Қоғам • 31 Мамыр, 2023

«Бесеудің хатына» ескерткіш орнатылды

1562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданы орталығында «Бесеудің хаты» ескерткіш тақтасы ашылды.

«Бесеудің хатына» ескерткіш орнатылды

«Бесеудің хаты» – қазақ даласында «кіші октябрьдің» қара дауылы соғып, қалың жұрт жаппай ашаршылыққа ұшыраған кезде шыққан зиялылардың жанайқайы болатын. 1930 жылдары қолдан ұйымдастырылған зымиян саясатқа қарсылық білдірген Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Емберген Алтынбеков, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев сынды қазақ оқығандары Сталинге хат жазады. Сол заманның шыңғырған шындығын көрсеткен наразылық хаты сол кезде ел басқарған Голощекиннің қолына түскен. Әрине, оның соңы трагедиямен аяқталды. Хаттың жазылуына түрткі болған Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев та, «Бесеудің хатын» өз мойнына алған Мансұр Ғатауллин де «отыз жетінің» қанды қырғынында атылып кетті. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза осы бір тарихи оқиға жайында «Бесеудің хаты» атты драма жазып, жас ұрпаққа тәлім берер, халық қасіретін ұқтырар туынды қалдырған болатын.

Осы оқиғадағы Мансұр Ғатауллин – дәл осы Қазталов ауданының тумасы еді. Жерлестері ел басына күн туған сын сәтте басын қатерге тігіп алға шыққан батыр ұлды мақтаныш етеді. Қазталов ауылының орталығындағы «Жеңіс» саябағында бой көтерген тарихи ескерткіш ауыл тұрғындарының патриоттық сезімінің көрінісіндей. Академик, суретші Мақсұт Исмағұловтың жобасы бойынша жасалған ескерткіш тақта қарапайымдылығымен көз тартады. Шағын композицияда ақ пен қара түс классикалық тұрғыда үйлесім тауып тұр. Хат авторларының есімі жазылған тақта құстың сыңар қанатына ұқсайды. Сол арқылы автор зобалаң жылдардың зорлығын көрсеткен.

Тақтаның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов өңірде Президент тапсырмасына орай тарихи әділдікті қалпына келтіру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыстарға жергілікті азаматтардың да атсалысып жатқанын айтты.

- Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыбын қозғаған кезде біз «Бесеудің хатын», жерлесіміз Мансұр Ғатауллинді ойға аламыз. Ел мен жер тарихын жоқтап жүретін Серік Жұмағалиев, Уәлиолла Әбішев сынды өлкетанушыларымыздың бастамасымен, халықтың қолдауымен бүгін осы ескерткіш тақтаны ашып отырмыз. Осы сауапты іске қолдау көрсеткен барша жанға шексіз ризашылығымды білдіремін, - деді аудан әкімі.