Теннис • 30 Мамыр, 2023

Жарысты жеңіспен ашты

188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Францияда өтіп жатқан теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы Ролан Гаррос турнирін Қазақстан теннисшісі жеңіспен бастады.

Жарысты жеңіспен ашты

Жүлде қоры 49 600 000 еуроны құрайтын Франция ашық біріншілігінің алғашқы айналымын жерлестерімізден бірінші бо­лып әйелдер арасындағы еліміздің – екінші, әлемнің 58-ракеткасы Юлия Пу­тин­цева бастап берді. Ол алғашқы айна­лымда дүниежүзілік рейтингте 89-орында тұрған Бельгияның атынан сынға түсіп жүрген украиналық Марина Заневскаямен шеберлік байқасты. Екі жарым сағатқа жуық жалғасқан тартысты матчта Путинцева 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші партияны теннисшілер бір-бір брейк алмасумен бастады. Содан кейінгі үш геймде М.Заневская мықтылық танытып, 4:1 есебімен алға шығып алды. Бірақ Юлия қарсыласына бұл партияда жеңіске жетуге мүмкіндік берген жоқ. Допты ойынға өзі қосқан геймдерде сәтті ойнап, тоғызыншы және оныншы геймде қайыра брейк жасап, алғашқы партияны өз пайдасына жазды – 7:5. Екінші сеттің тағдыры тай-брейкте шешілді. Бұл сында мықтылық танытқан Путинцева 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетіп, турнирдің екінші айналымына жолдама алды. Екінші кезеңде ол әлемнің 19-ракеткасы қытайлық Чжэн Циньвэньмен ойнайды.