Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ
1932-1933 жылдар қазақ ұлты қолдан ұйымдастырылған аштыққа ұшырап, қақ жартысы қара шыбындай қырылған қасіретті жылдар. Геноцид! Міне, осы тұста «Социалды Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газеті бетінде 1932-1933 жылдары ұлт тілі хақында біраз уақыт айтыс жүреді. Оған Мұстафа Қайыпназарұлы, Қажым Басымұлы, Сәрсен Аманжолұлы қатысады. Тілші ғалым болмаса да жалындаған жас журналист Бейсембай Кенжебайұлы (Ғани Мұратбаевтың шәкірті) 1932-1933 жылдары тіл тағдыры саудаға түсіп жатқанда жанұшырып мақала жазып, азуын айға білеп ашына сөйлейді. Ол бір рет емес, екі дүркін оралыпты бұл мәселеге. «Қазақ тілі туралы», «Тағы да қазақ тілі туралы» аталатын бірін-бірі байытатын қос мақала өзінің мазмұн байлығымен, мәселені өткір де дұрыс қоюымен күні бүгін де құнды. Бейсекең мақаласының сапа-салмағын жете пайымдау үшін аға газет бетінде жүргізілген ол айтыстың нендей айтыс екенін түсініп алуымыз, жұртқа жете ұғындырып жеткізе айтуымыз керек.
Жалпы ұлт тілінің тағдыры кеңес өкіметі орнаған күннен бастап мәселе ретінде көтерілген де, КСРО ыдырап кеткенше күн тәртібінен түскен де емес. Әуелде КСРО-да ұлт тілдері ұлттық республиканың мемлекеттік тілі ретінде мойындалған. Бірақ ұзамай ұлт тілін ұлт республикасының өзінде шектеп, едел-жедел орыс тілімен «будандастырып» жіберудің амалын жасайды. Бас дирижері – қандықол И.Сталин. Бұған бұрынғы Түркістан түгел көніп, Армения, Грузия, Әзербайжан секілді республикалар өз дегенімен ұлттық тілін, ұлттық әліпбиін сақтап қалады. Ұлт республикаларында ұлт тілі мемлекеттік тіл мәртебесінде қала тұра, іс жүзінде іс-қағаздары орыс тіліне икемделе береді. Ұлт республикаларында мемлекеттік тіл мәртебесі үшін дүркін-дүркін қозғалыс болып тұрғаны мәлім. Айталық Әзербайжан КСР-і 1956 жылы 21 тамызда ұлт тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі қағаз жүзінде қалып қойғанына қарсылық танытып, Үкіметтің 1937 жылғы Қаулысына түзетулер енгізіп, республикада барлық іс-қағазды ұлт тілінде жүргізуге бағыттады. Өкінішке қарай, 1920-жылдары ана тілі, жалпы түркі тілдері үшін жан аямай күрескен қазақ зиялылары 1930-шы, 1950-жылдары ондай ерлікке бара алмады.
Тарих парағына айналып үлгерген көне баспасөз беттерін аударыстырған кісі ұлттық тіл үшін күрес базбір республика зиялылары тағдырында там-тұмдап болса да кездесетініне көзі анық жетеді. Ал бізде ше? Бізде баспасөз бетінде ана тілінің атынан сөйлеушілер өз пікірімен ұлт тілінің беделіне бедел қосып мерейін көтерді ме, болмаса басқыншы саясатқа құл болып ана тілінің абырой-беделін түсірді ме? Ол өз алдына бір мәселе. Уақыт өте келе олардың пікірі тарих таразысымен безбенделеді. Бір ғажабы ана тілін зерттеп нан жеген, атақ-абыройға қолы жеткен айтулы адамдардың өзі саясат құрығына түсіп, ана тілі жайында арзан сөз айтып, туған тіл тағдырын аяқасты еткен сәттер жиі кездеседі. Керісінше кейбір қарапайым жандар ана тілінің – қазақ тілінің тағдырына қауіп-қатер үйірілген сын сәтте шынайы перзенттік болмысын көрсетеді. Демек, ана тілінің патриоты болып көріну мен ана тілінің перзенті болудың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Қалай десек те жалған жалтырау мен барымен жарқырау арасын тарих-таразы безбендейді. Осындай сын сәтте мерейі үстем болуға тиісті жанның бірі тағы да аяулы ғалым, қазақ әдебиеті тарихын зерттеу мектебін қалыптастырған профессор Бейсембай Кенжебайұлы.
