Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ұлтарақтай жерге зәру қарапайым халықтың мұң-зарына құлақ асқан «Amanat» партиясының хатшысы, «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек комиссияның өзге де мүшелерімен бірге Алматы облысының ауыл тұрғындарымен кездесіп, жайылым тапшылығы мәселесін талқылады. Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары жердің тозуы, дизель отынының қымбатшылығы, мемлекеттік субсидиялардың жетіспеушілігі, басқа да сыздауықтай солқылдап тұрған мәселелерді көтерді.
Күнкөріс көзіне айналған қараң-құраң малын үйден ұзатып жая алмаудың қиындығын қала маңындағы ауыл тұрғындары түгілі, бір кездері жайлау төсі мыңғырған малға толған Райымбек, Кеген аудандарының тұрғындары да көріп келеді. Қазір аралап өтер болсаңыз, атақты Шалкөде, Қарқара жайлаулары гектарлап қоршалып, қала берді ор болып қазылып, көлік түгілі атты адам өте алмайтындай жасап тастаған. Алпауыт кәсіпкерлердің бұл қылығы байырғы ауыл тұрғындарының ашуына тиіп, «қан қысымын» көтереді.
Жайылымның жоқтығынан ауыл тұрғындарының малы қора маңынан қарыс қадам ұзай алмайтындығы жайында Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тұрғыны Ысқақ Өмірәлиев ашына жеткізді. Жақын маңдағы жер иелері жергілікті тұрғындардың малын өз аумағына өткізбейтіндігі, соған қарай жайылымдарды өздері де пайдаланбайтындығы ауыл азаматтарының ашу-ызасын тудырып отыр.
– Аудан аумағындағы бірнеше мың гектар жер жеке меншік иелігінде. Алайда жерді игеріп жатқан ешкім жоқ. Не мал жайылмайды, не жер жыртылмайды. Қарапайым халық сонда не істеуі керек? Сонымен қатар суару маусымында су тапшылығы мәселесі пайда болады. Соның кесірінен, шаруашылықты дамыту қиынға соғып отыр, – деді ол.
Комиссия мүшелері жыл басынан бері Райымбек ауданында 17 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын атап өтті. Сондай-ақ, тағы да 18 мың гектарды қайтару бойынша белсенді жұмыс жүріп жатқандығын жария етті.
«Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Райымбек ауданының тұрғындарын толғандырған тағы бір түйінді мәселе – шекара маңындағы ауыл шаруашылығы жерлерін рәсімдеу екенін атап өтті.
– Көп адам ҚХР-мен мемлекеттік шекара белгіленбей тұрып жер алып, оған өмір бойы мұрагерлік құқығына ие болды. Қазір оны заңдастыру мүмкін болмай тұр. Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер жеке меншікке және пайдалануға берілмейді. Тіпті әкімдік қаулысының негізінде уақытша жер пайдалануға толық құқығы рәсімделген тұлғаларға да шекара маңы аймағындағы жерге мемлекеттік акт берілмейді. Соған байланысты, шаруалар ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар мен өзге де мемлекеттік көмекке өтінім беру мүмкіндігінен айырылды. Бұл мәселені «Жер аманаты» комиссиясы қарастырады, – деді Бақытжан Базарбек.
Бұдан соң, партиялықтар Кеген ауданындағы Кеген ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұндағы жергілікті шаруалар да ауыл шаруашылығына арналған жер тапшылығы мәселесіне алаңдап отыр.
– Былтыр аудан аумағында біраз мал қырылды. Жайылым да, шабындық та жоқ. Малға азық, жем-шөп дайындай алмаймыз. Ең құнарлы жер кәсіпкерлерге тиесілі «Қазмясо» компаниясы 17 мың гектарға иелік етіп отыр. Ал ауданда мал бағатын жері жоқ қаншама отбасы бар. Қандастарымыздың 40 отбасына осы уақытқа дейін жер берілмей келеді. Тіпті, ауыл айналасындағы жер де жеке меншік иелікте, – дейді ауыл ақсақалы Бұршақбай Белеков.
Өз кезегінде Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл ретте, «Amanat» партиясының басым міндеттерінің бірі – қайтарылған жердің халық арасында әділ бөлінуіне қатаң бақылауды қамтамасыз ету.
– Әр учаске мақсатына сай пайдаланылуға тиіс. «Жер аманаты» комиссиясының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының жайылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Биыл 1 қаңтардан бері Алматы облысында 44,6 мың гектар жер қайтарылды. Жыл соңына дейін 220 мың гектарды мемлекет меншігіне қайтаруға уәде береміз. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Латифундистермен күрес жалғаса береді, – деді партия хатшысы.
Комиссия мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан ұсынған мәліметке сүйенсек, былтыр Алматы облысында мемлекет меншігіне 113 мың гектардан астам жайылым қайтарылған екен. Оның 57,8 мың гектарын меншік иелерінің өз еркімен, 13,3 мың гектар жер сот шешімімен қайтарылған. Бұған дейін «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен jerkarta.qharysh.kz геосервисі әзірлеген еді. Ол елді мекендердегі жайылым тапшылығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсетеді.
Жалпы, ел аумағында былтыр «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен пайдаланылмай жатқан 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Amanat» партиясы өкілдерінің Алматы облысына іссапары Қонаев қаласында түйінделді. Онда халықпен кездесуде «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Дәулет Кәрібек пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов жайылымдық және суармалы жерлерге байланысты мәселелерді тыңдап, оны шешу жолдарын талқылады. Жоғары шенділерге жер дауын арқалап Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай аудандарының тұрғындары келді. Олардың проблемаларын мұқият тыңдаған партия мүшелері мәселенің шешім табуын аяқсыз қалдырмауға уәде етті.
«Amanat» партиясы мен «Жер аманаты» комиссиясының мүшелерімен кездесудің сәті түспеген Саты ауылының тұрғындары хабарласып, ірі «инвесторлар» қараусыз қалдырған жерді халыққа қайтаруды сұрайды.
«Казмясо» деген ірі ет өндіруші бар. Кеген ауданы тұрғындарының айтуынша бұл компания аудан аумағында шамамен 20 мың гектар жерді иеленіп отыр. 5 мың бастай сиыры болса керек. Аудандағы ескікөз малшылар КСРО кезінде тек Бөлексаз ауылында ғана 7 мың бас ірі қара бордақылайтынбыз. 5 мың бас үшін 5 ауылдың жерін иемдену сұмдық», деген сатылықтар: «Казмясо» ауыл іргесіндегі 280 гектар жерді қоршап алып, кейін тастап кетті. Қазір қоршаулы күйінде бос жатыр, ал біздің мал жаятын жеріміз жоқ. Жерді халыққа қайтарсын!» деген талаптарын жеткізді.
Алматы облысы