Спорт • 31 Мамыр, 2023

Спартакиада алауы тұтанды

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таразда республикалық VI жазғы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Төрт жылда бір өтетін айтулы аламанның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысты.

Спартакиада алауы тұтанды

Орталық стадионда өткен ауқым­ды іс-шарада тарихи шаһар­дың өткенінен сыр шерткен «Көне Тараз» бейнеролигі мен «Бабалар рухы» қойылымы жи­налған жұртшылықтың назарына ұсы­­нылды. Кейіннен ортаға спар­такиа­даның туы шығарылды.

Спартакиаданың ашылу салтанатында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов төрт жылда бір өтетін дуы басым до­даның маңызы зор екенін атап өтті.

«Алтыншы рет ұйымдас­тырылып отырған додаға еліміздің барлық өңі­рінен 1 мыңнан аса спортшы қатысып отыр. Спар­такиаданың негізгі мақ­саты – жаз­ғы спорт түрлері бойынша ұлт­тық құрама командаларына ең мықты спортшыларды жасақ­тау және халықаралық ресми жа­рыс­тарға, оның ішінде Парижде өте­тін жазғы Олим­пиада ойындарына лицензиялық жарыстарға қатысуға үміткерлерді анықтау. Өздеріңіз білесіздер, елімізде жас­тардың спортпен және дене шы­нықтырумен айналысуы үшін барлық жағдай жасалып, Пре­зиденттің тікелей тапсырмалары­мен қолдау тауып отыр. Соның нәтижесінде ел спортшылары халық­аралық дүбірлі додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастар­ды жарқын жеңістерге жетел­ейді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, спартакиаданың ұйым­дастырылуына ерекше қолдау білдірген Жамбыл облысының әкім­дігіне зор алғысымды білді­ремін», деді министр өз сөзінде.

Кейіннен ол бокстан Таш­кент қа­ла­сында өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен спорт­шылардың жеке жат­­тықты­рушыларына Презитент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет гра­мо­­та­сын табыстады.

Өз кезегінде өңір басшысы Нұржан Нұржігітов айтулы до­даның киелі Тараз топырағында өткі­зілуі зор мәртебе еке­нін жет­кізді.

«Спорт – денсаулық кепілі, достықтың берік тұтқасы. Дені сау жастар – егемен еліміздің ертеңі. Өңірімізде көптеген ауқым­ды спорттық іс-шаралар ұйым­дас­тырылуда. Дәстүрлі спарта­киаданың бас­ты мақсаты – бұ­қаралық спортты дамыту, саламат­ты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты на­си­хаттау. Спартакиаданың ашылу салта­натының киелі Жам­был жерінде өтуі біз үшін зор мақ­таныш, мерейлі мәртебе. Тараз топырағы талай талантты спорт­шылардың бағын ашқан киелі жер екені әлімсақтан аян. Олимпиада ойындарында атой салған сайыпқырандарымыздың жеңісті жолын жастарға ылғи да үлгі етіп айтып жүреміз», деді Н.Нұр­жігітов спар­такиадаға қаты­сушыларға сәттілік тілеп.

Бұдан соң спартакиаданың алауы жағылып, төреші, спортшы, жат­тық­тырушылардың ант беру рәсімі ұйымдастырылды. Спартакиаданың ашылу салтанаты эстрада жұлдызда­рының және жергілікті өнерпаздардың қа­тысуымен концерттік бағдар­ла­маға және мерекелік отшашуға ұласты.

 

Жамбыл облысы