Бейсекеңнің әдебиет тарихымен бірге қазақ тілінің тағдыры жөнінде де әр кезде жазған полемикалық мақалалары, ойлы пайымдаулары мол. Олардың кейбірі, кезінде мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген, енді бірсыпырасы күнделік дәптерінде сақталып келеді. Бір ғажабы – кезінде жарияланғанының өзі бүгін жаңғырып қайта сөйлеуге сұранып тұрады. Бұл – ғалым мақаласының өрелілігі, қазақ тілі жайлы тұжырымдамасының мұғдарлылығы. Ғалымның осындай жазбаларының басында отызыншы жылдары жазылып «Социалды Қазақстанда» жарияланған «Қазақ тілі туралы» (1932), «Тағы да қазақ тілі туралы» (1933) аталатын полемикалық мақалалары тұр. Ана тілі тағдыры үшін арпалысты айтыс мақалалары – Бейсекеңнің ерен рухани ерлігі саналуға тиіс дүниелер. Қандай қасиеттерімен?
Айталық, алғашқы «Қазақ тілі туралы» деп аталатын мақаласы Мұстафа Қайыпназарұлының «Қазақ тілін өркендетуге басшылық күшейтілсін» деп аталатын мақаласына қарсы жазылыпты. Тақырыбы әп-әдемі мақалаға ғалым неге қарсы? Мәселе мақаланың мазмұнында. Мұстафа Қайыпназарұлы мақаласында: «Социализм бүтін жер жүзінде жеңіп, әбден орнығып, қалыптасып кеткен уақытта ұлт тілдері аяқсып, бір ортақ тілге айналып кетуі сөзсіз» деген Сталин нұсқауын жүзеге асыра беру бағытын ұстауымыз керек. Шет тілдерді үйренуді күшейту керек. Әсіресе орыс тілін үйренуге ерекше зер салу қажет; жалпы пролетариат мәдениетіне жетуде бұл тілдің көп себебі тиеді», деп жазыпты. Иә, мақаланың тақырыбы басқа да, мазмұны бөлек. Осыны тап басып айтқан, қатты сынаған адам – Бейсембай Кенжебайұлы.
Ол «…Мұстафа жолдас мақаласында не қазақ тілін өркендету туралы, не қазақ тілін өркендетуге басшылықты күшейту туралы ешбір сапалы пікір айтпаған, сара жол көрсетпеген. Оның орнына өзі сезсін, сезбесін, бір жерде бас десе, екінші жерде құлақ деген, құр сапырушылыққа салынған», деп қатты тойтарыс беріпті. Мұстафа Қайыпназарұлының әлгіндей солақай пікірлерін алға тарта отырып: «Мұның мәнісі не болады? Мұның мәнісі солақайланғандық болады. Мұстафаның бұл солшыл пікірі ұлы орысшылдардың отына май құяды. Өте зиянды пікір. Ұлы орысшылдар социализм болғанда барлық ұлт бірігіп кетеді. Олардың тілдері де бір болады – жалпы тіл болады. Олай болса, ұлт айырмасын жоғалтатын мезгіл жетті; бұрынғы езілген ұлттар мәдениетінің өркендеуіне жәрдем беру саясатынан бас тартатын мезгіл жетті дейді», деп зиянды пікірдің әлеуметтік астарын терең қазып жете әшкерелейді. Ойлап қарайықшы, осы толымды да, толғақты ойлар әлі жасы отызға жетпеген жас жігіттің жетелі ойлары.
