Спорт • 01 Маусым, 2023

Париж Олимпиадасы: Кімде жолдама бар?

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көбіміз Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлерінің ережесін жақсы білгенімізбен, спортшыларға төрт жылдықтың басты додасына жолдамалар қалай, қандай жарыстарда берілетінін біле бер­меуіміз мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта Париж Олимпиадасында жүлделер сарапқа салынатын 32 спорт түрінің іріктеу жарыстары қалай және қашан өтетіні туралы егжей-тегжейлі жазуды жөн санап отыр­мыз. Алдымен, бүгінге дейін қай ел қанша жолдама алып үлгергені туралы аз-кем мәлімет бере кетсек.

Париж Олимпиадасы: Кімде жолдама бар?

Париждегі дүбірлі додаға жолдама беретін іріктеу сайыстарының дені биылға жоспарланғанымен, 2022 жылдың өзінде жер-жаһан­ның спортшылары спорттың 11 түрінен 2024 жылғы Олимпия ойын­дарына 120 жолдама жеңіп алған. Олардың ішінде ең көп жол­дама нысана көздеу спортына тиесілі. Ал биыл спортшылар тағы 13 спорт түрінен жолдамаға та­ласады.

Жазғы Олимпия ойындарын өз тарихында осымен үшінші мәрте өткізгелі отырған Франция – жарысты ұйымдастырушы мем­лекет болғандықтан, «үш жо­лақты» елдің спортшылары төрт­жылдықтың бас­ты бәсекесінің бағ­дарламасына енген барлық спорт түрінен іріктеусіз-ақ жол­да­­маларға қол жеткізіп отырғанын айта кеткен жөн.

Жоғарыда айтып өткені­міз­дей, қазіргі таңда Париж Олим­пиадасына ең көп жолдаманы (76!) нысана көздеу спортшылары жеңіп алды. Атап айтқанда, пневматикалық мылтықпен оқ ату (10 метр) бойынша әйелдерден АҚШ құрамасы 2 квота, Қытай, Польша, Корея спортшылары бір-бір жолдамаға иелік етсе, дәл осы санаттағы ерлер бәсекесінде Үндістан, Италия, Қытай, Чехия, АҚШ құрамалары әзірге бір ғана жолдаманы қанағат тұтқан.

Сонымен қатар мылтықпен үш қалыптан ату (50 метр), әйелдер: Дания, Чехия, Қытай, Норвегия, АҚШ (2 квота), Корея;

Мылтықпен үш қалыптан ату (50 метр), ерлер: Чехия, Норвегия, Украина, Польша, Үндістан, Қы­тай, АҚШ;

Пневматикалық тапанша (10 метр), әйелдер: Грекия, Қытай, Сербия, Армения, АҚШ;

Пневматикалық тапанша (10 метр), ерлер: Қытай, Пәкістан, Ко­рея, Украина, Бразилия;

Тапанша (25 метр), әйелдер: Германия, Польша, Корея, Қытай, Болгария, Иран, АҚШ;

Тез ататын тапанша (25 метр), ерлер: Франция, Германия (2 квота), Корея, Пәкістан, Қытай, Куба;

Трап, әйелдер: Италия, Ұлы­британия, Франция, Испания, Словакия, Аустралия, АҚШ;

Трап, ерлер: Чехия, Швеция, АҚШ (2 квота), Ұлыбритания, Қы­тайлық Тайпей, Үндістан;

Скит, әйелдер: Ұлыбритания, Германия, АҚШ (2 квота), Италия, Словакия, Украина;

Скит, ерлер: Чехия, Италия, АҚШ (2 квота), Швеция, Мысыр, Қатар.

Нысана көздеу спортының ере­жесі бойынша Олимпия ой­ын­да­рының іріктеуі спортшы­лар­дың әр жарыста жинаған рей­тингтік ұпайларына қарай үлес­тіріледі.

Кейінгі ең көп жолдама ат үшсайысы спортшыларына тие­сілі. Олардың еншісінде 7 жолдама бар. Мәселен, командалық іріктеу (3 адамнан) сайысы бойын­ша Германия, АҚШ, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Ирландия, Швеция, Швейцария, Франция (жарыс қожайыны) мемлекеттерінде бір жолдамадан бар. Бұл спорт түрі­нен Олимпиада жолдамалары 2023 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығындағы рейтингке қарап беріледі.

