Ескек есу спорты 1900 жылдан бері Олимпия ойындарының ажырамас бір бөлігіне айналып үлгерді. Парижде бұл спорт түрін ұнататын жанкүйерлер спортшылардың тартысты сайыстарын ғана емес, сонымен қатар жоғарыда айтып өткеніміздей, осы спорт түріне арнайы салынып жатқан Вер-сюр-Марне спорт кешенінің керемет көрінісін де байқай алады. 2024 жылғы Олимпия ойындарындағы ескек есу жарысының тағы бір ерекшелігі – Олимпиада тарихында екінші рет ерлер мен әйелдер арасындағы сайыстар бірдей жағдайда өтпек.
Парижде қанша ескекші өнер көрсетеді?
Ұйымдастырушылар әуелгі жоспары бойынша Париждегі Олимпия ойындарында 502 спортшы түрлі-түсті жүлделерді сарапқа салады. Яғни ерлерден – 251, әйелдерден де 251 спортшы бақ сынайды. Дегенмен Токиодағы Олимпиадаға қарағанда Париждегі додада спортшылар саны 24-ке дейін азайған. Токиода 526 спортшы бақ сынаған еді. Сонымен қатар алты жолдама жарыс қожайындары ретінде Франция спортшыларына беріледі.
Ал қалған 496 спортшы (248 ер және 248 әйел) жеті сайыс бойынша жолдамаларды өзара сарапқа салады. Яғни 58 спортшы (әр жыныс бойынша 29 жолдама) жекелей сында, 52 спортшы (әр жынысқа 26 жолдама) – жұптық, 52 спортшы (әр жынысқа 26 жолдама) – екілік жұптық, 72 спортшы (әр жынысқа 36 жолдама) – төрттік жұптық, 72 спортшы (әр жынысқа 36 жолдама) – жұптасқан төрттік, 126 спортшы (әр жынысқа 63 жолдама) – сегіздік жұп және 64 спортшы (әр жынысқа 32 жолдама) екілік жұпта жолдамаларға иелік етеді.
Жолдамалар қалай таратылады?
Халықаралық ескек есу федерациясы (FISA) академиялық ескек есушілерге Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алу үшін төмендегідей үш мүмкіндік береді.
Біріншісі: академиялық ескек есу бойынша әлем чемпионаты. 3-10 қыркүйек күндері Сербияда өтетін әлем чемпионатында 336 жолдама (әр жынысқа 168 жолдамадан) сарапқа салынады. Бұл сайысқа ХОК құрамына енетін барлық ұлттық Олимпиада комитеттері, Халықаралық ескек есу федерациясының (FISA) құрамына енген федерациялардың өкілдері қатыса алады. Ал Олимпиада жолдамасы тек жоғары орындардан көрінген спортшыларға ғана бұйырады.
Екінші: аймақтық іріктеулер. Яғни әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетіп, жолдамадан қағылған немесе әлем біріншілігіне қатыса алмаған ұлттық құрамалар аймақтық іріктеу жарыстарында олимпиадалық квотаны иеленіп көруге тырысады. Екінші мүмкіндікте Азия және Мұхит аймағы, Африка, Америка және Еуропа мемлекетінің өкілдері 64 жолдаманы (әр жынысқа 32 квотадан) өз құрлықтарының іріктеу сайыстары арқылы сарапқа салады.
Үшінші: олимпиадалық іріктеу. Алдыңғы екі іріктеу сайыстарында жолдама ала алмаған спортшыларға ХОК тағы бір мүмкіндік беріп, 2024 жылдың мамыр айында Швейцарияның Люцерн қаласындағы олимпиадалық іріктеуде соңғы 96 жолдаманы (әр жынысқа 48 жолдама) таратады.
Осылайша, Олимпия ойындарына қатысатын 502 спортшы іріктеледі. Ал Париж Олимпиадасындағы академиялық ескек есу сайыстары 2024 жылдың 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.