Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мен үшін 2022 жыл жемісті болып, халықаралық «Болашақ» стипендиясын иелендім. Ауылдан шыққан әрбір қазақ баласы секілді өзге мемлекетте білімімді жетілдіруге берілген мүмкіндікке ерекше қуандым. Мұны қазіргі таңда оқытушылық қызмет атқарып жүрген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы да айрықша бағалады. Барар жерім – іргедегі Ресей. Дәлірек айтсақ, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті. Тарихшы қауым үшін орыс жері тарихтың қайнар көзі екені рас. Ол жақта қазақтың маңдайына сыймаған небір асылдар мен зиялылар оқыған. Сол кезеңнің көмескі естеліктері мен халық тағдырының ақтаңдақ жылдарына қатысты архив құжаттарының ізіне түсу ұлтжанды тарихшылардың асқақ арманы десем артық айтпаймын. Мен де дәл сол арманның жетегінде Мәскеуге аттандым.
Түрлі ойлардың жетегінде жүріп кешегі Алаш арыстарының жаңа қырлары мен қалдырған мұрасының іздерін мұрағаттан іздеп, күндерім жылжи берді. Мәскеу архивтеріндегі ізденістің нәтижесінде табылған құжаттардың арасындағы аса құнды деп бағаланатын, тарихшы ретінде еңбек жолымдағы жетістіктердің бірегейі саналатын өте маңызды құжатқа тап болдым. Ол – қазақтың зиялы азаматы Жаһанша Досмұхамедовтың 1910 жылы жазған «Қазақтың әдет заңының негізгі ұйғарымдары және оларды жүзеге асырушы орган ретіндегі халық соты» тақырыбында жазған дипломдық жұмысы.
Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы тарихы аса күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік үдерістер мен қайшылықтарға толы. Сонымен қатар бұл кезең ұлт-азаттық және халықтық ағартушылық идеяларды арқау еткен ұлттың маңдайалды зиялыларының ел бірлігі, тәуелсіздігі, өркениетті елдерден қалыспай қатарында жүруі сынды үндеуімен де ерекшеленеді. Ұлт зиялылары қазақ халқын қалың ұйқыдан оятып, оқу, өнер-білім алуға үгіттей жүріп, ең бастысы дербес мемлекет қалыптастыру жолында аянбай күрес жүргізе білді. Сондықтан ғасыр басындағы ұлт қайраткерлерінің шығармашылық ізденістері мен қоғамдық-саяси қызметі қазір де маңызды.
Жаһанша Досмұхамедов – Отан тарихында өз орнын ала алмай келіп, егемен ел болып тарихымызды түгендей түскенде халқымен қайта қауышқан тұлға. Оның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі, шығармашылығы, ұлт болашағына жол көрсетіп, халқының өркениетті ел болуына арналған. Ұлтының мүддесі үшін аянбай қызмет етіп, сол жолда құрбан болса да, ұзақ жыл бойы ұлтына беймәлім болып келген тұлғаның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін тарихи тұрғыдан зерттей түсу – бүгінгі қоғам қажет етіп отырған тақырып. Сондай-ақ тұлғаның халқына деген отансүйгіштік қасиетін дәріптей түсу тарихи-танымдық маңызының жоғары екенін көрсетеді. Бүгінге дейін Ж.Досмұхамедовтің өмірі мен қызметіне қатысты көптеген ғылыми мақала жарияланды, арнайы зерттеулер жүргізілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында архивтегі құпия қорлардың ашылмауына байланысты оған қатысты әртүрлі тарихи деректер негізсіз көрсетіліп келді.
Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында (Орал уезі, Жымпиты) дүниеге келген. Ол алдымен Орал әскери реалдық училищесінде оқыған. Кейін Мәскеу университетіне түсіп, 1910 жылы заңгер мамандығын алып шығады. 1914 жылы Том округтік сотында прокурордың орынбасары қызметін атқарған. Жаһанша 1917-1919 жылдардағы саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, ерекше көзге түседі. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары, Уақытша үкіметтің Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы туралы заң жобасын дайындайтын Мемлекеттік кеңестің мүшесі болған. Облыстық және жалпы қазақ съездеріне қатысқан. Алашорда үкіметінің құрамына сайланған. 1918 жылдың көктемінде құрылып, күзінде таратылған «Уақытша Ойыл уәлаятын» және оның орнына құрылған Алаш автономиясының батыс бөлімшесін басқарған. Большевиктердің көсемдері В.Ленинмен және И.Сталинмен қазақ автономиясы туралы келіссөздер жүргізген. Сондай-ақ Ресейдің «Қылмыстық кодексін» «Жауыздық низамнамасы» деп қазақшаға аударған. Ол 1000 данамен таралған. Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Ташкент, Қызылорда, Алматы қалаларында әртүрлі қызмет атқарған. 1930 жылы Мәскеуге ауысады. Сол жылдан бастап оған түрлі саяси айыптар тағылады. 1932 жылы Воронежге 5 жылға жер аударылады, содан соң қайта тұтқындалып, 1938 жылдың 3 тамызында атылған. Тек 1958 жылдың 28 ақпанында ақталады.
Ж.Досмұхамедов Орал әскери реалдық ущилищесін бітірген тарихи кезеңде «...отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орынды қазақ жастарына да беруге мәжбүр болған. Мұндай шараға олар жыл өткен сайын өсе түскен басқару жүйесінің ұлттық кадрларға мұқтажын қанағаттандыру үшін барды. Осы мақсатта генерал-губернаторлық кеңсесі жанынан қазақ студенттеріне жылына 3-4 стипендия белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген қаржыға сүйеніп, қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Варшава сияқты қалаларда түрлі мамандықтар бойынша білім алды» (М.Қойгелдиев, «Алаш қозғалысы»). Осындай стипендия негізінде Мәскеу ауылшаруашылық институтында Телі Жаманмұрынов, Мұса Сейдалин, Сатылған Сабатаев, Мәскеу коммерциялық институтында Нәзір Төреқұлов, Хасен Бекентаев, Лазарев Шығыс тілдері институтында Нұх-ғалым Рамазанов, Императорлық Мәскеу университетінде – қазіргі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Дәулетше Күсепқалиев, Жаһанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Мұқыш Боштаев (кейіннен Петербург политехникалық институтына ауысқан), Мәскеу жоғары қыздар курсында қазақтың тұңғыш дәрігер қыздарының бірі Аққағаз Досжанованың оқығандығы архив құжаттары негізінде анықталды. Сонымен қатар Сатылған Сабатаев пен Телі Жаманмұрынов бұған дейін Мәскеудегі Лазарев Шығыс тілдері институтын бітірген. Тұлға дәрежесіне көтерілген бұл азаматтардың қоғамдық саяси қызметтермен қатар, қазақ халқының мәдениеті, тарихы, әдебиеті, ғылымы үшін жасаған ерен еңбектерінің негізі осы университетте басталады.
Ж.Досмұхамедов 1910 жылы Императорлық Мәскеу университетінің Заң факультетін бітірер кезінде «Қазақтың әдет заңының негізгі ұйғарымдары және оларды жүзеге асырушы орган ретіндегі халық соты» (Кандидатская работа студента юридического факультета Императорского Московского университета Джанши Досмухамедовича Досмухамедова. «Основные постановление киргиз-казахского обычного права и народный суд, как орган их применения») деп аталатын студенттің кандидаттық ғылыми жұмысын жазады. Мұндай жұмысты жазу сол кезеңдегі жоғары оқу орнының ережесіне сәйкес тек оқу үлгерімі жоғары және емтихан нәтижелерін үздік аяқтаған студенттерге ғана рұқсат етілетін болған.
Ғылыми жұмыстың жазылуы бойынша Ж.Досмұхамедов аталған еңбектің кіріспесінде «Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы қырғыз шаруашылығын зерттеу бойынша Көші-қон басқармасы (переселендік) экспедициясының құрамында статист ретінде үш жыл қызмет ете жүріп, қазыналық жұмыстан бос уақытымды қырғыздардың (қазақтардың) құқықтық болмысын зерттеуге арнадым және жеткілікті материалдар жинақтаған соң барлығын біріктіріп қазақтардың күнделікті құқықтарының жинағын шығаруды ойладым» деп жазады. Сондай-ақ экспедиция жұмыстарынан тыс уақытта жоғарыда аталған облыс қазақтары арасындағы ақсақалдардан ауызша сұхбаттасу арқылы қазақтың құқықтық әдет-ғұрыптарын, заңдық нормалары мен ержелерін жинақтайды. Кандидаттық жұмыста қарастырылған мәселенің Ж.Досмұхамедов өмір сүрген кезең үшін ғана емес, автордың өз тілімен айтқанда «жалпы құқықтық даму» үшін де құндылығы жоғары. Сонымен қатар зерттеу жұмысында патшалық саясат ықпалындағы қазақ халқы үшін ұстанып отырған құқықтық ережелерінің кемшіліктерін сыни тұрғыдан қарастырып, қазақ құқықтық ережелерімен салыстыра отырып ашып көрсетеді.
