Балалар • 30 Мамыр, 2023

Ерекше балалардың фестивалі

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық музейде «Ұлттық игілік ба­ла­лар үшін» атты «Мейірім» балалар шығар­ма­­шы­лығының V инклюзивті музейлік фестивалі өтті.

Ерекше балалардың фестивалі

Іс-шараның басты мақсаты – ерекше білімді қажет ететін балалардың шығармашылық қабілетін арттыру, олардың дарыны мен мәдени ерекшелігін дамыта отырып, инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету. Фестивальге түрлі орталықтар мен қоғамдық бірлестіктерден, арнайы мектептерден 80-нен аса бала қатысты. Музейдің педагогика бөлімінің қызметкерлері әр баланың қабілетіне сай «Киіз басу өнері», «Үй тұмарын жа­сау», «Ермексазбен сурет», «Бірге сурет саламыз», «Қол­сөм­кесін бояу», «Сазтерапия» шеберлік сабақтарын өткізді.

–  «Мейірім» балалар фестивалі – еліміздегі ең маңызды іс-шаралардың бірі. Ұлттық музей бұл фестивальді мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығын шыңдау мақсатында бесінші жыл қатарынан өткізіп келеді. Оны ұйымдастыруға демеушілер қолдау көрсетті. Зағип жандар үшін арнайы көрме ұйымдастырдық. Құнды экспонаттар қойылды. Балалар оларды қолмен ұстап, сезіне алады. Есту қабілеті нашар балалар үшін сурдоаудармалар жасадық. Мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға бейімделуі үшін барынша қолдау көрсетуіміз керек. Егер жылылық пен махаббат сыйлай алсақ, олардың өмірі жарқын болары анық, – деді Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Ақмарал Ибраева.

Фестивальге қатысушыларының бірі – Марат Рахым. Анасы Асыл Аяшеваның айтуынша, ол 7-сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі де жақсы. Бірақ церебральды сал ауруымен, яғни ДЦП-мен ауырады.

– Біз бұл фестивальге алғаш рет қатыстық. Іс-шара ерекше ұнады. Балалар би билеп, ән айтып, сазбен түрлі бұйымдар жасады. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса дейміз. Олар бір сәт үйден шығып, көңіл күйін көтереді, – дейді Асыл Аяшева.

Балалар фестивальге белсене қатысты. Оларды ынталандыру үшін алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған фестиваль алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Мерей АУҒАЛИ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті