12-турдың шымылдығын «Қайрат» пен «Оқжетпес» клубтары ашып берді. Өткен турда чемпионат аутсайдері «Мақтааралдан» сырт алаңда 3:1 есебімен жеңілген «Қайрат» бұл турда Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алматының «Орталық» стадионда өткен бәсекенің тағдырын «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Жоао Паулоның жеке шеберлігі шешіп кетті. Ойынның сегізінші минутында ол пенальтиден гол соғып, командасын алға шығарса, 49-минутта есепті еселей түсті. Ал арада 30 минут өткенде қонақтар сапынан Руслан Болов 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартты. Қатарынан екі ойында жеңіліп, үшінші матчта үш ұпайды еншілеген «Қайрат» турнир кестесінде бесінші орнын сақтап қалды.
Былтыр ел чемпионы атанған «Астананың» биылғы қарқыны әзірге көңіл қуантарлықтай емес. Келесі айда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысатын команда кейінгі бес тур бойы қарсыластарын тек бір доп айырмасымен ғана жеңуге шамалары жетіп жүр. Бұл турда олар Павлодардың «Ақсуынан» 1:0 есебімен басым түсті. Ойындағы жалғыз голды – Марин Томасов соқты.
Турнир кестесінде «Астананы» өкшелеп келе жатқан «Ақтөбе» клубы 12-турда жанкүйерлеріне қос қуаныш сыйлады. Біріншісі, жөндеу жұмыстарына байланысты біраз уақытқа жабылған Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда «Ақтөбе» футболшылары 2023 жылғы алғашқы ойынын өткізсе, екіншісі – сол матчта Андрей Карпович шәкірттері Қарағандыдан келген «Шахтер» клубын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ойынның алтыншы минутында Арман Кеңесов «Ақтөбені» есепте алға шығарса, 71-минуттта Лука Гадрани жанкүйерлерді шаттыққа бөледі. Бұл жеңістен кейін «Ақтөбе» турнир кестесінде «Қызылжарды» бір саты төмен ығыстырып, үшінші орынға көтерілді.
Кейінгі бес турда бірде-бір ойында ұпайдан шашау шығармаған Шымкенттің «Ордабасы» клубы бұл турда да үш ұпайын ешкімге берген жоқ. Атыраудың «Атырау» клубын қабылдаған жергілікті ұжым 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші таймда Бобур Абдухоликов (25-минут) пен Сергей Малыйдың (30) соққан голдары «Ордабасыға» жеңіс сыйлады. Қонақтар сапынан екінші таймда Нгунгуси Эффионг мергендік танытты.
Ал турдың орталық ойыны саналған «Тобыл» мен «Қызылжар» арасындағы матчта алаң иелері басымдық танытты. Қостанайда өткен тартысты матчтың тағдырын ойынның 75-минутында «Тобылдың» шабуылшысы Серж Дебле шешті – 1:0. Маңызды үш ұпайын қоржынға салған қостанайлық ұжым 20 ұпаймен алтыншы орынға көтеріліп алды.
12-турда көшбасшылар соқпаған голды турнир кестесінің екінші жартысында келе жатқан командалар соғып, жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Талдықорғанда өткен «Жетісу» мен «Каспий» арасындағы матчта жанкүйерлер бес голдың куәсі болды. Бірінші таймда 2:1 есебімен алда тұрған ақтаулық ұжым екінші таймда қақпасына екі гол өткізіп алып, қолда тұрған үш ұпайынан айырылып қалды. Ойындағы жеңіс голын екінші таймда «Жетісудың» сербиялық шабуылшысы Йован Стоянович соқты – 3:2.
Сондай-ақ турнир кестесінде соңғы орында келе жатқан «Мақтаарал» Қызылордаға қонаққа барып, жергілікті «Қайсар» клубын 10 ойыншымен жүріп 2:0 есебімен тізе бүктірді. Голдың авторлары – Рамазан Кәрімов (42-минут) пен Секу Думбия (97). Осылайша, бас бапкерлік қызметке Қайрат Нұрдәулетов келгелі бері қатарынан екінші ойында жеңіске жеткен «Мақтаарал» 9 ұпаймен турнир кестесінде 11-орынға көтерілді.
Енді ел біріншілігінің ойындары Еуропа чемпионатының іріктеу матчтарына байланысты уақытша тоқтатылып, 24 маусымда қайта жалғасады.