Ж.Досмұхамедов өзінің зерттеуінде қазақ халқының «қарапайым құқықтары туралы жеке жинақ шығаруға материалдарым жеткіліксіз, сондықтан осы кішкентай дипломдық жұмысымда қырғыз-қазақ халқының құқықтық көзқарас негіздерін және қарапайым құқықтарды қолданушы орган ретінде халықтық соттың сипаттамасын баяндаумен шектелемін. Қарапайым құқықтардың жинағын құрастыру – менің арманым, болашақта оқуды бітіріп, халқыма жақын жүргенімде жинақ шығаруды жүзеге асырамын деп үміттенемін» деген жолдар арқылы дипломдық жұмысты жазу мақсатының бірін ашып көрсетеді.
Халықтың күнделікті қолданысынан қалып бара жатқан әдет заңдарын, құқықтық ережелерді қайта қалпына келтіру, халықтың тарихи санасын оятып жаңғырту мақсатында Ж.Досмұхамедов Мәскеудегі оқуын аяқтаған соң, 1911 жылы Орал қаласында статист қызметін атқара жүріп, дипломдық жұмысының алғашқы 13 бетін өңдей отырып, жергілікті «Уральский листок» газетінің 1911 жылғы 10, 13, 20 қаңтардағы №9, 14, 20 сандарында «Қырғыз қарапайым құқықтары мен халық соты туралы бірер сөз» («Несколько слов о киргизском праве и народном суде») деген атаумен бастырып шығарады. Бұл ретте Ж.Досмұхамедұлының Орал қаласынан қуғындалуы да осы мақалаға байланысты болғанын еліміздегі тарихшылар нақты дәлелдермен келтіріп жазып жүргенін айта кетуіміз керек. «Уральский листок» газетінде шыққан аталған дипломдық жұмыстан алынған мақаласы бойынша зерттеуші ғалым Д.Сүлейменова «Ж.Досмұхамедов қазақ халқының өткен тарихында мемлекеттік басқару жүйесі болған, оның дәлелі Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деген пікірде болды» деп көрсету арқылы мақаланың құндылығын айрықша бағалайды.
«Қазақтың әдет заңының негізгі ұйғарымдары және оларды жүзеге асырушы орган ретіндегі халық соты» тақырыбында жазылған дипломдық жұмыс бүгінгі магистрлік диссертация жұмысының салмағымен пара-пар деуге болады. Сонымен қатар жаңадан табылған дипломдық жұмыс бұрын еш жерде жарияланбаған және қазақ мемлекеттілігі мен оның құқықтық негіздері, әдет-ғұрпы тұрғысынан тарихи құнды дереккөз деуге болады. Дипломдық жұмыстың сыртқы мұқабасына Ж.Досмұхамедовтың ғылыми жетекшісі «құқықтану профессоры А.Д. (тегі оқылуға келмейді)» «Толық қанағаттанарлық» деп бағалап, тұсына қаламмен қол қойған. Жалпы алғанда 35 беттік ғылыми жұмыс мынадай бөлімдерден тұрады: І. Күнделікті құқықтардың мәні және ішінара жат халықтардың құқықтары туралы; ІІ. Қырғыз-қазақ күнделікті құқықтарының сипаттамасы, қырғыздардың құқықтық дамуына әртүрлі сыртқы ықпалдар; ІІІ. Халықтық криминалистика және азаматтық құқықтық қатынастар саласындағы қырғыз күнделікті құқықтарының кейбір ережелері; IV. Тарихтағы халықтық сот; V. «Далалық ереже» бойынша халықтық сотты ұйымдастыру. Қорытынды». Қорытынды бөлімі мүмкіндігінше халықтық сотты сақтау мен қайта жаңғырту мәселелеріне арналған.