Ұлт тілі мәселесінің күн тәртібіне қойылуының қауіптілігі, оған тойтарыс берген Бейсекең мақаласының қызықтылығы, оттылығы сондай, одан әрі оқи бергің келеді. Өйткені мақалада отызыншы жылдардағы қазақ интеллигенциясының ұлт тілінің түбіне жететін, қадірін кетіретін тексіз, қасиетсіз бейтарап мінездері ащы берілген. Жазушы М.Қайыпназарұлының сондай мұрт-мерез, бейжай, өзімшіл нигилист интеллигенцияның ортақ пікіріне күйіне сөйлейді. «Тағы да айтамыз, Мұстафа жолдас Ленин пікірін түсінбепті. Ұлы орысшылдардың Ленин пікірін бұрмалағаны сияқты, Ленин пікірлерін бұрмалапты. Қазақ тілінің қамқоршы кісісі сияқты «Қазақ тілін өркендетуге басшылық күшейсін», деп сөз бастаса да, ақырында қазақ тілін құртуға қам істепті, асығыпты. ...Жасырар сыр жоқ, Мұстафа жақсы біледі, осы күнгі қазақ оқығандарының, оның ішінде басты коммунистердің біразы – қазақ тілінің қажеті жоқ дейді; қазақ тілін елемейді, менсінбейді. Қазақтың әдебиетін – газетін, журналын оқымайды. Мұстафа қазақ тілінің шын қамқоршысы болса, қазақ оқығандары арасындағы осы сияқты зиянды пікірді ашуы керек еді. Қазақ еңбекшілері жұртшылығын осыған қарсы күресуге үндеу керек еді; мақаласында Мұстафа бұл туралы Ленин ғылымдарын бұрмалап, қазақ тілінің қажеті жоқ дейді. Оны жоюға осы бастан қам істеу керек деп ұлы орысшылдыққа салынып, ұлы орысшылдар отына май құйып жүргендердің бірі екенін көрсетеді», деп ашына жазыпты Бейсекең мақаласының және бір жерінде. Тегі шуаш В.И.Лениннің ұлт теориясына табан тірей отырып, «Ұлттардың тілі жөнінде көсем Сталин қателеседі», деп жібереді.
Мақаланы оқып отырып, апыр-ау, бұл тұп-тура бүгінгі мәңгүрттенген қазақ интеллигенциясы (зиялы деуге ауыз бармайды) хақында бұлжытпай айтылған сөз ғой деп ойлайсың. О, Құданың құдіреті, тап бүгінгі «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп қойып, оны іс жүзінде тұтынбауымыз, қайта сағын сындырып тұқыртуға тырысуымыз сияқты.
Арада тоқсан жылдық қира-кезең уақыт жатыр жосылып. Ал ана тіліне немқұрайлық арта түскен. Мақала авторының батыл да, көреген пікіріне қайран қаласың. «Қай уақытта да ұлт – мансапқор интеллигенциясынан (зиялысынан емес – автор) шіріп, шын зиялысының рух мықтылығынан, сараман таным, мінез табандылығынан ғана өркендейді екен-ау деп ой түйесің. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақтағы тағдыры да осы ұлттың басшы, қосшы зиялы кадрларына тікелей тәуелді екен-ау...»
Бейсекең ұлттық нигилистерді сынап қана қоймайды, ана тілін олардың шаң басқан миы мен май басқан жүрегінен, тіпті қанды шеңгелінен қалай арашалау керектігін де айтады. Мына бір пікір соның куәсі: «Қазақ тілінің қажеті жоқ, оны жоюға осы бастан қам істеуіміз керек деу барып тұрған ұлы орысшылдық, пролетариат үстемдігінің мүддесіне қайшы келетін кертартпашылдық. Қазақ тілін өсіруіміз керек. Сол арқылы қазақтың қара бұқарасын мәдениетке жетілдіруіміз керек. Біз қазақ тілін өркендетеміз, өсіреміз, сол арқылы қазақтың қалың бұқарасын мәдениетке жетілдіреміз десек, алдымен қазақ тілінің «қамқоршысы» Мұстафаға, қазақ тілінің қажеті жоқ, оны жоюға осы бастан қам істеу керек деп жүргендерге, ұлы орысшылдарға қарсы большевикше күресуіміз керек».
Жап-жас журналист жігіттің мақаласын қайыра оқып отырып, тағы да бұл жайлардың бәрі тап бүгін арамызда бар құбылыс қой, тап бүгін ана тілінің атынан жүзеге асырылуға тиісті мәселелер ғой деп ойлайсың. Ана тілін дамыту жөнінде күні кешеге дейін Бейсекең айтқан көріністен қара үзіп алыстап кете алмағанымызға ішің удай ашиды. Тағы да Бейсекең жазады: «Қазақ тілін байытамыз деп оған шет елдердің керекті-керексіз, маңызды-маңызсыз сөздерін кірістіре бермеуіміз керек. Қазақ тілін шұбарламауымыз керек. Шет елдердің лажсыз алынатын сөздерінің мүмкін болғандарын бұзбай іздестіріп алуымыз, сингармонизм заңымен алуымыз керек. Сонда ғана қазақ тілі жеңіл болады. Қазақтың қалың қара бұқарасына түсінікті болады».
