Осы тұста Шымкент бір қарағанда қала болып көрінгенімен, оның да азық-түлік қауіпсіздігіне қосар әжептеуір үлесі бар екенін ұмытпау керек. Өйткені шаһар айналасындағы елді мекендерде халық әлі де егін салып, мал ұстайды. Сонымен бірге көптеген кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, қала экономикасының дамуына атсалысып жатыр. Сондықтан агроөнеркәсіпті кешенді өркендету саласында мегаполистің жинақтаған біраз тәжірибесі бар деп ауыз толтырып айтуға болады. Бұл ретте агросаладағы 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру шараларын Шымқала өзге өңірлермен бірдей дәрежеде атқарып келеді. Ал осы ұлттық жоба төңірегінде нақты қандай жоспарлар мен істелінген жұмыстар жөнінде Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров баяндап берді. Төменде келтірілетін деректердің барлығы да осынау маңызды құжат негізінде атқарылған шаруалар деп ұғынған жөн.
Сонымен, басқарма басшысының айтуынша ұлттық жобаға сәйкес 5 негізгі және 6 қосымша индикатор белгіленген. Оның ішінде, жоғарыда атап өтілгендей, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру, осы салада еңбек ететін шаруалардың еңбек өнімділігін жоғарылату, сондай-ақ өнім экспортын, әсіресе қайта өңделген тауарлар саудасын күшейту, орташа тірі салмақтағы мал экспортын ұлғайту, алма, тауық еті өндірісін қолға алу сынды көрсеткіштер бар. Жалпы, Шымкентке ұлттық жобаны орындау бойынша 11 индикаторды іске асыру тапсырылған. Осыған сәйкес қала әкімдігі былтырғы және биылғы межені ойдағыдай атқарып шықты.
Қала аумағында бес мыңға жуық шаруа қожалығы өнім өндіреді. Шаһардың 6,6 мың тұрғыны агросектор саласында тер төгіп жүр. Оның басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Елуге жуық қайта өңдеуші кәсіпорын былтыр 40 тонна шұжық, 316 мың литр жеміс-көкөніс шырынын, 56 мың тонна өсімдік майын, 1,7 мың тонна ірімшік пен сүзбе өндірген. 2022 жылы жалпы Шымқалада 46 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері және 143 млрд теңгенің азық-түлік өнімдері шығарылыпты. Сонымен қатар қала аумағында орналасқан 209 гектар жылыжайда қияр, қызанақ, басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, маусымаралық кезеңде шаһардың сауда нүктелерінен бөлек, еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелтіліп тұрады.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының негізгі міндеттерінің бірі – мегаполисте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Одан бөлек тауар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және оның алдын алу шараларын жүргізу. Статистика бойынша жылына қала тұрғындары 500 мың тоннаға жуық азық-түлік тұтынады. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түріне ұн, нан өнімдері, дәнді дақылдар, сүт өнімдері, тағы басқалар кіреді. Соның ішінде мегаполис бүгінде ұн, макарон, күнбағыс майы және тауық жұмыртқасымен жүз пайыз өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Ал сүт өнімдерінің, тауық және сиыр етінің, көкөністің жартысына жуығын шымкенттік кәсіпкерлер өндіреді. Күріш, қант, тұз, қарақұмық жармалары болса өзге өңірлерден, соның ішінде Түркістан және солтүстік өңірлерден тасымалданады.
Биыл 27 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліпті. Оның ішінде дәнді, майлы дақылдар, көкөніс пен бақша, картоп пен малға азық дақылдар бар. Өнімділікті арттыру мақсатында биыл мемлекеттен қолдау шаралары қарастырылып, соның аясында 143 млн теңге қаралып, оның 122 млн теңгесі минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына, 20 млн теңгесі тұқым шаруашылығын қолдауға, қалғаны пестицидтер мен биоагенттердің шығындарын өтеуге бағытталған.
