– 18 жастан 20 жасқа дейін Халық банкінде жұмыс істедім. Шетелге кету туралы ой алғаш 19 жасымда пайда болды. Ол уақытта банкте жұмыс істеп жүрген едім. Күнделікті уақытымды үйреншікті жұмысқа барып-келумен өткізгім келген жоқ. Өзім білмейтін жерлерді, өзге де қызықтарды көруге әрдайым талпынатынмын. Бір сөзбен айтқанда, өмірімді кеңседе қамалған күйде өткізгім келмеді. 2021 жылы ғана шетелде жұмыс істеу және саяхаттау мүмкіндігі туралы естідім, уақыт жоғалтпай, еш ойланбастан Ұлыбританияға көшу туралы шешім қабылдадым. Әрине, алғашында жұмысқа орналасу бойынша қиындық болғаны рас. Барлық құжаттарды толтырып, виза алып беруді уәде еткен алаяқтарға үш рет алданып қалдық. Соған қарамастан ізденісімді тоқтатпадым. Достарымызбен бірге 2022 жылы Ұлыбританияда ауыл шаруашылығы саласы қызметімен айналысатын компанияға сауалдама толтырдық. Екі апта өткеннен кейін аталған компания бізбен байланысқа шығып, онлайн сұхбат жүргіздік. 2,5 ай ішінде барлық құжаттарды жинадық, сұхбаттастық, виза алдық. Міне, осындай талаптардан өтіп барып Ұлыбританияға ұшып кеттік, – деді ол.
Бастапқыда бойжеткен фермада алма жинаумен айналысқан. Алғашқы аптасында жұмыс беруші бір сағатына 10,10 фунт стерлинг төлеген. Кейін жалақы жинаған өнімдеріне қарай үлестіріліпті. Арада екі апта өткен соң, шаруашылық жұмысының ақсауына байланысты достарымен бірге Лондонға көшкен. Онда сол қаладағы қонақ үйдің бірінде бөлме тазалаушы болып жұмыс істейді. Айлық табысы – 1,7-1,8 мың фунт стерлинг болған. Оны теңгеге шақсақ, 800-900 мың теңге шамасы.
– Бұл елде негізінде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Олардың жыл сайын жоғары мөлшерде өнім жинауға, баптауға арналған технологиялары бар және түрлі инновациялар енгізілген. Ылғалды климат пен жиі жаңбыр егіннің шығуына көп ықпал етеді. Ең бастысы, мұндағы жұмысшылар өз істеріне өте ұқыпты. Фермада жұмыс істейтін жастар қатары көп. Оларға қай салада болсын жұмыс күші қажет болғандықтан, британдықтар жұмысшыларды көбіне ТМД елдерінен алады. Өйткені біздің атқарған жұмысымыз үшін ақы төлеу олар үшін де, біз үшін де тиімді. Сол себепті көптеген адам ақша табу үшін өзге мемлекеттерге кетеді. Десе де, ересектер де қалыспайды. Барлығы бір деңгейде жұмыс істейді. Жұмыс визамның уақыты осыдан екі ай бұрын аяқталды. Мұндағы тәжірибемді өңірде шыңдап көрсем деген ниетте, іске кірісіп те кеттім, – деді А.Бекешева.
Аяна қазіргі уақытта жұмыс күші аса бағалана бермейтінін, жұмыс қанша ауыр болса да, соған сай жалақының төленбейтінін де айтып қалды. Сол себепті адамдар күнін көру үшін бірнеше ауыр жұмысты қатар алып жүруге мәжбүр. Жастардың шетелге кетуінің де бір себебі осы болса керек, деген орамды ойын ортаға салды.
– Қазір жастардың басым көпшілігінің айлық табысы өз қажеттіліктерін толық өтеуге жетпейтіні белгілі. Тіпті отбасын құрып, оны асырай алмай отырғандар жетерлік. Жалпы, мұнда жұмыс іздеп келген жандардың барлығы өз елдерінде де жұмыс істеуге дайын, бірақ тиісті деңгейде ақысы төленсе екен, – деді ол.
Кейіпкеріміздің сөзінің жаны бар. Расымен, елдегі әлеуметтік ахуал мәз емес. Дүкен сөрелеріндегі баға да аспандап тұр. Тек жастар емес, ересектердің басым көпшілігі жалақысының аздығына налиды. Жұмыссыздықты азайту мақсатын көздеген бағдарламалардың да нәтижесі жақсы емес. Соның бірі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Бағдарламаға қатысты мәселені Мәжіліс мінберінде депутат Наурыз Сайлаубай көтерген еді. Оның сөзінше, елді мекендерге жіберілген мамандар мерзімі біткен соң, жүгін буып-түйіп, қайтадан қалаға көшіп жатыр.