Спорттық гимнастика (6 жолдама) бойынша әйелдер ко­мандасынан (5 спортшы) АҚШ, Ұлы­британия, Канада және ерлер командасынан (5 спорт­шы) Қы­тай, Жапония, Ұлыбри­та­ния құрамалары Париж Олим­пиа­дасына дайындықтарын бас­тап кетті.

Аталған алты елдің спортшылары Олимпиада жолдамасын былтыр Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында олжалағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ал биылғы жолдамалар осы жылдың 29 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында Бельгияның Антверпен қаласында жалауы желбірейтін кезекті әлем бірін­ші­лігінде сарапқа салынады.

Сонымен қатар көркем гимнастика өкілдері де бүгінге дейін 6 жолдама жеңіп алған. Атап айт­қанда, жекелей іріктеу сайыстары бойынша Италия, Германия, Болгария, ал топтық іріктеу (5 спортшыдан) санатында Болгария, Израиль, Испания спортшылары жолдамаға иелік етті. Бұл спорт түрінен ең жақын олимпиадалық іріктеу 2023 жылдың 23-27 тамызында Испанияның Валенсия қаласында әлем чемпионаты аясында өтеді.

Ат спорты (6) бойынша коман­далық іріктеуден өткендер (әр командадан 3 спортшы): Дания, Ұлы­британия, Германия, Швеция, Нидерланд, АҚШ, Фран­ция (жарыс қожайыны). Ат спортының жол­­дамалары 2022 жылдың 1 қыр­­­күйегі мен 31 жел­тоқсаны ара­­­лы­ғындағы нәти­же­лерге қарап беріледі.

Конкур (6) сайысы: Коман­далық іріктеу (3 адамнан): Швеция, Нидерланд, Ұлыбритания, Ир­лан­дия, Германия, Бельгия, Фран­ция (жарыс қожайыны).

Ат үстінде әртүрлі кедергі­лерден өтетін конкурс сайысының олимпиадалық жолдамасы 2023 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқ­саны аралығындағы рейтингке қарап беріледі.

Футбол (5). Әйелдер: Бразилия, Колумбия, АҚШ, Франция (жарыс қожайыны). Ерлер: Доминикан Республикасы, АҚШ, Франция (жа­рыс қожайыны).

Триатлон (4). Әйелдер: Ұлы­британия (2 квота), Франция (2 квота жарыс қожайыны ретінде берілді). Ерлер: Ұлыбритания (2 квота), Франция (2 квота жа­рыс қожайыны ретінде беріл­ді). Спорттың бұл түрінен Олим­пия ойындарының жолдамасы спорт­шылардың іріктеу сайыс­тарындағы нәтижелеріне қарап, рейтинг арқылы беріледі.

Гандбол (2 жолдама). Әйел­дер: Норвегия, Франция (жарыс қожайыны). Ерлер: Дания, Фран­ция (жарыс қожайыны).

Спорттың бұл түрінен ерлер арасындағы жолдаманы Дания құрамасы жыл басында Польша мен Швецияда өткен әлем чемпионатында жеңіп алған болса, Норвегия қыздары Олимпиада жолдамасын былтырғы Еуропа чемпионатында иеленген еді.

Серфинг (2). Әйелдерден – АҚШ, ерлерден – Жапония құрамалары.

Баскетбол (1). Әйелдерден – АҚШ және Франция (жарыс қо­жайыны), ерлерден – Франция (жарыс қожайыны) құрамасы. Баскетбол жарысынан ең жақын олимпиадалық іріктеу сайысы әйелдер арасындағы Еуропа чемпионаты болмақ. Бұл жарыс 15-25 маусым аралығында Израиль және Словенияда ұйымдастырылады.

Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында бірде-бір Олимпиада жолдамасы жоқ. Дегенмен іріктеу сайыстары енді-енді басталып жатқанын да ескере кеткен жөн.