Міне, қадірлі Бейсекең ана тілінің бағасын арзандатқысы келген Мұстафа Қайыпназарұлының мақаласына тойтарыс беру мақсатында жазған «Қазақ тілі туралы» аталатын мақаласының айтары, мән-маңызы. Бір қайран қалатыны – әлі күнге осы мақалада айтылған жайлар күн тәртібінен түспеген. Бір қайран қалатыны – осы мақаласын жазып, жариялағанда Бейсембай Кенжебаев 29 жаста ғана, ал біздің қазіргі жастарымыз ана тіліне жанашыр болып, осындай орда бұзар отты, ақылды сөз айтып, дауылды мінез көрсетуге дайын ба? Әй, қайдам...
Ә, айтқандай, Бейсекең мақала жазды, ал сонда ол жеңіске жетті ме? Ана тілінің мерейі үстем болып, мәртебесі артты ма? Бұл сұрауға жауап беру үшін «Социалды Қазақстан» бетіндегі жоғарыда аталған тіл тағдыры туралы айтыстың алға барысы, немен аяқталғанына зер салуымыз керек. Қазақ тілі жайлы айтысқа Бейсекеңнен кейін сол кездің өзінде белгілі ғалым атанып үлгерген Сәрсен Аманжолұлы, Қажым Басымұлы жолдастар қатысыпты. Олар ана тілін – арым деп санаған жас жігітке дүрсе қоя беріп ұрсыпты. Нақты айтқанда, Сәрсен Аманжолұлы: «Ескі тіл білімінің негіздерімен таныспаған Мұстафа мен Бейсембай олардың қандай зиянкестік жасағанын да, қандай қисынмен қазір де зиян істеп отырғанын сезбесе керек. Бейсембай мен Мұстафаның жазғаны, ұсынғаны төңкерісшілдікке төнбеген, «тәжірибелері қисынсыз, ақымақ, төңкерісшілдердің бағытсыз, тәжірибесіз, ойлаусыз соқыр қисындары» (Сталин)», деп келемеждей жазыпты. Ал Басымұлы болса: «...Бейсембайдың мақаласы байшыл, ұлтшылдардың батпағына былғанудан сау емес... Алашордашыл ұлтшылдар бұрынғы ақсақалдықты капитал қоғамына қолдануға қолын жеткізу үшін біздің тіліміз жас. Оны бағу-қағу керек...» дейтін. Олардың арманы қазақтың тап мүддесін орындау болатын. Біздің Бейсембай өзі сезсін, сезбесін солардың ізімен кетіп отыр», деп жазыпты. Ол кезде қарсыласын оңай да жедел жолмен ұлтшылдық жарғысын тағып қоя беріпті. Ол кезде «ұлтшыл» атану – қатер!
Оппоненттерінің не тұрлауы, не байлауы жоқ пікірлеріне Бейсекең қалай қарады? Ол қолма-қол «Тағы да қазақ тілі туралы» деп аталатын айтыскер мақаласын жазып, «Социалды Қазақстан» бетінде жариялатты. Өзінің оппоненттері хақында айта келіп «Қысқасы мені ойсыз, мыйсыз, ақымақ та деді; байшыл-ұлтшыл, пантүрікшіл, үнді европашыл да деді. Маған жаппаған айыптары қалмады. Жасыратын сыр жоқ, мен Аманжолұлы, Басымұлы жолдастар сияқты тіл профессоры, тіл маманы емеспін. Қазақ тілі туралы мақала жазғанда мен тіл ғылымын соңына түсіп тексеріп, білімім тасып, мамандығым ұстап жазған жоқпын. Ол мақаланы мен «Қазақ сөздерінің әрі феодалдық сөз, бүгінгі социалдық заманға қолайсыз, керексіз сөз», «Қазақ тілін жоюға осы бастан дайындалуымыз керек», «Шет тілдерді талғамай, ала беруіміз керек…» деп солшылдыққа салынып, партияның жалпы мәдениет, оның ішінде тіл жөніндегі саясатын: нұсқауларын бұрмалауға төзе алмай жаздым, қазақ тілі жөніндегі «оңшылдыққа», «солшылдыққа», ұлы орысшылдыққа қарсы жаздым. Көріп, біліп отырған соң бұларға қарсы күресу міндетім деп, коммунистік міндетім деп жаздым», деп билеуші коммунистік партия жамылғысын жамылып алып тойтарыс береді. Ол кезде басқаша мүмкін емес.
