Атап айтқанда, 1-14 мамыр күндері Өзбекстан астанасында ұйымдастырылған ерлер арасындағы әлем чемпионатында Көк Туымызды көкте желбіретіп, Ташкент төрінде Әнұранымызды шырқатқан Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) және Нұрбек Оралбайға (80 кг) Кеңес Рақышев жарыс алдында өзі уәде еткендей 100 мың АҚШ долларын табыстаса, күміс жүлдегер атанған Дулат Бекбауовқа (67 кг) 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берді. Сонымен қатар Кеңес Рақышев Дулатқа швейцариялық сағатты да сыйға тартты.
Ал наурыз айында Нью-Делиде өткен әлем біріншілігінде ел қоржынына күміс жүлде салған Карина Ибрагимова мен Ләззат Күнгейбаева 30 мың, қола жүлдегерлер – Алуа Балқыбекова, Валентина Хальзова және Фариза Шолтай 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды.
Бокс федерациясының президенті бұл күні боксшылардың байрақты бәсекеде жеңіске жетуіне зор үлесін қосып жүрген команда өкілдері – бапкерлік құрам, кеңесшілер, кешенді ғылыми топ мүшелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Штаттағы жаттықтырушылар, жеке бапкерлер, дәрігерлер, массаж жасаушылар және басқа да мамандар 1 мыңнан 15 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды.
«Әлем чемпионаты кезінде бізге қызу қолдау көрсеткен ел жанкүйерлеріне тағы да ерекше алғыс айтамын. Федерация, команда үшін бұл – үлкен мәртебе. Біз әрқашан сенімді ақтауға тырысамыз. Қазір еліміздің бокс құрамасы әлемдік бокс рейтингінде көш бастап тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев чемпиондарымызды алғашқылардың бірі болып құттықтады. Елге оралғаннан кейін боксшыларды Ақордада қабылдап, марапаттады. Бұл еңбегіміздің еленгенін, бағаланғанын білдіреді. Бүгінгі іс-шарамыз ерекше екенін айтып өтейін. Өйткені біз спортшылар мен бапкерлерді ғана емес, алғашқы рет чемпиондарымыздың аналарын да марапаттап отырмыз. Бұдан былай бұл дәстүрге енеді деп ойлаймын. Алып анадан туады, сондықтан ақ жаулықты аналарымызға үлкен алғыс айтамын», деді Кеңес Рақышев өзінің құттықтау сөзінде.
Еліміздің бірнеше қаласынан арнайы келген чемпиондардың аналарына Кеңес Рақышев гүл шоғы мен 2 миллион теңгенің сертификатын сыйлады. Ал Өзбекстан астанасындағы әлем чемпионатында тамаша нәтиже көрсеткені үшін ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановқа 25 мың АҚШ долларымен қоса темір тұлпар тарту етті.