Кейінгі жылдары елдің туристік компаниялары шет елден туристер тартуға, соның ішінде араб елдерінен қонақ шақыруға ерекше ден қоя бастады. Себебі қонақтар бірінші кезекте өлкенің көрікті жерлеріне, қызмет көрсету сапасына назар аударады. Апта басында елдегі 10 туристік және қонақ үй компанияларынан құралған делегация Қатардың ең негізгі деген турагенттермен және туроператорлармен кездесті. Сапарға Қазақстанның Қатардағы елшілігі, Мәдениет және спорт министрлі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдау көрсеткен. Жоғарыда айтқандай, елдегі туристік компаниялардың өкілдері Қатар туроператорларына елдің бай және бірегей туристік әлеуетін таныстырды.
Бұл туралы елдің Қатардағы елшілігіндегі өкілдер «Қатарлық туроператорлар бізге Қазақстандағы турпакеттерге сұраныстың үнемі өсіп келе жатқаны туралы, сондай-ақ еліміздің туристік әлеуеті мен қонақжайлығымыз туралы әркез оң пікір айтады», деген-ді.
Ал Kazakh Tourism компаниясының өкілдері Қазақстан мен Қатар арасында Доха-Алматы бағытында тікелей әуе қатынасының арқасында екі ел арасында ынтымақтастық нығайғаны туралы хабарлады. Сонымен қатар қатарлықтар бізге визасыз келе алатынын айта кеткен жөн. Кездесу барысында Қатар туристік компаниялары туризмді дамыту ісіндегі екі ел арасындағы артықшылықтарды ерекше атап өтті. Сондай-ақ компаниялар Қатар туристеріне Қазақстанға сапар бойынша тиімді ұсыныс жасауға дайын екенін жеткізді.
Кездесуге жиылған қауым мазмұны толығымен араб тіліне бейімделген Kazakhstan.travel ұлттық туристік портал арқылы елдің туристік әлеуетін зерделеу мүмкіндігін де бағалады.