Бұрынғы сынның үстіне Ахметұлы деген жолдастың мақаласын қоса сынапты. Сынай келіп қазақ тілінің тарихи болмысы, тазалығы жөнінде Радлов, Сағди еңбектеріне сүйеніп, пікірін тереңдете толғапты. Ол пікірлер мынадай: «Басқа түрік елдерінің тілдеріне қарағанда, қазақ тілі бай, таза, шебер, көркем... Қазақ тілі исламның зиянды әсерінен аман қалды. Өзінің бұрынғы таза түріктік жаратылысын сақтады» /В.Радлов/. «...таза қазақ тілі, таза халықтық әдебиетіміздің шын түрлері қазақтарда болуында шүбә жоқ. Түрлі өсімдіктердің нағыз тіліміздегі аттары дейсіз бе, батырлар, қаһармандар жөніндегі табиғи сурет дастандар дейсіз бе, терең мағыналы халық мақалдары, жұмбақтар, жырлар, тақпақтар дейсіз бе, бәрін де бір ғана қазақ тілінен табу мүмкін» /Ғ.Сағди/.
Міне, осындай көреген пікірлерді алға тарта отырып Бейсекең қазақтың нағыз, бай, байырғы тілдік қорын бойында сақтаған бай ауыз әдебиетінің өз дәрежесінде зерттелмей отырғанын өкініш ете айтады. Қазақ тілін өркендету үшін әсіресе екі шара керек деп біледі. Олар: «1. Қазақтың тіл байлығын, сөз қорын пайдалануымыз, іске асыруымыз керек. Ол үшін ауыз әдебиетімізді жинауымыз, зерттеуіміз, халық сөздерінің сөздігін жасауымыз керек. 2. Шет сөздерді, қазақтың өзінде жоқ, жер жүзіне ортақ сөздерді іріктеп алуымыз, пайдалануымыз керек. Ол үшін орыс-қазақ словарын шығаруымыз керек» («Социалды Қазақстан», № 187, 15 тамыз, 1933 жыл), деп ойын түйіндейді.
Бір-бірімен сабақтас қос мақала да ұлт тілінің тағдырына төніп келе жатқан қауіпті терең сезе отырып, оны қорғаудың, сақтаудың жолы – өз ана тілімізге немқұрайлы қарамай, оны аса ыждағаттылықпен дамыту екенін басын бәйгеге тіге отырып, қызына айтудың ғажап үлгісі.
Тәуелсіздік алуымызға байланысты ұлт тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы күн тәртібіне көтеріліп қана қойған жоқ, әуел баста мемлекеттік тіл функциясын дұрыс атқарып, орнында мығым тұрған тілді тұрған орнында мызғытып, қоғамдық рөлінен сырғытып жіберуге септескен аяр жандар да талқыға бірге түсуге тиісті бүгін. Осы жайларды ойлағанда емеурін жоғарыдан болғанымен алдына түсіп емпеңдеген, уақытша, теріс саясаттың құлына айналып Анамыз – ана тіліне қиянат жасаған, ана тілімізге ауыр сөз айтып анамызға қол көтергендей болған өзіміз екен. Атақ-дәреже не істетпейді? Атақ-дәреже атымен оянып келе жатқан ұлттық санамыздың өзін тұмшалап, қылғындыра бағындырып тұншықтырыппыз сонау отызыншы жылдары-ақ. Бүгіндері ұлт тілінің ұлттық дербестігі, республикаларда мемлекеттік тіл болуы Ай мен Күндей ақиқат бола тұра дауға айналуы, ана тілін өркендетудің заң қабылдаудан өзге шешімді істерінің өте баяу жүргізілуі де сол өзіміз қолдан қылғындырып өлімші еткен ұлттық сананың қайта жандана алмай жатуынан болса керек.