Бүгінгі таңда еліміздің агросектор саласындағы саясаттың бірі – ұсақ шаруашылықтарды біріктіру арқылы өнімділікті арттыру. Осыған байланысты кластерлік жобаларды жүзеге асыру мәселесін басқарма тарапы былтырдан бастап қолға ала бастады. Соның шеңберінде 15-тен аса тақырыпқа орай семинарлар, шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Қалада суармалы жер көлемі шектеулі. Осыған орай суды аз тұтынатын, бірақ мол өнім беретін дақылдарға басымдық берілді. Басқарма осындай табысы мол ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек егуге шаруаларды бағыттап отырады. Соның бірі құлпынай өсіруді айтуға болады. Одан кейін салатқа керекті түрлі өсімдіктер бар. Омарта, балық және етті, сүтті бағыттағы мал шаруашылықтарын қоса кетуге болады. Сондықтан кластерлік жобалар бойынша басқарма тиісті оқыту іс-шараларын жүргізіпті. Оқуға ниет білдірген шаруалармен әкімдік тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Мұнда негізінен ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, өндірісті орталықтандыру, сол арқылы қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін арттыру әрі ет пен сүт өнімдерін көбейтіп, оларды әлеуметтік дүкендерге өткізудің мақсаты жатыр. Осыған орай қалада орналасқан Түркістан аграрлық көпсалалы колледжімен келісім жасалып, олар ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлауға уәде берді. Өз кезегінде 2023 жылдың 4 айында мал шаруашылығы саласында біршама өсім байқалыпты. Мәселен, ірі қара мал саны бүгінде 71 мың, қой мен ешкі 75 мың, жылқы 16,5 мың, құс 956 мың басқа жетіпті. Соның нәтижесінде осы төрт айдың көлемінде 3,2 мың тонна ет, 17,4 мың тонна сүт, 57,2 млн дана жұмыртқа өндіріліпті. Осынау межені әрі қарай дамыту үшін басқарма биыл 16 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Яғни шаһарда биыл қосымша сүт фермасы, мал бордақылау алаңдары, жылыжай кешендері, көкөніс, жеміс пен сүтті қайта өңдейтін кәсіпорындар ашылатын болады.
Азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден-бір тетігі – тұрақтандыру қоры. Оған 8,7 млрд теңге қаражат бөлініпті. Тиісті министрліктер тарапынан ережеге өзгертулер енгізуіне байланысты қаражаттың 70 пайызы тауар өндірулерді, қалған 30 пайызы сауда желілерін қолдауға жұмсалады. Осыған сәйкес басқарма жергілікті өнім өндірушілерді 0,1 пайыз үстемеақымен қаржыландырып, бағаларды алдын ала бекітіп алды. Ондай кәсіпорындарға ұн, жұмыртқа, нан, сиыр, тауық етін, картоп пен сәбіз, пияз, қырыққабат көкөністерін өндіретін мекемелер жатады. Сонымен бірге Грамад пен Магнум сауда желілеріне де 0,1 пайызбен айналым қаражаты беріліпті. Соның нәтижесінде бүгінде қала аумағындағы 200-ден астам сауда орнында орналасқан әлеуметтік сөрелерде 19 түрлі азық-түлік өнімдері арзан бағамен сатылып жатыр. Халықты маусымаралық кезеңде және ерте пісетін көкөністермен дер кезінде қамтамасыз етіп отыру үшін басқарма шаруа қожалықтарымен 1600 тонна картоп, 1100 тонна сәбіз, 1000 тонна пияз және 1100 тонна қырыққабатқа форвордтық келісімшарт жасасыпты. Түркістан облысындағы «Ақорда» серіктестігімен де 100 тонна қырыққабат бойынша осындай келісімге келіпті. Негізінде баға өсімі өнімдердің ерте пісетін уақыты мен былтырғы сақталған қордың таусылған шағында орын алады. Осындай кезеңде бағаның өсіміне жол бермеу үшін форвордтық келісімдер түзіледі. Бұдан бөлек Өзбекстан мен Тәжікстаннан да өнімдер жеткізу бойынша келісім жасалған. Өз кезегінде әкімдік тарапынан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың негізсіз қымбаттап кетуін болдырмау мақсатында және делдалдардың қызметін реттейтін арнайы комиссия құрылған. Мониторингтік топ қырықтан астам жиын өткізіпті. Комиссия құрамына әкімдік мүшелері, бәсекелестікті қорғау секілді тиісті құзырлы органдар мен департамент өкілдері кірген. Қала әкімінің орынбасары комиссияға төрағалық етеді. Жұмысшы топ алыпсатарлардың тауар үстіне қоятын құнды тым көбейтіп жібермеуін қадағалайды. Сондай-ақ үй маңындағы, базарлардағы дүкендер мен сауда нүктелерінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жағын бақылауларына алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауын болдырмаудың бір бағыты ретінде қала аумағының іргесінде орналасқан сауда-логистикалық орталығы құрылысының екінші және үшінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Онда 22 жобаға сай инвесторлар азық-түлік өнімдерін сақтауға ниет білдіріп отыр. Соның ішінде 3 инвестор жұмысын бастап кетіпті. Арасында жобалық-сметалық құжаттары енді дайындалып жатқан жобалар да бар. Бүгінде маусымаралық кезеңде 80 мың тонна азық-түлікке қажеттілік туындаса, қала соның 35 мың тоннасын жауып отыр. Енді сауда-логистикалық орталықтардың құрылыс кезеңдері толық аяқталса, өнім тапшылығы мәселесі бұрынғыдай туындамайды деген сөз. Азық-түліктің мол қорын жасақтаудан бөлек, сауда-логистикалық орталықтардағы қоймалардың екінші қызметі Түркістан облысынан және Өзбекстаннан келетін ерте пісетін өнімдерді сақтап, шаһардағы қайта өңдеуші кәсіпорындарды тиісті шикізатпен қамтамасыз ететін болады. Осы ретте «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағында жобаларды игеру бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Аталған кәсіпорындар алаңында ауыл шаруашылығы өнімдері қайта өңделіп, сол арқылы шаһарға келетін импорттық тауарлар үлесі азайып, керісінше мегаполистің дайын тамақ өндірісіндегі экспорты артатын болады. 132 гектар аумақты алып жатқан индустриялық аймақта 8 жобаның жұмысы басталып кетті.