Ж.Досмұхамедовтың кандидаттық жұмысында қарастырылған қазақтар арасындағы құқықтық ережелер мен билер соты мәселесі дәл осы кезеңде орыс зерттеушілері аса қызығушылық танытқан мәселелердің бірі еді. Ғылыми жұмыста қазақтардың күнделікті құқықтық мәселесі бойынша жазылған Крафттың («Судебная часть в Туркестанском крае»), Добромысловтың («Суд у киргиз Туркестанской области в XVIII и XIX веках»), Словохотовтың («Народный суд обычного права киргиз Малой Орды») көлемді тарихи еңбектері мен журналдарда жарияланған Харузиннің, Н.Максомовтың, Дингельштедтің, А.Зуевтың, тағы да басқалардың мақалалары, сондай-ақ Д.Самоквасовтың «Сборник обычного права сибирских инородцев», Гурляндтің «Степное законодательство с древних времен по XVII столетия» деп аталатын зерттеу еңбектерін нақты атап көрсетеді. Дегенмен, Ж.Досмұхамедов аталған зерттеулердің «көпшілігі алғашқы таң қалу нәтижесінде жазылған, бағалау барысында субъективтілікке көбірек орын берген, бұл жағдай оларға маңызды ғылыми жұмыс сипатынан қарағанда авантюризм сипатын береді, сондықтан бұл жұмыстардағы ненің қара екендігін нағыз қазақ тұрмыс тіршілігін білетін ғалымдар ғана жаза алады» деген тұжырым жасайды. Ж.Досмұхамедовтың патшалық биліктің қазақ халқы саяси сана-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына барынша кедергі келтіріп отырғанын осы студенттік жылдарында түсінгенін аңғаруға болады. Сондықтан ол өз еңбегінде құқық мәселесі бойынша тереңірек зерттеп, ғылыми және көпшілік қауым үшін қазақтар арасындағы қарапайым құқықтық қатынастардың гумандылығын, тікелей адам мәртебесін жоғары ұстауын және келісімділікке бағытталғанын шынайы көрсетумен қатар, қазақ мемлекеттілігінің құқықтық негіздері болғанын, мәдениетінің жоғарылығын, сол кезеңдегі халық арасындағы орыс саясатының озбырлықтарын, ережелеріндегі кемшіліктерін көрсетуге талпыныс жасады.
Сондай-ақ еңбекте Мұхамеджан Тынышбаевтың «Өлім немесе өмір...» («Смерть или жизнь...») деп аталатын мақаласына сілтеме береді. М.Тынышбаевтың бұл мақаласы Санкт-Петербург қаласында шығатын «Рассвет» газетінде жарияланған. Осы сілтемеде берілген М.Тынышбаевтың мақаласы Жаһанша Сейдалиннің «Түземдік» лақап атымен «Петербургские ведомости», «Рассвет», «Мусульманская газета», «Русь», тағы да басқа басылым беттерінде қалың қазақтың сол кезеңдегі өзекті мәселелері, терең тарихы мен бай мәдениеті туралы жариялаған мақалаларымен тығыз байланыста жазылған. Бұл басылым беттерінде жазылған қазақ тарихы бойынша құнды мәліметтер беретін мақалалар кеңінен ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді.
Қайраткердің кеңес қуғындауы кезінде тағылған айыптарының бірі де осы Алаш қайраткері М.Тынышбаевпен байланысты еді. Бұл Ж.Досмұхамедовтың «1932 жылы 20 сәуірде Қазақстан ОГПУ Үштігінің «1921 ж. Ташкентте М.Тынышбаевпен бірге астыртын ұйым құрды және Кеңес өкіметіне қарсы қимыл жасады» деп айып таққан қаулысымен Воронеж қаласына бес жыл мерзімге жер аударылуы» (Тілешов Е, Қамзабекұлы Д, «Алаш қозғалысы») студенттік жылдарда басталған патшалық Ресей саясатына қарсылығының аты өзгерген Кеңестік билігі саясатына да қарсы идеялас қайраткермен бірге болғанын нақтылай түседі.
