Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Ресейде жылдық инфляция сәуірде 1,56 пайызға дейін баяулады (наурыздағы 3,51 пайызбен салыстырғанда). Аталған елдегі инфляцияның күрт төмендеуі Қазақстандағы инфляцияның баяулауы үшін жағымды фактор болып есептеледі. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) индексінің орташа мәні сәуірде ұлғайып, 127,2 пункт болды. Наурыздағы көрсеткіштен 0,6 пайызға жоғары. Бұл жылдық төмендеуден кейінгі азық-түлік тауарлары бағасының алғашқы өсуі. ФАО азық-түлік бағасы индексінің айтарлықтай өсуінің маңызды факторы – қант бағасының қымбаттауы болды. Астық, сүт өнімдері бағаларының индексі төмендеуді жалғастырды. ФАО индексінің бұлай жоғарылауы әлемдегі дезинфляциялық үдерістің тұрақсыздығынан хабар береді», деп мәлімдейді орталық кезекті шолуында.
Олардың айтуынша, еуроаймақтағы жылдық инфляция сәуірде 7 пайызға дейін артты. Бұл – бес айлық төмендеуден кейінгі алғашқы өсім. Қазақстанның маңызды сауда серіктесі – ЕО-дағы инфляция өсімі – әлемнің алдыңғы қатарлы экономикасындағы төмендеудің орнықсыздығын байқатады.
«Қытай экономикасының ашылуы мұнайға деген жоғарғы сұраныс үмітін ақтамады. Қазір «қара алтын» бағасы барреліне 75 доллардың маңайында саудалануда. ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін ерікті түрде төмендетуі, соның ішінде өндірістің Қазақстанда тәулігіне 78 мың баррельге қысқаруы мұнай бағасы өсіміне ұзақ мерзімді эффект бере алмады. Аталған фактор ұлттық валюта бағамына қысым жасай отыра проинфляциялық факторға айналуы әбден мүмкін. Қазақстанда жылдық инфляция наурыз-сәуірде төмендеуді жалғастырды. Алайда сыртқы және ішкі факторлар динамикасы аталған дезинфляциялық үрдістің тұрақты емес екенін байқатып отыр. Көп жағдайда Қазақстандағы жылдық инфляцияның төмендеуі жоғары базалық әсерге байланысты, ал ай сайынғы инфляция жоғары қарқынмен өсуін жалғастыруда», делінеді шолуда.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Қазақстан инфляцияны екі есе төмендету межесін орындай алады.
«Бізде былтыр инфляция 20 пайыздан асып кетті. Биыл ол цифрды кем дегенде екі есе төмендеткіміз келеді. Арнайы кешенді жоспар әзірлеп отырмыз. Онда ішкі нарықтағы отандық тауарлардың пайызын жоғарылату көзделген. Осы жоспарды орындау үшін тиісті бюджет қаражаты бөлінеді. Сонымен қатар инвестиция да тартамыз. Қазір тауарларды сақтау және тасымалдау тетігін жақсарту жоспарланып жатыр. Көп жағдайда өндірушілер өндірген тауарлар тұтынушыға тиісті сапада жетпейтіндіктен бұлай істеудің қажеттілігі жоғары болып тұр», дейді министр.