Президенттің жергілікті әкімдіктерге тапсырған басты міндеттердің қатарына инвестиция тарту мәселесі кіретіні белгілі. Осы ретте мемлекет тарапынан инвесторларға бірнеше қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, егер кәсіпкер жобаны іске асыруға екінші деңгейлі банктен қаражат жұмсаса, пайыздық субсидиялау бағдарламасы бойынша алынған несиенің 10 пайызға жуық мөлшерлемесі мемлекет арқылы өтеледі. Екіншіден, инвестициялық субсидиялау бағдарламасына сәйкес көкөніс сақтау қоймаларын немесе қайта өңдеу кәсіпорындарын салған жағдайда кеткен шығынның 25-50 пайызға дейінгі мөлшері мемлекет есебінен кәсіпкерге қайта қайтарылады. Сондай-ақ сатып алынған малдың басына, тыңайтқыштар мен тұқымға субсидия төленеді.
Бүгінгі таңда мегаполисте елуден астам ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Іріленудің негізгі пайдасы көп. Мәселен, мал шаруашылығында мемлекеттен жәрдем алу үшін оның талаптарын орындау керек. Айталық, мал саны кемі 50 бас болуы қажет. Ал бұл міндетті іске асыру ұсақ шаруашылықтардың қолынан келе бермейді. Кооперативке біріккен жағдайда шағын шаруашылық құрылымдарынан мұндай талаптар бірден алынып тасталынады. Осылайша, кооператив мүшесі атанған шаруалар малдың жем-шөбін сатып алғанда және басқа да жағдайларда мемлекеттің көп жеңілдігін пайдалануға мүмкіндік алады.
Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өңірлердегі ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие беріліп жатыр. Алайда мегаполис биыл бұл бағдарламаға іліге алмапты. Тиісті министрлік келесі жылы Шымкентті «Ауыл аманатына» қосуға уәде бергенге ұқсайды. Дей тұрғанмен, шаһарда оған балама қолдау тетігі бар. Ол – жастарды бизнес бастауға құлшындыратын арзан несие бағдарламасы. Оның шартына сәйкес жас кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Қазіргі таңда бұл бойынша қалаға 1,3 млрд теңге бөлініпті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бағытында басқармаға өтінішпен жолданған 26 жобаның алтауына қаржылай қолдау көрсетіліпті. Ал қалғандарының құжаттары қаралып жатыр. Осы көмектің барлығы кластерлік жобаларды қолдау, ұсақ шаруашылықтарды кооперативке біріктіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Жалпы, мегаполистегі шаруашылықтар иелігінде мыңға жуық техника бар. «ҚазАгроҚаржы» институты арқылы фермерлерге лизингпен жаңа техника сатып алуға мүмкіндіктер ұсынылып жатыр. Бір айта кетерлігі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ғалымдары ойлап шығарған көшет егу мен өзі тегістеп арық-атыз салатын техниканы тіркеп, мемлекеттік субсидияға ұсыну жұмыстары қолға алына бастапты. Осы бастаманың нәтижесінде болашақта жергілікті фермерлер Шымкентте шығарылған техникалармен қамтамасыз етілетін болады.
