Кімде-кім бала кезінен еңбектің өмір заңы екенін білсе, жас кезінен нан – тер төгу арқылы табылатынын түсінсе, өз ісіне адалдық танытса, сол адам ерлік жасауға қабілетті. Өйткені керекті сәтте оның бойынан қаһармандық жасайтын жігер, өжеттілік пен оған керекті күш-қайраттың табылатыны анық. Біз Қызыл жұлдыз орденінің иегері генерал-майор Сапар Көпбайұлы Абдрахманов ғұмыр жолынан осыны түйдік!
Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтау саласында қауіпсіздік мәселесінің маңызы зор. Ұлттық қауіпсіздік жоқ жерде мемлекет те болмайтыны анық. Осы орайда, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ең басты міндеті санайтынын тілге тиек етсек болады. Осы уақыт ішінде еліміздің болашағы жарқын болуы үшін біршама жобалар қабылданып, жақсы нәтижесін беріп жатыр. Тәуелсіздікті, тұрақтылықты баянды ету, қоғамның әлеуметтік және саяси оң ахуалын қалыптастыру ісінде ҰҚК ардагерлерінің үлесі басым.
Ардақ тұтар асыл жандардың ғұмыр соқпағына қарасаң, ұлағат тұтар өмiр шежiресiне тәнтi боласың. Өнегелi өмiрiнiң терең қырларына үңiле қалсаң, мол ғибрат аласың. Iзгiлiгi телегей теңiз, iлтипаты мол осындай адамдарды үлгі тұту артық емес парыз. Бұл өткеннен өнеге алуға тиiс ұрпақ үшiн керек. Өмірде ерен еңбегімен көпке үлгі бола білген адамдар сирек те болса кездесіп жатады. Міне, осындай азаматтардың бірі – Ақмоланың сый-құрметін арқалаған, еңбек жолында нәтижелі қызмет атқарып, халқына аяулы ұл атанып, елінің мақтанышына айналған ер – Сапар Көпбайұлы Абдрахманов.
Сапар Көпбайұлы 1933 жылы 5 маусымда Ақмола округінің Ералы ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Алатаудың бөктеріндегі Алматы шаһарындағы Қазақ тау-кен металлургия институтын бітіріп, Саран геологиялық барлау партиясының учаскелік геологы болып жұмыс істейді. 1959-1966 жылдар аралығында солтүстік-батыс геологиялық экспедициясының учаскелік геологы, 1966-1968 жылдары Ауғанстандағы кеңестік геологтар тобының қызметкері болады. Одан елге келіп, Солтүстік-Батыс геологиялық экспедициясының аға геологы болып жұмысын жалғастырады. Қай жерде болмасын, өзін адал жұмысшы, елжанды азамат етіп көрсете білді. Бәлкім, сондықтан болар 1970 жылы Мемлекеттік қауіпсіздік органдарына қызметке шақырылып, өнегеге толы еңбек жолын бастайды. Аталған жылы Ф.Э.Дзержинский атындағы КГБ ШҚМ №3 факультетінің басшы құрамын даярлаудың екі жылдық курсында ойдағыдай аяқтап, Павлодар облысы бойынша Қазақ КСР СМ жанындағы МҚКБ бөлімінің бастығы қызметіне кіріседі. Одан 1976-78 жылдар аралығында Орал облысында осындай қызмет атқарады, 1978-1985 жылдар аралығында Қазақ КСР КГБ 5-ші басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарады. Ежелгі Орхон-Енесей жазбаларында көрсетілген Күлтегін жазбаларындағыдай, кейіпкеріміз күндіз отырмады, түнде ұйықтамады. Барын да, нарын да берді. Сеңдердей сытырлап, қара терін төкті.
Алғаш тәуелсіздік алған жылдары ҚР ҰҚК төрағасының 1-ші орынбасары қызметінде болады, 1992 жылғы ақпаннан бастап отставкаға шықты. Зейнетте болса да өз елінің дамуына немқұрайды қарамайтын азамат ретінде ҚР Мемлекеттік Төтенше жағдайлар комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, ҚР Парламенті Сенатының консультанты қызметтерін атқарып, өз тәжірибесімен бөліседі.
Өз кемеріне толған Сапар Көпбайұлы ҰҚК Академиясының доценті, ҚР ТЖМ Академиясының республикалық курстарының әдіскері ретінде де жасаған ой-тұжырымдарынан жастарды адамгершілікке үндейтін, адамзатты ізгілік пен мейірімділік, жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерге шақыратын толғамдар жасайды. Құрметті еңбек демалысында жүрсе де, ұлттық қауіпсіздік саласынан қол үзбей, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу ісіне белсенді араласып жүр. Үнемі, атаулы мерекелерде жеке құраммен кездесіп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп келеді.
«Біздің ортақ міндетіміз Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығын сақтап, ХХІ ғасырдың таяу онжылдығында тұрақты дамуды жалғастыру». Бұл сөздер С.Абдрахмановтың еліне жанашыр, нағыз ел қорғаны екеніне тағы бір дәлел. «Біздің жас ұрпақ өз елінің тарихын, салт-дәстүрін білуі керек. Сонда ғана азамат нағыз патриот бола алады». Ардагердің бұл сөздерінен ел болашағы жастардың қолында екенін, өскелең ұрпаққа зор сеніммен қарайтынын аңғаруға болады.
Бізге Сапар Көпбайұлы Шығыс халқының «Жан рахатына батқың келсе, жан сала жұмыс істе» деген қағидасымен өмір сүретін сияқты болып көрінді. Сондай-ақ дана халқымыздың «Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады» деген тәмсіліне тағы да басымызды идік. С.Абдрахманов сияқты қызметін бақытына балаған жанның абыройының асқақ болатындығына көз жеткіздік.
Әрине, өз саласының шебері болу көп адамның қолынан келеді, алайда «тұлға» атану екінің біріне бұйыратын бақыт емес. Оны уақыт дәлелдеп келеді. Елге пайдалы айтары, терең мағыналы ойлары мен өмір жолының артында өшпейтін ізі бар істері арқылы ғана тұлғаға айналған Сапар Көпбайұлы атқарған жұмыстарының астарына үңілсең, санаңа сәуле шашатын идеялары осы сала мамандарын бей-жай қалдырмайтындығы шындық.
Міне, халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған осындай адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, елінің нағыз азаматы болып қала бермек. Біз тоқсанның биігіне шыққалы тұрған ардақты ардагерімізді туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, талмас қанат, Отанымыз тәуелсіз Қазақстанның гүлдену, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы ғибратты істеріне толайым табыстар тілейміз!
Кенжеболат БЕКНАЗАРОВ,
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті
органдарының ардагерлері» республикалық қоғамдық
бірлестігінің төрағасы,
ҚР ҰҚК құрметті қызметкері,
полковник