Байқау • 31 Мамыр, 2023

Ұмытылмаған ұршық

738 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір кездері аналарымыздың қолынан түспеген ұршық бүгінде естелікке, жәдігерге айналып барады. Бұрын қолына ұршық ұстамаған жанды кездестіру сирек болса, қазір ұршықты шырқ үйіретіндерді ауыл-ауылдан іздеп тауып, өзара сайыстыру да қасиетті мұраны жоғалтпаудың, насихаттаудың бір дәлелі.

Ұмытылмаған ұршық

Мамыр айының мамыра­жай күндерінің бірінде Ақтау қа­ласында Маңғыстау облыс­тық ғылыми-әдістемелік және мә­дени қызмет көрсету орталығы­ның қолдауымен «Сөз бен саз» бағ­дарламасының «Ұмыт­пайық, ұлықтайық ұршық­ты» атты рухани іс-шара өтті. Өңір­дегі екі қала мен бес аудан­нан қатысқан 46 үміткердің ішінен іріктеу турынан 15 үміткер өтті. Қа­ты­сушылар арасында 73 жас­тан асқан әжелер мен 39 жастағы аналар бар. Өлкеге танымал көне­көз апалар қазылық еткен сайыста ширек финалға он адам өтіп, өз кезегінде жартылай фи­налға жеті адам жіберілді, ал ақтық сында 5 үміткер бақ сынасты. Нәтижесінде, Мұ­найлы ауданынан келген ең жас қа­тысушы В.Палуанова бас жүл­дегер болып, Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы тағайындаған 150 000 теңгеге ие болды. Өзге де жүл­де­герлерге бағалы сый­лықтар та­бысталды. Сайыс бары­сындағы концертке өңірге танымал өнер­паздар мен «Жібек» жетіген мектебі, «Нарату» дом­быра­шылар ансамблі және «Арна» тобы қатысты. Аулада ұлт­тық қолөнер шеберлері мен ұлттық та­ғамдардың көрмесі ұйымдас­тырылып, жеңіске жете алмаса да қатысқан барлық үміткер ұлттық на­қыштағы сыйлықтармен, ал­ғыс хаттармен марапатталды.

Ақ жаулықты әжелер ұлттық құндылықтарды насихаттайтын рухани шаралардың жиі ұйым­дастырылуына тілекші екен­діктерін, тек сайысып қана қой­май, осындай байқаулар арқылы жастарға өз білгендерін үйретуге болатындығын жеткізді.

 

Маңғыстау облысы