Шаһарда жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 30 мың гектар болса, соның 27 мың гектары игерілген. Суармалы егістік 5 мың гектарды құрайды. оған ағын су 27 канал арқылы келеді. Жыл сайын басқарма тарапынан 2-3 жөндеуден өтеді. Кеңес дәуірінен қалған каналдар болған соң күрделі жөндеуге біраз қаражат пен уақыт керегі түсінікті. Соның нәтижесінде суармалы егістіктің жағдайы жақсарып келеді. Сонымен бірге биыл «Бақыт» шаруа қожалығы 50 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясын енгізіпті. Ол мемлекеттен тиісті қолдау шараларын алып, мал азығы дақылдарын егіп жатыр. Ал тамшылатып суару көбінесе жеміс пен көкөніс дақылдарының ирригациясында қолданылады. Алдағы уақытта 200 гектар жерге жаңбырлатып, тамшылатып суару технологияларын пайдалану бойынша жобалар әзірленіп жатыр.
«Бұдан бөлек мегаполисте 209 гектар жылыжай орналасқан. Биыл қыста болған ауа райының қолайсыз жағдайынан біраз шаруа зиян шеккен еді. Осыған байланысты жылыжайлар қауымдастығының мүшелері мен Үкіметтің арнайы өкілдері бірнеше рет жиын ұйымдастырып, саладағы біраз проблемалар бойынша ортақ шешімге келді. Соның ішінде бұрынғы гектарлы субсидия бағдарламасын қайта іске қосу жөнінде және көмір өндірушілерден тікелей қатты отынды сатып алатын болып уағдаласты. Бұл мәселелер күзге қарай шешімін табуға тиіс. Әрі қарай осы бойынша жылыжай шаруашылығын дамыта береміз. Соның аясында индустриялық аймақ құрылады. Онда жылыжай кешені бой көтереді. Ендігі жұмыс жылыжай кешендерін немен жылыту тиімді, табиғи газбен бе, көмірмен бе?! Осы мәселені шешу қалды. Сонымен бірге жылыжай орналасатын индустриялық аймақты жоғары қуат көзі бар мекенге жақын аумақтан қарастыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұның алдында үшінші жылуэнергия орталығының ыстық буын пайдалану мақсатында сол мекеменің төңірегінен ашқан болатынбыз. Алайда жылу орталығы босатқан тарифтік бағаның қымбаттығына байланысты өнімді өндіруге жұмсалатын шығын өзіндік құнынан асып кеткендіктен бұл жобадан бас тартып, қазіргі таңда табиғи газ қуаттылығы бар көздің маңынан салуға шешім қабылдап отырмыз», деді Ә.Жанбатыров.
Мегаполисте дайын өнім шығару саласы қарқынды дамып келеді. Айталық «Дары Сайрама» компаниясы жылына 15 млн данаға дейін, ал былтыр ғана жобасын жүзеге асырған «Алан и компания» кәсіпорны 10 млн данаға жуық банкіге жабылған қалбырлы өнімдер өндіреді. Сонымен бірге «Азамат» серіктестігінің де ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы жобасы ауқымдылардың қатарына кіреді. Алдағы уақытта басқарма осы секілді ірілі-ұсақты өңдеуші кәсіпорындарды энергия қуаттылығы жоғары, инфрақұрылым жағынан жан-жақты жағдай қарастырылған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағына көшіру бойынша жұмыстарды қолға алып жатыр.
Салада атқарылған өзге де шаралар жөнінде айтып өтсек, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 13,2 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда табыс 3 млрд теңгеге артқан. Егістік алқапта көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен 1 000 тонна жанар-жағармай бөлінді. Қазіргі уақытта операторлар мұнай өңдеуші зауыттан тиісті жанар-жағармайды алып үлгерді, сөйтіп 310 тонна сұйық отын шаруалардың қажеттілігін өтеуге үлестірілді. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы жануарларына аса жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егу және ветеринарлық зертханада зерттеуге қан сынамасын алу, сырға салу, ветеринариялық паспорт беру, кенеге қарсы залалсыздандыру, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстарын басқармаға қарасты «Ветеринариялық қызмет» мекемесі атқарады. АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес биылғы 4 айда аса қауіпті 29 түрлі ауруға қарсы диагностикалық зерттеу мен 14 түрлі жұқпалы ауруға қарсы профилактикалық егу жұмыстары жүргізіліпті. Сондай-ақ қой мен ешкі, ірі қара малдан және жылқыдан алынған төлдер сырғаланып, құжаттандырылған. Жануарлардың шоғырлану орындарына мониторинг жасалынып отырады. Азаматтардың өтініші бойынша қараусыз қалған немесе көшеде қаңғып жүрген 9 мыңға жуық ит пен 600-ден астам мысық ауланып, үлгілік қағидаға сәйкес ізгілік тәсілмен жансыздандырылды.