Жалпы, әлемдегі жағдайға қарайтын болсақ, ШОБ-тың жаһандық ықпалы орасан. Әлемдегі барлық кәсіпорындардың 90%-ы микро, шағын және орта кәсіпкерлікке тиесілі (МШОБ). Олар жұмыс орындарының 70%-ын қамтамасыз етеді. Ал ІЖӨ-дегі үлесі – 50%. Осылайша, МШОБ экономиканы қалпына келтіруде маңызды рөл ойнайды.
Бізде шағын және орта бизнес даму жолында және сектордың көрсеткіші әлемдік орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен. Дамыған елдермен салыстыратын болсақ, айырмашылық одан да көп. Дамыған елдерді былай қойып, көршілес Өзбекстанның өзімен бәсекелесе кетуге әзір дайын емеспіз. Бізде ІЖӨ құрылымындағы ШОБ үлесі 36,5%-ды құраса, көрші елде бұл көрсеткіш 50%-дық межеге әлдеқашан иек артқан.
2030 жылға қарай 600 миллионнан астам жаңа жұмыс орнын ашу қажеттілігі туындайды екен. Тиісінше бүкіл әлем бойынша көптеген елдің үкіметі үшін шағын бизнесті дамыту басым бағытқа айналады. Дамушы елдерде әрбір он қызметкердің жетеуі жеке жұмыс істейді және шағын кәсіпорындарда еңбек етеді деп дерек келтіреді Ranking сарапшылары. Дамушы елдердегі шағын және орта бизнеске инвестицияны жыл сайын 1 трлн долларға арттыру тұрақты даму саласындағы мақсаттарды орындау жолында айтарлықтай алға жылжуға мүмкіндік береді дейді мамандар.
ШОБ субъектілерінің даму көрсеткіші тұрғысынан соңғы жылдары оң динамика байқалып отыр. Мысалы, 2022 жылы ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі бір жылда 3,2 пайыздық тармаққа өсті. Ал елімізде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны, 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша бір жылда 31,6%-ға өсіп 2 млн-ға жетті.
«Соңғы жылдары біздің елдегі ШОБ-ты дамытудың негізгі драйверлерінің бірі — цифрландыру. Мысалы, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің санының айтарлықтай өсуі интернетті пайдаланатын ұйымдар санының өсуімен сәйкес келеді. Мәселен, бір жыл ішінде олардың саны 16,3%-ға өсті, бұл саланы цифрландырудың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар ел банктері ұйымдарға электрондық қызметтер арқылы көптеген мүмкіндіктер береді, бұл кәсіпкерлік қызметті айтарлықтай жеңілдетеді. ШОБ үшін екінші деңгейлі банктер цифрлық қызметтерінің танымал болғаны сонша, ірі банктер осы мақсаттар үшін жеке қызметтер мен мобильді қосымшаларды жасап шығарды», деп мәлімдейді Ranking.
Қазір технология барлық үдерістерді жеңілдеткендіктен, ШОБ-тың онлайн режімге көшуі көлеңкелі экономиканы азайтуға оң әсерін тигізуде. Егер бұрын бизнес ашу үшін көп уақыт, ақша және күш қажет болса, қазір барлығы интернет арқылы бірнеше минутта, шығынсыз және уақыт жоғалтпай жасалады.
Ал саланың дамуына бюрократия, кәсіп ашудағы және оны заңды түрде жүргізудегі қиындықтар сияқты факторлар кедергі келтірді.