Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
2011 жылы Сейіт Асқарұлының мерзімі аяқталып, орнына жаңа директор сайланатын болды. Сайлауға бірнеше үміткер тіркеліп, кім өтетінін бүкіл институт болып күтіп отырмыз. Бізге ғылымды түсінетін басшы келсе болғаны. Осылай көңіліміз күпті болып отырғанда, Сейіт Асқарұлы телефон соғып сүйінші сұрады. Сайлаудан Уәлихан Қалижанұлы өткенін естіп мәре-сәре болдық. Ертеңіне Сейіт Асқарұлы мен Серік Смайылұлы бір-бірін құттықтап, жаңа басшыға үлкен сенім артып отырды. Ғылымның мүшкіл халін білетіндер, жоғары жаққа сөзі өтетін ғалым болмаса, жүз шақты адамның ғана емес, сонша отбасының жағдайы мүшкіл болатынын түсінеді. Себебі ғалымдар – Білім және ғылым министрлігі жариялаған үлкен байқауларға қатысып, өз нанын өзі тауып жүрген жанкешті жандар. Кезекті жұмыс күні Уәлихан Қалижанұлын Ғылым комитетінің төрағасы алып келіп ұжымға таныстырып, қызмет орнына отырғызды. Осылайша, 2012 жылдың басында біздің ұжымға жаңа басшы келді, енді қалай сапырса да өз еркі. Бірақ біз күткендей ұжым ішінде айтарлықтай ауыс-түйіс болған жоқ, әркім өз орнында үйренген жұмысын жалғастыра берді. Кейбір басшылар тәрізді өз кадрларын алып келмей, керісінше өзі ұжымға сіңісті.
2013 жылы Молдова Республикасы Ғылым академиясының Филология институтымен (Кишинев); Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтымен (Бішкек); «KazakhArtsAcademy» (Амстердам); Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік әдебиет музейімен (Омбы); Украина Ұлттық ғылым академиясының Т.Г.Шевченко атындағы Әдебиет институтымен (Киев); Ресей ғылым академиясының А.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтымен (Мәскеу) бірлесе жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойылды. Осылайша алыс-жақын шетелдегі жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен ғылыми жобалар жүзеге аса бастады. Ресей, Украина, Румыния, Беларусь, Германия, Әзербайжан, Түркия, Иран, Корея Республикасы, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай басылымдарында институт қызметкерлерінің мақалалары, ал институттың ғылыми-көпшілік «Керуен» журналында шетел әдебиетшілері мен өнертанушыларының ғылыми мақалалары жарияланып тұрды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының атсалысуымен АҚШ-та ағылшын тілінде «The Stories of the Great Steppe. The Anthology of Modern Kazakh Literature» атты екі томдық қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы басылды. Сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қолдауымен жарық көрген қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясын Колумбия университетінің профессоры Рафиз Абазов құрастырған еді. Шығармаларды ағылшын тіліне Сергей Левшин мен Илья Бернштейн аударған. Қазақ поэзиясы туралы жинаққа М.Мақатаев, Ж.Әбдірашев, О.Сүлейменов, Иран-Ғайып, Ф.Оңғарсынова, Б.Қанапиянов, Ш.Сариевтің өлеңдері, проза жинағына О.Бөкейдің әңгімелері, Ғ.Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесі», Ә.Кекілбаевтің «Ұмытылған күндер балладасы», Т.Әбдіковтің «Парасат майданы», М.Мағауиннің «Тазының өлімі», Р.Сейсенбаевтың «Әлем құлаған күн», Д.Амантайдың әңгімелері топтастырылды. Қазақ қаламгерлері шығармаларының ағылшын тіліне аударылуы ұлттық әдебиетті халықаралық деңгейге көтерді. Уәлихан Қалижанұлының бастамасымен АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі АҚШ Конгресінде тұсаукесер өткізілді. Ағылшын тілінде сөйлеген қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде насихаттауға жол ашылды.
