүз мыңдаған тұтқын құрылыс алаңына айдалып, олар жедел үнемдеу режімінде жұмысқа кіріседі. Бұл құрылысқа Қазақстаннан да бірнеше жүздеген адам қатысады.
Күзет қызметкерлері мемлекеттің әрбір тиынын үнемдеуді желеу етіп, жұмысшыларды, киім-кешекпен, жұмыс құрал-жабдықтарымен, тіпті жеке заттармен қамтамасыз етуден бас тартады. Сол кездері бұл суық аймақта аяқтарына жеңіл туфли киген сылқым әйелдер мен сандал сүйреткен ерлерді жиі көруге болатын. Жұмысқа жегілгендер тоң боп қатып қалған жерлерді жалаңаш қолдарымен қазуға мәжбүрленеді. Бейшаралардың қолдарында басқа құрал-жабдықтары болмайды, олар қамауға алынған кезде киген киімімен жұмыс істеп, аман қалуға тырысып бағады. Олардың бар байлығы алюминийден жасалған тостаған мен қалайы қасықтар ғана болған. Кейбірінде ол да болмаған. Сондықтан жазасын өтеуші бақытсыз жандарға түрме быламығы тікелей бас киімдеріне немесе тас төбелеріне құйылып берілген. Бұл – бір қасық асқа жарымаған адамдар үшін нағыз қорлық еді. Ақ теңіз жұмысшыларының арасында өлім-жітім өте жоғары болып, қайтыс болған адамдар бірден жаңа тұтқындармен алмастырылып отырған.
Тозақ қамытындағы адамдардың тырнағымен қазылған «Беломорканал» белгіленген уақытынан ерте пайдалануға берілген. Тұтқындар 227 шақырымдық су арнасын небәрі 20 айда қазып бітірген. Мұндай рекордтық уақытта субполярлық ендікте жаңа су артериясын жүргізу жанкештілік деп атауға болады. Өйткені Мысырдағы жалпы ұзындығы 160 шақырымды құрайтын Суэц каналы 10 жыл салынған болатын. Канал құрылысы аяқталғаннан кейін, ОГПУ қызметкерлері бұл туралы бүкіл әлемге жариялауға асығады. Осы мақсатта кеңестік жазушылардың бір тобы Ақ теңіз каналын көзбен көруге экскурсия жасауға шақырылады. Олардың арасында пролетариат жазушысы Максим Горький, Алексей Толстой, Михаил Зощенко сияқты қаламгерлер болады. ОГПУ қызметкерлері жазушылар сапарына жан-жақты дайындалады. Кеңес жазушысы Александр Авдеенко бұл сапарды кейінірек былайша еске түсіреді: «Кешке автобус бізді Ленинград стансасына алып келді. Перронға түрлі бояулармен сырланып, лакпен жылтыратылған және айналы терезелері бар жұмсақ вагондардан тұратын арнайы құрама қойылды. Кім қалай қаласа, солай таңдаған жерлеріне отырды. Чекистердің қонағы болған сәттен бастап бізге толық коммунизм орнағандай болды. Қалауымызша тамақ берілді, ол үшін ақы төлемедік. Ысталған шұжықтар, ірімшіктер, уылдырық та берілді. Жеміс-жидек, шоколад, түрлі шарап пен қымбат коньяктар қалауымызша құйылды. Бұл жағдай аштық жайлаған жылдары болып жатты...».
ОГПУ қызметкерлеріне бөлінген барлық қаражат ақталуы керек болды. Ақ теңіз каналына ұмытылмас сапардан кейін бірнеше ай өткен соң «Сталин атындағы Ақ теңіз – Балтық арнасы: құрылыс тарихы, 1931-1934 жылдар» атты әдеби жинақ жарық көреді. Бұл әйгілі кітаптың 1934 жылғы ақпандағы шығарылымы партияның XVII съезіне арналды. Ол кейіннен «Атылғандардың съезі» деп аталды. Бір қызығы, әдеби басылымның тағдыры оның депутаттарының тағдырымен үндестік тауып жатты. Бастапқыда оның болашақ тағдыры туралы ешкім ойланбады. Ұжымдық монографияның редакторлары Максим Горький, Семён Фирин, Леопольд Авербах болды. Пролетариат жазушысы Максим Горький кітап туралы жағымды ой қозғады.
Сол жылдары атақты ақын Мағжан Жұмабаев осы Беломор каналы құрылысында болған еді. Оның Максим Горькиймен кездесуі де осы сапарда болды-ау деп топшылаймыз. Осы таныстықтан соң, Зылиха шешеміз жазушыға оның әйелі арқылы хат жазған сияқты...
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
журналист