Спорт • 02 Маусым, 2023

Үшінші қазақ таеквондошысы ширек финалда жеңіліп қалды

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан таеквондодан 26-әлем чемпионының 5-жарыс күні өтіп жатыр. Жарыс жолына Ұлттық құрама сапынан Рита Бакишева (46 кг) мен Жавохирхон Исламов (54 кг) шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үшінші қазақ таеквондошысы ширек финалда жеңіліп қалды

Рита Бакишева ширек финалға дейін сүрінбей жетіп, жүлдеге бір табан қалғанда қазіргі әлем чемпионы, 2021 жылғы Еуропа чемпионы Лина Стойковичке жол берді. Аса тартысты өткен айқастың алғашқы раундында отандастарымыз көп дәл соққы жасап, басым түсті. Алайда 21 жастағы хорватиялық таразы басын теңестіріп, осыдан кейін шешуші раундта да ұтып кетті. Рита 1/8 айналымында аустралиялық Джульет Дахудты, оның алдында испаниялық Лаура Кортегосо Лиманы айқын басымдықпен жеңген.

Жавохирхон Исламов Бурундиден келген Бенумугиша Гай Калебті ойсырата ұтып, чемпионатты жарқын жеңіспен бастаған. Алайда 2-айналымда Германия құрамасының өкілі Халед Абдель Халимнің мықты екенін мойындауға мәжбүр болды.

Ертең даянг төрінде Назым Махмұтова (62 кг) мен Нұрқанат Қожахметов (74 кг) бағын сынап көреді.

Жалпы биылғы додаға 145 елден мыңға тарта таеквондошы жиналды. Айта кетейік, Бакуде өтіп жатқаны таеквондодан XXVI әлем чемпионаты. Биылғы дода Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы аптада мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады. Бұл спортта рейтингі ең жоғары бәсеке – Олимпия ойындары (G20). Одан кейін әлем чемпионаты (G14), Гран-придің финалы (G10) мен Гран-при санатындағы жарыстар (G6) тұр. Әлем чемпионы 140 балл алса, күміс жүлде үшін 84, қолаға 50 ұпай беріледі.