2012-2014 жылдары «Қазақстан халықтарының фольклоры, әдебиеттануы, өнері», «Шетелдердегі қазақтардың фольклоры, әдебиеттануы, өнері» атты іргелі жобаларды жүзеге асыру барысында Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қарақалпақстанға ұйымдастырылған экспедицияда фольклортанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы мамандар мол материал жинап, бірнеше ұжымдық монография жарық көрді. 2014 жылдың желтоқсанында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен тұсаукесерге ұжымдық монография жетекшілері қатысты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, олардың зерттеу еңбектері туралы жылы лебіз айтылды. Алматыға көңіліміз көтеріліп, мерейіміз тасып қайттық.
Уәлихан Қалижанұлы басшылық еткен 2012-2018 жылдары институт қызметкерлері 42 гранттық жоба, «Халық тарих толқынында» (2016-2017), «Қазақстан әдебиеті мен өнеріндегі «Мәңгілік Ел» концепті» (2018-2020) сияқты екі мақсатты бағдарлама аясында 46 ұжымдық монография шығарды. 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясының соңғы 20 томы жарық көріп, үлкен жоба аяқталды. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Ғылыми қазына» бағдарламасы аясында 34 томдық «Классикалық зерттеулер», «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен «Абай», «Жамбыл», «Құрманғазы», «Әбілхан Қастеев», «Күләш» кітаптары жарық көрді. Ғалымдар – өз еңбектерін насихаттауды білмейтін, өз қазанында өзі қайнап отыра беретін халық. Осындайды көрген басшымыз ғалымдардың қыруар еңбегін ел-жұртқа таныстыру мақсатында көп шаруа жасады.
Ғылыми зерттеу институттарында қалыптасқан дәстүр бойынша айына екі рет Ғылыми кеңес өтеді. Мұндай мәжілісте түрлі мәселелер қарастырылады. Солардың бірі – кезекті байқауға гранттық жобалар ұсыну. Бір ай мерзім берілсе, сол бір ай бойы жетекші ғалымдарға тыным жоқ. Олар өз бөліміндегі қызметкерлердің алдағы үш жылда жейтін нанын тауып беруге міндетті. Сол үшін әр тақырып талқыланып, үстінен түзетулер жасалып, пісіп-жетілдіріледі. Мұндай сәттерде Уәлихан аға өте шыдамсыз, жобаларды ұсынғанша тыным таппайды. Кешеуілдеп үлгермей қалуға болмайды, онсыз да неше тексеруден өтетін жобалар институт ішінде пісіп-жетілген соң байқауға жолдама алады.
Уәлихан Қалижанұлының тағы бір қасиеті – өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын ұқыптылығы. Институт аясында өтетін әр іс-шараға алдын ала дайындығымызды тексеріп отырады. Кезекті мерейтойлар жақындағанда жұмыс тобы құрылып, кім неге жауапты екені анықталады. Сол бойынша күнде алдына шақырып кім, не тындырғанын тексеруден жалықпайды. Тіпті жасайтын баяндамаларымызды уақытты үнемдеу үшін ықшамдап, тезис түрінде сөйлеуге жаттықтық. Бірде институтқа еліміздің сол кездегі Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова келетін болды. Бөлім меңгерушілері өз зерттеу нысандары аясында бес минуттан баяндама жасау ұйғарылды. Сол кезде әр қызметкердің баяндамасын алдын ала уақытқа салып оқу керегін мұқият қадағалады. Кейде әдебиетшілер негізгі айтарына жете алмай, кіріспеде жүргенде бес минут өтіп кететінін білетін басшы әрқайсымыздың сөйлейтін сөзіміздің көлемін мұқият тексеретін. Әр шараны алдын-ала дайындалған сценариймен жүргізуді ұнататын.
Уәлихан Қалижанұлы өте қарапайым да әділ басшы болды. Қызметкерлерді жасына, атағына, дәрежесіне қарап емес, еңбегіне қарап құрметтейтін, сыйлайтын. Жұмыс барысында бірінші басшы ретінде артық кеткен үлкенге де, кішіге де ескерту жасай білетін. Орнымен айтылған ескертудің артында ешқандай зіл болмайтын. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» дегендей, жұмыс бабымен қанша сілкілеп алғанмен, адамның жеке басына деген зілі жоқ-тын.