«Бұл бағдарламаның жүзеге асып жатқанына 14 жыл болды. Мамандарға мұқтаж өңірлер көбеймесе, азайған жоқ. Өз міндеттемесін орындап, үш жыл ауылда жұмыс істеген мамандар тиісті мерзімі аяқталған соң жүгін буып-түйіп, қайтадан қалаға көшіп жатыр. Жылдар бойы бюджеттен қаржы құйылып келген бағдарлама неге міндетін мінсіз орындай алмайды? Көшкен жас мамандардың бағдарламадан айнып, қалаға қайтып кетуінің салмақты себебі – тұрғын үйді сатып алу қиындықтары және орталықтандырылған су мен жылу жабдықталуының жоқтығы. Жоба аясында келген маманға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) біржолғы көтерме жәрдемақы беріледі. Ал тұрғын үй сатып алу үшін жылдық 0,01% мөлшерiнде 15 жылға дейінгі мерзiмге 1 500 (АЕК) айлық есептік көрсеткіште кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары ескерілген. Көптеген ауыл әлі күнге дейін тәжірибелі мұғалімсіз, білікті дәрігерсіз отыр. Мемлекеттен берілетін бір реттік 345 мың теңге неге жетеді? Қазір азық-түліктің ауылдағы құны, қаладағы бағамен бірдей. Үйге деп берілетін 5 миллион теңгеге үй ала аласыз ба?», деді Мәжіліс депутаты.
Ұлттық статистика бюросының мәліметін ескерсек, 2021 жылы елден 32 209 адам шетелге қоныс аударған. Жалпы, кейінгі 10 жылда 360 мың адам жат жерге көшкен. Бұл есеп жыл санап өзгеріп, өсіп келеді. «Қоғамның негізгі даму күші – жастар» екенін ескерсек, олардың басым көпшілігі шетелге аңсары ауатыны белгілі. Елде жастарды қолдауға арналған түрлі жоба қарастырылып, іс-шара ұйымдастырылып жатса да білікті, білімді жастардың кей легін уыстан шығарып алдық. Оған әлемдік әйгілі компанияларда жұмыс істейтін жастар қатары дәлел. Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова отандастарымыздың шетелге кету себебін өзінше қарастырады.
– Олар: саяси, әлеуметтік және экономикалық факторлар. Саяси факторға еркіндік пен сөз бостандығының жоқтығы, мемлекет жүйесіндегі жастардың өзін-өзі дамытуға тежеу болатыны, жұмыста аз жалақы алу себебі жатады. Ал орта жастағы адамдарды алатын болсақ, көбіне тұрмыс жағдайын реттеу үшін қоныс аударады, – деді әлеуметтанушы.
Таяқтың екі ұшы бар демекші, еңбекке де, оқуға құлықсыз жастардың көбейгені де белгілі. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, NEET санатындағы азаматтардың үлесі 7,9 пайызды құрайды. Бұл есейгісі келмейтін ересектердің еліміздегі кадр тапшылығын көбейтіп отырғаны белгілі. Келесі кейіпкеріміз Сымбат Төлегенова солардың қатарында. Ол Қазақстанда екі жоғары білім тәмамдап, шетелде жұмыс тәжірибе жинақтауды көздеп жүр.
– Жоғары білімді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінен алдым. Ендігі мақсатым – АҚШ медиа саласының қыр-сырын меңгеріп, осы салада отандық БАҚ-қа тың жоба әкелу. Өзге елдің мәдениетін, жұмыс тәжірибесін көруді мектеп жасымнан армандайтынмын. Бірақ нақты қай сала бойынша білім-білігімді арттыру керек екенін ойластырмадым. Журналистикада оқып, елдегі бұл саланың ақсап тұрған тұстарын көрген соң, осы саланы дамытуды мақсат тұттым. Қазір ағылшын тілі курсына барып жүрмін. Деңгейім тәп-тәуір. «Болашақ» халықаралық бағдар-
ламасына құжат тапсырмақшымын, – деді С.Төлегенова.
Ал маркетинг саласы бойынша маман Фатима Тарғамбай былтыр жазда америкалық корпорацияға жұмысқа орналасты. Ол үш ай дүкенде менеджер болып жұмыс істеген. Соның арқасында әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгеріп алған. Бір жағынан ағылшын тілін шыңдапты. Оның айтуынша, штаттардағы корпорацияда жұмыс істеу оңай емес екенін айтады.
– Әрине, көптеген жағымды, жақсы естелік болды. Біраз тәжірибе жинақтадым. Маған қатты ұнады. Бірақ ортаға бейімделуім қиындау болды. Өйткені бұл жерде өзіндік жүйе бар. Адамға қоятын талаптары да мықты. Осы тұрғыда қиындау болды. Сол себепті елге қайта оралуға шешім қабылдадым, – деді Алматы қаласының тұрғыны.
ТҮЙІН. Әрине, жоғары жалақы, таңдаулы жерде білім алу, жақсы жұмыс орнына әр азаматтың, әрбір жастың таласы бар. Келер ұрпағына үміт артқан Қазақстан да жастар саясатын жүзеге асыруда осыны мақсат етеді. Сондықтан мемлекет жастарға шетелде білім алсын, таным көкжиегін кеңейтсін, тәжірибесін жинақтап, елдің көркеюіне үлес қоссын деп түрлі бағдарламалардың мүмкіндігін кеңейтуде. Тек сол мақсатқа жұмсалған қаражат ақталса игі.