Бокс • 01 Маусым, 2023

Жеңімпаздарға – 100 мың доллар

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қаржылай сыйақымен марапаттады.

Жеңімпаздарға – 100 мың доллар

Атап айтқанда, 1-14 мамыр күндері Өзбекстан астанасында ұйымдастырылған ерлер ара­сын­дағы әлем чемпионатында Көк Туымызды көкте желбіретіп, Таш­кент төрінде Әнұранымызды шыр­қатқан Санжар Тәшкенбай (48 кг), Мах­мұд Сабырхан (54 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) және Нұрбек Оралбайға (80 кг) Кеңес Рақышев жарыс алдында өзі уәде еткендей 100 мың АҚШ долларын табыстаса, күміс жүлдегер атанған Дулат Бекбауовқа (67 кг) 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берді. Сонымен қатар Ке­ңес Рақышев Дулатқа швейцариялық сағатты да сыйға тартты.

Ал наурыз айында Нью-Дели­де өткен әлем біріншілігінде ел қор­жынына күміс жүлде салған Ка­рина Ибрагимова мен Ләззат Күн­гей­баева 30 мың, қола жүлде­герлер – Алуа Балқыбекова, Ва­лен­тина Хальзова және Фариза Шол­тай 10 мың АҚШ доллары кө­леміндегі қаржылай сыйақыға ие болды.

Бокс федерациясының пре­зиденті бұл күні боксшылардың бай­рақты бәсекеде жеңіске же­туіне зор үлесін қосып жүрген ко­манда өкілдері – бапкерлік құ­рам, кеңесшілер, кешенді ғылы­ми топ мүшелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Штаттағы жаттық­тырушылар, жеке бапкерлер, дәрігерлер, массаж жасаушылар және басқа да мамандар 1 мыңнан 15 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алды.

«Әлем чемпионаты кезінде бізге қызу қолдау көрсеткен ел жан­күйерлеріне тағы да ерекше алғыс айтамын. Федерация, команда үшін бұл – үлкен мәртебе. Біз әрқашан сенімді ақтауға тырысамыз. Қазір еліміздің бокс құрамасы әлемдік бокс рейтингінде көш бас­тап тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев чемпион­да­рымызды алғашқылардың бірі болып құттықтады. Елге орал­ғаннан кейін боксшыларды Ақор­дада қабылдап, марапаттады. Бұл еңбегіміздің еленгенін, бағаланғанын білдіреді. Бүгінгі іс-шарамыз ерекше екенін айтып өтейін. Өйткені біз спортшылар мен бапкерлерді ғана емес, алғашқы рет чемпиондарымыздың аналарын да марапаттап отырмыз. Бұдан былай бұл дәстүрге енеді деп ойлаймын. Алып анадан туа­ды, сондықтан ақ жаулықты аналарымызға үлкен алғыс айтамын», деді Кеңес Рақышев өзінің құттықтау сөзінде.

Еліміздің бірнеше қаласынан арнайы келген чемпиондардың аналарына Кеңес Рақышев гүл шоғы мен 2 миллион теңгенің сертификатын сыйлады. Ал Өзбекстан астанасындағы әлем чемпионатында тамаша нәтиже көрсеткені үшін ерлер құрамасының бас жат­тықтырушысы Мырзағали Айт­жановқа 25 мың АҚШ долларымен қоса темір тұлпар тарту етті.