Институтта жүзден астам қызметкер болса, оның жетпістен астамы ғылыми қызметкер. Олардың ішінде Ұлттық ғылым академиясының екі академигі, екі мүше-корреспонденті, 12 ғылым докторы, 29 ғылым кандидаты болды. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей, Уәлихан Қалижанұлы басшылық еткен жылдары Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ғылыми кадрларды даярлау мақсатында Ғылым академиясының гуманитарлық ғылыми зерттеу институттары мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында ғылым мен білімнің интеграциясы туралы келісім жасады. Ғылыми зерттеу институттары ұзақ жыл тоқтап қалған кадр даярлау мәселесін университет аясында жүзеге асыруға мүмкіндік алды. «Қазіргі Қазақстан әдебиеті», «Текстология», «Фольклортану», «Теория және әдеби сын», «Қазақ фольклоры мен ежелгі әдебиет» мамандықтары бойынша магистратура мен докторантурға мемлекеттік грант бөлінді. Сол гранттармен институттың жас ғалымдары түгелдей магистратурада оқыды, кейін докторантураға түсті. Мемлекеттік гранттың нәтижесінде алғашқы түлектеріміз PhD қатарына қосылды. Солардың қатарында Уәлихан Қалижанұлының жетекшілігімен қорғаған Ерқанат Хуатбекұлы бар. Институт директоры магистратура мен докторантураға түскен жастардан бөлек институтқа бірнеше жас маманды қызметке алғандықтан, институттың 59 пайызы 45 жасқа дейінгі ғылыми қызметкерлер болды. Бұл институт қызметкерлерінің орта жасын жасарту жолындағы жанкешті еңбек болатын.
Ғылым академиясына қарасты ғылыми зерттеу институттары ұзақ жыл назардан тыс қалып, өз күнін өзі көрді. Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауының алдында депутаттыққа үміткерлер түрлі ортадағы қызметкерлермен кездесіп, халықтың жағдайынан хабардар болады. Осындай сәттерде Уәлихан Қалижанұлынан бастап ғалымдардың өлместің күнін көріп отырғанын, жастардың жағдайы мүшкіл екенін, олардың еңбекақысы пәтерақыға жетпейтінін айтады. Тамшының тас жаратыны тәрізді, мұң-зарымыз билікке жетті. Сондай күндердің бірінде Білім және ғылым министрлігінің ұсынысымен, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жас ғалымдарға кезектен тыс пәтер беретін ұлы көш басталды. Сол кезде біздің институтта еңбек ететін А.Қалиева, А.Кенжеқұлова, Н.Құдайбергенов, Е.Ғалымов, А.Мұратқызы, А.Ахметова, А.Жұматаева, Ә.Еспенова тәрізді жас ғалымдар кезектен тыс пәтерге ие болды. Институттың тарихында Әди Шәріпұлы мен Мүсілім Базарбайұлы директор болған жылдары ғана жастарға пәтер берілген екен. Сексенінші жылдары Мүсілім Базарбайұлының қолынан пәтер кілтін алған С.Қорабай, С.Ананьева тәрізді жастар бүгінде зейнет жасында екенін ескеретін болсақ, арада қанша жыл өтсе де мұндай игілікті шараны көз көріп, құлақ естімеген екен. Осындай айтыс-тартысқа толы науқан кезінде Уәлихан Қалижанұлы жас ғалымдардың қатарынан жасы өтіңкіреп кеткен бір қызметкерге беделін салып жүріп пәтер кілтін алып бергеніне куәміз.
Бұл жылдары У.Қалижанұлының «Ойкөз», «Тағдырымдағы тұлғалар», «Қазақ әдебиеті және рухани жаңғыру» атты зерттеулері, «Жамбыл» ғылыми-танымдық монографиясы, Қазақстан мен әлемнің жиырмадан аса елінің түрлі республикалық, халықаралық басылымында қоғамдық, саяси, мәдени тақырыптарда публицистикалық және ғылыми мақалалары жарияланды. З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Ш.Мұртаза, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғали сынды ұстаздары туралы мақалаларды оқып отырғанда, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынастан білім мен журналистика саласындағы дәстүр сабақтастығына тәнті боласыз. Ал Ә.Шәріпов, М.Базарбаев, С.Қирабаев, З.Ахметов, Н.Келімбетов, С.Қасқабасов, М.Жұрынов, Ә.Жұрынов туралы мақалалар Ұлттық ғылым академиясының ғылыми зерттеу институтына келгеннен кейінгі ғылымның қия жолындағы кезеңінен хабар береді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын әр жылдары басқарған ғалым ағаларының өмірі мен шығармашылығына үңіліп, олардың жүріп өткен жолын ғылыми саралауда қазақ ғалымының жүріп өткен жолы сайрап жатыр.
