Өнер • 05 Маусым, 2023

Алтын қолды Алдаберген

440 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл баласы Алдабергеннің есімі ел арасына ерте тарады. «Жайлаудың шебер баласы» атанған Алдаберген тумысынан бойына дарыған шеберлікті кәсіби тұрғыда дамыту үшін мектеп бітірген соң Ақтау қаласындағы Өнер колледжінде «суретші-шебер» мамандығы бойынша білім алды. Арнаулы орта білімнен соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «бейнелеу өнері және сызу пәні» мамандығы бойынша бітіріп, туып-өскен Бейнеу ауданының Сарға ауылына келіп ұстаздық қызметке кірісті.

Алтын қолды Алдаберген

Алдабергеннің сурет, мүсін, қолөнерге ден қоюы 2000 жылдан басталады. Сол жылы 18 жасқа толған жігіт сурет салып, түрлі материалдардан мүсін жасаудың қыр-сырын құ­марта ізденіп, өнер, шеберлік әлеміне сүңги жөнелді. Осы шабыт жетегінде жүріп облыстық, республикалық, халықаралық сайыстар мен көрмелерге қа­тыс­ты. 2003 жылы Астана қала­сында өткен «Шабыт» халық­аралық фестивалі, 2005 жылы Мысырдағы халықаралық көр­ме, сол жылы Алматыда ұйым­дас­­тырылған Ә.Қастеевтің 100 жыл­­дығына арналған көрме, Талд­ықорған қаласындағы «Менің Қазақстаным» көрмесі, елордада өткен «Астана бәй­те­рек» байқауы секілді небір айтулы жиындардан мақтау-мадақ­таумен оралды.

вп

Бүгінде айтулы шебер, қолы­нан шыққан бұйымдарымен елді таңғалдырумен жүрген Алда­берген Тіленбаев – Сарға ауыл­ын­дағы мектепте еңбек пәні­нің оқытушысы. Қызметіне сай жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, шеберлікке баулып, сабақтан тыс уақытында да мектеп шеберханасынан табылады. Көз алдындағы және қиялындағы көріністі айнытпай қағаз бетіне бейнелей қоятын суретші жігіт матадан киім тігіп, құрақ құрайды, ағаш пен темірді қамырша илеп қалаған бұйымыңды қолыңа ұстатса, соңғы жылдары сүйекті өңдеп кәдесыйлар жасауды қолға алды. Кіреберістегі «Сарға» деген әдемі жазудан бастап ауыл­да­ғы үйлердің біразында Алда­бер­­­геннің қолынан шыққан жеке­ле­ген бұйымдар табылатыны анық.

счми

Ол Маңғыстау өңірінің эколо­гиялық ерекшелігіне сай ауыл шаруашылығына, тұрмысқа қа­жет­ті вагондар мен өзге де тұты­ну бұйымдарын жасауды қолға алды. Сондай-ақ балалар­дың ойлау қабілетін арттыру, тілін да­­мыту, ой-қиялының жүйрік­­­тігін қалыптастыру мақса­тын­дағы әр жастағы балаларға ар­налған танымдық және дамыту құ­ралдары, қазақ халқы­ның ер­тегілер мен аңыздарына құрал­­ған ойындарды ағашпен, сүйек­­пен жасап келеді. Мысалы, киіз үй бейне­сінде жа­салған танымдық ойыншықта бүлдіршіндерді аяқ киімнің бауын байлауға үйрету, асықпен оңға, солға, жоғары-төмен бағыттау арқылы тұстарды айыра білу, ток көздеріне қосу және айыру, жарықты жағып-сөндіру, санауышпен есеп шығару, белдік тағып үйрену, өзге де үлкен өмір­ге қа­жетті және әрбір адамға күн­де­лікті тұрмыста кездеспей қой­­май­тын қарапайым әдеттерді бала танымына сіңіру мақсаты бар.

– Қай халықтың да сан ғасыр­дан келе жатқан ұлттық мұрасы мен рухани қазынасы – ұлттық нақыштағы өзіндік қолөнері болады. Халық шеберлері мен ұсталары ұлттық қолөнер бұйым­дары арқылы халқымыздың дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін көрсете білген. Алдаберген Тіленбаев – халқымыздың ою, тігу, құрастыру, тоқу, мүсіндеу, бейнелеу сияқты ұлттық қолөнер түрлерін заманға сай жетілдіре жаңғыртып жүрген шебер. Аудан көлемінде 2023 жылы «Ең үздік шебер» атағын иеленген Алдаберген Жай­лауұлына қол­өнердің көп­теген түрі дарыған. Темірден, ағаш­тан, сүйектен түр­лі бұйым­дар жасауы, әртүрлі ой­ын­шық­тарды ағаштан әзірлеп оны пульт арқылы басқаруы, балалардың сана-сезімін арттыру үшін фетр матасы мен ағаштан ұлттық ойыншықтар жасауы өте қы­зғылықты. Ол іс тігу машина­сымен жұмыс істеуді де толық меңгерген. Құрақ құрау және адам келбетін бисермен моншақтауға қызығушылығы өте жоғары. Ал­даберген салған әр суретте терең мағына бар. Мен «Тұтқынға түскен түрікмен қыз» суретін өте жоғары бағалаймын. Оның шә­кірттері аудан, облыс, республика көлемінде жүлделі орын­дарға ие болып жүр, – дейді өнер­дегі сырлас-сыйлас әріптес әп­кесі, белгілі ісмер Жанар Мең­діқұлова.

Алдаберген биыл Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаевқа өңірдің тұрмысына қажетті ерекше жобасын ұсынды. Туризмді дамытуды басты бағыттардың бірі еткен Маң­ғыс­тауда саяхатшылардың қатер-қорқынышсыз және үйдегі жағдайды сақтай отырып саяхаттауына, сондай-ақ шал­ғайдағы малды ауылдарға қажетті жүр­мелі үй тіркемесі жобасы қолдау тауып қолданысқа енсе, тұты­ну­­­шының талғамына татитыны анық. Қазақтың қолөнерін заманға сай дамытумен бірге өнерге ынтық, еңбекке құштар шәкірттерді тәрбиелеп жүрген Алдаберген Тіленбаевтың өнері жоғары бағаланатын күн де, өзін жаңа қырымен танытатын кезі де алда. Алыстағы ауылдағы біртоға жігіттің жан түкпірінде ашылмай жатқан өнер айдынының қақпағы айқара ашылып, игілігін халық көрер күнді күтіп жүрміз.

 

Маңғыстау облысы