Бейсембай Кенжебайұлының тіл туралы толғаныстарын оқыған оқырман бір жайды айқын пайымдайды. Ол жергілікті халықтың, ұлт тілінің тарихы төрт дүркін айрықша қоғамдық мәселе ретінде көтерілді. Алғаш рет – отызыншы жылдары, екінші рет – елуінші жылдардың аяғы мен алпысыншы жылдардың басында, үшінші рет – сексенінші жылдардың аяғында, соңында бүгінгі күндері.
Біздің байқауымызша, ұлт тілдері жөніндегі лениндік нормалар әлі күрт бұрмаланып үлгермеген отызыншы жылдары ұлт тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі әлі ашық дауға айналмаған. Ресми іс-қағаздар жергілікті ұлт тілін үйренуге, білуге тиісті деген шешім әлі шешіндірілмеген секілді. Сөйте тұра «Социалды Қазақстан» бетінде жүргізілген полемикаға қарағанда, жергілікті ұлт тілінің мемлекеттік хұқы жөніндегі ұстанымдар сол ұлттың мансапты халық тағдырынан артық көретін, жақсы көріп, ұлт тағдырынан жоғары қоятын нигилист-мансапқор өкілдері қолымен бұрмалана бастағанын байқаймыз. Бұл – ұлт тілінің мемлекеттік мәртебесіне «аға газет» атанған «Социалды Қазақстан» арқылы жасалған алғашқы шабуыл еді. «Қазақ тілі туралы», «Тағы да қазақ тілі туралы» аталатын өзара өзектес, сабақтас мақалалар сол кезде отызға толмаған жап-жас қарапайым журналист, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Бейсембай Кенжебайұлының сондай ұлт нигилистеріне, нигилистік әсіре орысшылдық көзқарасқа қарсы қаһарлы үні, жаны шырылдап жүріп, ана тілін қасық қанындай сақтап, арындай ашына қорғап жазған қаһармандық мақаласы! Қазақ халқын аштық қаумалап, есін алып жатқанда кейбір ұлт нигилистерінің теріс саясат құрбанына айналып, ұлт тілінің тамырына балта шапқандай етіп тағдырын қылтадан қиғысы келіп зиянды мақала жазғанына қорланасыз. Халқын аштық қинап, қынадай қырса да «орнында бар оңалар» деген үмітпен, көзі қарауытып жүріп, сол ұлттың ең аяулысы – ана тілін қорғап Бейсембай Кенжебайұлындай қаламгердің жан ұшырып тойтарыс мақаласын жазғанына қуанасың. Ол кезеңде ұлт тілін қорғап, ұлы орысшылдықты қасқайта сынап мұндай ащы мақала жазу – басын бәйгеге тігу! Замана зәйіліне қарамай, бас амандығын, мансап шаттығын күйттемей, басын бәйгеге тігіп, тәуекелмен тас жұтып әлгіндей мақала жазу ерлік, тіпті қаһармандық емей немене? Иә, Бейсембай Кенжебайұлы ұзамай облыстық газет редакторлығынан қуылды... Бірақ ел аузында, «аға газет» аталатын «Социалды Қазақстан» бетінде оның ерлікке пара-пар ісі қалды...
Қыл-қысқасы, бұл табанды ғалымның тағы бір ерен рухани ерлігі.
Өткенге зер салып, тарихи сәтке қайырылу – тарих үшін ғана болмас, бүгін үшін, бүгінгі һәм келер ұрпақтың тұмшаланған санасын ашу үшін шығар асылы. Ол мақалалар қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған бүгінгі күні барға малданып, заңға алданып қол қусырып қарап отырмай, оның тілдік тұнық әуезін, оралымды ырғағын, қолдану аясын қалпына келтіру, тынысын ашып халықаралық өреде еркін қолданысқа түсуі үшін бүгінгі саналы, табанды әрекетке шақырады. Кейін көрнекті ғалым, қазақ түріктануы басында мәселе көтеріп табандап тұрған, тұра алғандықтан да ұлы тұлғаға айналып өмірден өткен.
Құлбек ЕРГӨБЕК,
«Egemen Qazaqstan» газетінің құрметті тілшісі