Сонымен қатар Ж.Досмұхамедовтың студенттік кандидаттық жұмыс тақырыбын «Қазақтың әдет заңының негізгі ұйғарымдары және оларды жүзеге асырушы орган ретіндегі халық соты» деп таңдап алуында Алаш Орда үкіметі мүшелерінің бірі, қоғам қайраткері С.Сабатаевтың ықпалы болған секілді. С.Сабатаевтың Мәскеу Ауылшаруашылық институтында оқып жүрген кезеңі мен Ж.Досмұхамедовтың Императорлық Мәскеу университетінде оқуы тұспа-тұс келеді. Бұл олардың арасында тығыз қарым-қатынас болғанын дәлелдей түседі. Сонымен қатар мұндай пікір білдіруімізге тағы бір себеп – оның студенттік кітапшасының соңында «Досмухамедов, ул. Кар.-Садовая 218, 11» деген қаламмен жазылған Ж.Досмұхамедовтың мекен-жайы туралы мәлімет бар. Олар өзара байланыста болып, Ж.Досмұхамедовтың аталған тақырыпта зерттеу жасауына кеңес берді деп тұжырым жасауымызға негіз болды. Өйткені, 1899 жылы С.Сабатаев далалық облыстарды зерттеуге бағытталған Ф.Щербина экспедициясы құрамында (Ақмола, Семей, Торғай) тіркеуші ретінде қызмет атқарып, осы экспедиция құрамында қазақ халқының «Торғай облысының кейбір уездері мен басқа да далалық облыс аймақтарында қолданылатын ақсақалдар соты мен үштік соты» туралы жинақтаған материалдары негізінде зерттеу мақаласын жазады. Зерттеу мақаласы «Торғай облысы Қостанай уезі қырғыздарындағы ақсақалдар соты және үштік сот» деп аталады. Мақала 1900 жылы Императорлық Мәскеу университетінде құрылған Жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойларының Императорлық қоғамы ұйымдастыруымен жарияланатын «Этнографиялық шолу» («Этнографическое обозрение») журналында шығады. С.Сабатаев осы қоғамның мүшесі болған. Өйткені бұл журналға тек осы қоғам мүшелерінің ғана мақалалары жарияланып отырған.
С.Сабатаев пен Ж.Досмұхамедов еңбектерінің тақырыптық ұқсастықтары, зерттеу жұмысында қарастырған мәселелерінің, жасаған тұжырымдарының үндестігі байқалады. Дегенмен, екіншісінің ғылыми негізде маман тұрғысынан кеңінен зерттеліп жазылғаны анық көрінеді. Ж.Досмұхамедовтың қазақтар арасындағы қарапайым құқықтық қатынастарға арналған еңбегінде бұрын кездеспейтін және халықтың әдет-ғұрпына енген құқықтық ережелер мен нормалар шынайы, ақиқи негізде сипатталып жазылады. Бұл еңбек осы тақырып бойынша жазылған алғашқы зерттеу жұмыстарының бірі және өзінен кейінгі осы бағыттағы зерттеулерге жол ашып берген ғылыми жұмыс болуымен құнды.
Сонымен қатар Ж.Досмұхамедұлы аталған ғылыми жұмысында ХІХ ғасырда қазақтар арасындағы патшалық саясатты жүзеге асырудың құралына арналған заңдық ережелердің құқықтық қатынастарды реттей алмағанын салыстырмалы түрде ашып көрсетеді. Бұл туралы «Қырғыздардағы қазіргі сот әділ сот төрелігінің қарапайым элементтерін қамтамасыз ете алмауда, мұнда тіпті сот та жоқ деуге болады, мұнда тек сот шешімін сататын сауда ғана бар» деп орыс отарлауымен бірге келіп, ел арасына кеңінен таралған жемқорлықты сынайды. Жемқорлықтан құтылудың жолы қазақтың ескі құқықтық жүйесін қалпына келтіру ғана емес, халықтық сот институтын заманға сай қайта жаңғырту деп ұсыныс білдіреді.
Зерттеу еңбек келешекте қазақ тарихының беймәлім тұстарын толықтыра түсетініне сенімдіміз. Қайраткер тұлғаның дипломдық жұмысында қарастырып жазған мәселелерінің бәрі де өзекті, тарихи құнды құжат ғана емес, ардақты қайраткерлеріміздің елін, жерін, мәдениетін, ұлтын жүрекпен сезініп, жанын бере еткен қызметінің көзіндей. Аталған тарихи құжатпен таныса отырып Алаш азаматтары құнды мұрасының қатпарлары әлі де зерттеуді қажет етеді деп тұжырым жасауға болады.
Мұхтар ИСАЕВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, PhD