Қазақстанның саяси-қоғамдық өміріне өшпес із қалдырған ұлттың дара перзенттері – КОКП Орталық комитеті Саяси бюросының ұзақ жылдар бойғы мүшесі, Қазақстанды 20 жылдай басқарған Д.Қонаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері А.Асқаров, Ө.Жәнібековтер туралы естелік-эсселерден қазақ халқының кеңестік дәуір тұсындағы өмірінен хабардар боламыз. Кеңес дәуірінде қазақ елін гүлдендірген Дінмұхамед Ахметұлының қарапайымдылығы мен зиялылығына көңіл бөлсе, өмірінің соңында көп қиындық көрген Асанбай Асқарұлын «бетке тік қараған, қаймықпаған, ешкімді жаны үшін сатпаған, рухы мықты текті жан, тегеурінді тұлға» деп бағалауы орынды. Ал өмірінде бір-ақ рет көрген Өзбекәлі ағасының Арыстан баптағы күмбезіне барып қол жайып, құран оқуы, құрбандық шалуы Уәлихан Қалижанұлының азаматтық қырын аша түседі.
Ғалымның қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым, Ақмолла Мұхамедиярұлы мұрасы туралы зерттеулері бұл жылдары тың тақырыптармен, тыңғылықты зерттеулермен толықты. Абай («Абай – мәңгілік поэзия»), Жамбыл («Жамбыл поэзиясының тарихи негіздері») поэзиясы мен М.Әуезов («Әуезовке жол», «Студенческий Петербург Ауэзова», «Два письма – две судьбы») мұрасы жөніндегі зерттеулерінде әлем таныған ұлттық әдебиеттің жауһарларына бүгінгі күн тұрғысынан баға берілді.
Ғалым бірсыпыра зерттеуінде посткеңестік кеңістіктегі қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының даму кезеңдерінен жан-жақты мағлұмат береді. Қазіргі Қазақстан әдебиеті мен әдебиеттануының қалыптасу, өрлеу кезеңдері «Современное литературоведение Казахстана», «Культурный код народа Казахстана», «Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті», «Тенденции и перспективы развития филологической науки в Казахстане» зерттеулеріне негіз болса, «Қазіргі қазақ әңгімелері» зерттеуінде тәуелсіздік тұсындағы шағын жанрдың аяқ алысы жекелеген жазушылардың нақты әңгімелерімен түйінделген.
Уәлихан Қалижанұлы түркі әлемінің ұлы тұлғалары қатарында Низами, Махтұмқұлы, Сүйінбай, Шоқан, Жамбыл, Тоқтағұл Сатылғанов, Берды Кербабаев, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменовтердің шығармашылығын зерттеген. Автор Низами шығармашылығы жөнінде: «Ұлы ақындар уақыттан тыс өмір сүреді. Сондай түркі әлемінің ұлы тұлғасы – Низами дастандары әлі өміршең. Ол адамзат құндылығы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, мәңгілік жасайды», десе, Махтұмқұлы жырлары жөнінде: «Жырлары арқылы Махтұмқұлы уақытты, қоғамды, заманды жеңіп, өзінің лайықты орнын күллі түркі әлемінің ғана емес, жалпы адамзаттың ортақ құндылығына, асыл қазынасына көтерді», деген түйін жасайды. Ғалым есімдері аталған қаламгерлердің мұрасы ұлттық деңгейден асып, адамзаттық деңгейге көтерілгенде ғұмырлы болатынына көңіл аударып, оны нақты мысалдармен дәлелдеген. Оны ақындардың өлең жолдарынан келтірілген мысалдардан көруге мүмкіндік мол.
