Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Суоми еліне Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың ресми сапары Елбасының кеңесі және фин парламентшілерінің шақыруына байланысты жүзеге асырылды. Мұндағы мақсат өзінің сыртқы саясаты мен тиімді бейбітшілік қызметімен озық экономикаға әлеуметтік бағытталған, сыбайлас жемқорлық деген атымен жоқ және саяси пәтуалық дәстүрге негізделген берік және тұрақты саяси жүйесі бар ел ретінде танылып отырған Финляндияның инновациялық-технологиялық тәжірибесін зерделеп, біліп, үйрену болып табылады. Бұл үшін қазақстандық делегация назарына әлемнің озық компанияларымен иық түйістіріп, алға шыққан фин елінің ағаш үйлерді тұрғызатын жетекші өндіріс орны “HONKA” концернінің, индустриялық-аграрлық саласында атағы жайылған “NOKІA” корпорациясының, Швеция мен Финляндиядағы ұялы байланыс рыногындағы көшбастаушы “TelіaSonera” телекоммуникациялық компаниясының, жоғары дамыған “SІTRA” инновациялық-технологиялық қорының қызметі мен басқа да озық ғылыми-техникалық жетістіктер көрсетілді.
Бүгінде Еуропаның солтүстігіндегі қалың қарға көмілген, ну орманы сыңсыған Финляндия Санта Клаустың отаны, атақты шаңғышылар мен бұғы өсірушілердің елі болып табылады. Экономикасы тұрақты, халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жоғары елдің мұндай жетістігінің бір сыры қылмыстың мүлде жоқ болуында шығар деп ойлаймыз. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық деген атымен жоқ көрінеді. Әрине, кейбір елдегі секілді әркім ортақ қазынадан өзінің қалтасын толтырып қалуды ғана мақсат етпей, керісінше, экономиканың өркендеуіне бір кісідей үн қатып әділдік пен адалдық салтанат құрған, салығы жоғары елдің байлығы да шалқып тұр. Әділдік пен теңдік барлық салада үстемдік құрған. Финляндия Еуропада алғашқы болып ерлер мен әйелдердің тең құқылы сайлау жүйесін енгізген. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда үкімет мүшелерінің жартысынан көбін және парламент депутаттарының 40 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Мемлекетті де әйел адам басқарып отырғаны белгілі.
Қазақстандық делегация мүшелерін ең алдымен таңғалдырғаны – Хельсинки қаласының тазалығы еді. Әрине, Еуропада таза қала баршылық. Бірақ мына шаhар көшелерінен бірде-бір қылтанақ кездеспеу нағыз көше мәдениетінің белгісі болса керек. Көше жолдары анау айтқандай кең емес, дегенмен, көлік кептелегі де жоқ. Көзіміз үйреніп қалған өзіміздегі секілді ала таяғын қылыштап, ысқырығымен жер жарып бұрыш-бұрышта тұратын жол инспекторлары да көрінбейді. Адамдар темірдей тәртіптің өзі үшін керек екенін жақсы біледі.
Ауа райының тазалығы, қаланың сәнділігі, тыныштық пен тұрақтылықтың, жоғары тұрмыс деңгейінің қалыптасуы тұрғындардың денсаулығының мықты болып, әдемі өмір сүруінің кепілі. Сондықтан да мұнда, ең алдымен, сапалы қызмет көрсетуге аса мән беріледі. Ол үшін білім мен ғылымды игеру бірінші кезекке қойылады. Сапалы қызмет көрсету мазмұны адамдардың әл-ауқатты өмір сүруіне, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жоғары болуына ғылыми негізделген.
Сондықтан да Елбасы Қазақстанның Финляндиядан жоғары сапалы білім беру стандарттары мен ғылыми зерттеулерге бәсекелестік жағдайда қаржы бөлу салаларында, болашақ ұлттық инфрақұрылымды жүзеге асыруда, мемлекеттің бірлігін күшейтуде, ғылым мен кәсіпкерлікті дамытуда үйренетін тәжірибелері көп екендігін айтты. Мұндай бағыт-бағдарды айқындау Қазақстанның “Еуропаға жол” бағдарламасымен және ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен байланысты болып отыр. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, жаhандық даму кезеңінде алдыңғы қатарлы елдердің озық тәжірибелерін өзіне алуы, бірінші кезекте, қазақстандық азаматтар үшін өте пайдалы. Финляндияда экологиялық өлшемдер жоғары, жеке өндіріс саласы қарыштап дамыған, барлық жалпы білім беретін оқу орындары сапасының деңгейі теңестірілген. Соған орай мұнда жеке меншік оқу орны деген атымен жоқ, бәрі тек мемлекеттік болып табылады.
Оның үстіне Финляндия қоғамында байлар мен кедейлерге бөлінбейді. Оларда жоғары лауазымды қызметті халықтан биік тұру, бөлектену деп есептемейді. Неғұрлым жоғары дәрежелі шенеунік әрқашан халықпен тығыз, ашық жұмыс істейді. Шыны керек, осы сапарда қарапайымдылық пен жоғары мәдениеттіліктің, кішіпейілділік пен адамгершіліктің шыңын көрсетіп жүрген фин елінің жоғары лауазымды және қатардағы қызметкерін қайсысы кім екенін бір-бірінен ажырату оңайға түспеді. Қылмыстың, алдау-арбаудың, алаяқтықтың жоқ болуы адамдардың, расында, адалдықтың шыңына шығуына мүмкіндік туғызған. Байқаусызда ақшаға нығыздалған әмияныңыз түсіп қалған жағдайда іздесеңіз, сол күйінде мұрты бұзылмай табылатындығына кепілдік береміз дейді. Сонда әлі де кейбір елде берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан дейтін әдет қалмай тұрғанда мұнда тіпті абайсызда біреудің ұмытып, не жоғалтып алған бағалы дүниесін алып кету де жоқ.
Міне, мұның бәрі Финляндияның көптеген салада, әсіресе, білім берудің көшбасында тұрғандығын білдіреді. Оның бәрі – жаңаша ойлау, сапалы қызмет көрсету тиімділігіне қол жеткізу секілді көптеген ғылыми бағыттардың нәтижесі. Елбасы екі елдің экономикасы бірін-бірі толықтырып отыратынын айтқан болатын. Демек, бізге Суомидің инновациялық-технологиялық тәжірибесінің өте қажеттілігі секілді Қазақстанның қуатты ресурстық базасы Финляндияны қызықтыратыны да анық.
Ендеше, финдерде қалыптасқан жүйе – мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара қарым-қатынасы, ғалымдар мен іскерлік ортаның ынтымақтастығы, технологиялық парктер мен кластердің қызметтері ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов сапар қорытындысында алған тәжірибені баянды ету барысында мемлекеттік органдар мен Үкімет керекті салада тиісті нәтиже шығаруы қажеттігін айтып өтті.
Александр ТАСБОЛАТОВ.