Астанада қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен студентттер жатақханаларын салу бойынша жобалық кеңсе ашылды. Фронт-офистің негізгі міндеті – жатақханалар салу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сол сияқты ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету.
«Елордаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қалада 15 жоғары оқу орны бар, онда 67 мыңға жуық студент оқиды. Олардың бір бөлігі бұл қаладан емес. Жауапты министрлікпен бірлесіп инфрақұрылымды құру бойынша жұмыс жүргіземіз. Жатақханаларда кезең-кезеңімен орын дайындаймыз. Бұл жұмыс инвесторларды да, жоғары оқу орындарын да жұмылдыра отырып жүргізіледі. Біз өз тарапымыздан жер учаскелері мен әкімшілік мәселелер бойынша көмек көрсетеміз», деді Астана әкімі Ж.Қасымбек.
Биыл «Қаржы орталығы» АҚ Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген жаңа тетік бойынша субсидиялауға және басқа да мәселелерде көмек көрсетеді. Бұл тетік жаңа жатақханалар салу кезінде әрбір төсек-орын үшін субсидиялауды көздейді.
Инвесторлар, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және бірқатар ЖОО арасында студенттік жатақханалар салу бойынша ары қарай да жемісті ынтымақтастық орнату туралы меморандумдар жасалды.