Ғылыми зерттеу институттарының директорлары Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі ретінде ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа түскен жобаларды сараптауға қатысады. Сейіт Асқарұлы мен Уәлихан Қалижанұлы Ұлттық ғылыми кеңестің кезекті мәжілістерінде гранттық жобаларымыздың қандай қиыншылықпен өтетінін айтып отыратын. Сондай сәттерде Уәлихан Қалижанұлы «әр жоба үшін жан алып, жан берістік» дейтін. Шын мәнісінде байқауға республиканың бүкіл ғылыми зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары түгел қатысқанда аламан бәйгеге айналады. Нәтижесінде, байқауға қатысқан жобалардың 30 пайыздайы ғана қаржыландырылып, қалғаны бос әуре-сарсаңға түсіп, байқауға енді қатыспайтындай күй кешеді. Осындайда жобасы өтпей қалған ғалымдар кеңес құрамындағы мүшелеріне наразы болатынына талай куә болдық. Институттың бірнеше бөлімінің жабылып қалуы – осындай байқауларда жобалардың өтпегендігінен. 2018 жылы біздің институт төрт-ақ жоба жеңіп алды. Әр жобаға бөлінген қаржы 3-4 штатқа ғана жетеді. Басқа қызметкерлерді не істейміз деп дағдарып отырғанда, институт директоры Білім және ғылым министрлігінен мақсатты бағдарламаға қол жеткізіп ұжым мүшелерін шашау шығармай сақтап қалды. Бұл Уәлихан Қалижанұлы секілді жанкешті ғалымның көп еңбектерінің бірі ғана.
Уәлихан Қалижанұлының басшылығымен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Сүйінбай Аронұлы мен Тарас Шевченконың 200 жылдық, Абай Құнанбайұлы мен Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойларына арналған халықаралық симпозиумдарға отандық және шетелдік (Ұлыбритания, Ресей, Қырғызстан, Татарстан) белгілі ғалымдар қатысты. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 120 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Институттың байырғы қызметкерлері Ә.Шәріпов, М.Базарбаев, З.Ахметов, С.Қирабаев, А.Нұрқатов, Ә.Нарымбетов, Ж.Ысмағұлов, С.Күзембаевалардың мерейтойларының жоғары деңгейде өтуі – кейіпкеріміздің ұйымдастырушылық қырын көрсетер мысал.
Ұзақ жылдар журналистика саласында қызмет еткеннен болар, Уәлихан Қалижанұлының қаламы жүйрік болатын. Бір сәттік оқиғадан жарқ еткізіп мақала жаза салатын. Осы ойымды толықтыру үшін шегініс жасауға тура келеді. 2018 жылдың желтоқсан айында «Алматы ақшамы» газетінде журналист Н.Әлішеваның мен туралы жазған мақаласы абыз ақсақалымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көзіне түседі. Уәлихан ағаға дереу телефон соғып, мен туралы сұрайды. Желтоқсанның ызғарына тоңған қазақтың қызын көргісі келген ағамыз күнін белгілеп үйіне қонаққа шақырады. Айтылған күні Әбдіжәміл ағаға сәлем беріп үйіне бардық. Әңгіме арасында Мүсілім Базарбаевтың зерттеу еңбектері туралы монографиямды бергенде, сағынған досын көргендей ыстық құшағына басып, кітаптың мұқабасына ернін тигізді. Осы кездесу туралы мен ештеңе жазбадым, Уәлихан аға қағазға түсіріп қойған екен. Сол кездесу туралы Әбдіжәміл ағаның қырық күндік асы қарсаңында «Egemen Qazaqstan» газетінде жазушы кейіпкерлерінің прототиптеріне дейін сайратып мақала жазды. Уәлихан Қалижанұлы сол кезде әңгіме арасында ән айта отырып, журналистерге тән қырағылықпен талай нәрсені көңіліне түйіп қайтқан екен.
Ғалым болуды емес, азамат болуды мақсат еткен Уәлихан Қалижанұлы – шын мәнісінде есімі үлкен әріппен жазылатын азамат. Ғылымның қия жолын бірге жүріп өткен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері әділ де қарапайым, көппен санаса білетін, халыққа жақын болған басшысын сағына еске алып отырады.
Гүлжаһан ОРДА,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор