Ол Қазақ атқару комитетін (КирЦИК) 1925-1927 жылдары басқарды. Бұған дейін де қайраткер саяси мектептің бел-белесінен өткен еді. Бұл уақыт – ұлтымыз үшін де, кеңес өкіметі үшін де аса жауапты әрі ауыр жылдар-тын. Қаншама білім мен мәдениет ошақтары ашылды, жаңа астана тұрғызылып, одақ орталығы мен республика арасындағы байланыста өңірдің мүддесін қорғаған қағидатшыл ұстаным орнықты. Экономикалық қиын кезеңде қазақ ұлт театрының, тұңғыш жоғары оқу орнының пайда болуы – осы шақ. Қайраткер қосымша «Ауыл тілі» газетін басқарып, біраз рухани бастамалар да көтерді. Сонымен бірге өлкелік партия басшылығына Ф.Голощекиннің келіп, республика билігін – тығырыққа, халқын апатқа апаратын саясат жүргізе бастайтыны да осы кез. Жалау Мыңбайұлы, Смағұл Садуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы ел басына төнген осы нәубетті терең сезініп, саяси ұстанымын айқын көрсетті. Өкінішке қарай, мұның соңы олардың үлкен саясаттан шеттетілуіне, тіпті қайғылы қазасына дейін ұласты.
Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жалау Мыңбайұлының еңбегі мен қайраткерлігіне арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп, оған қатысқан ғалымдар, саяси қайраткерлер, депутаттар, Маңғыстау өңірінің зиялылары, ұрпағы осы тұлғаны Түркі дүниесі аясында насихаттауды қарарға енгізген болатын. Өйткені Жалау Мыңбайұлы 1916-1917 жылдан Мұстафа Шоқаймен қарым-қатынас орнатып, Түркістан автономиясын құру қозғалысынан шет қалмаған. Сонымен бірге ол – түрікшіл қайраткерді Форт-Шевченко арқылы эмиграцияға шығарып салушылардың бірі. Қазақ жері арқылы эмиграцияға кеткен башқұрт қайраткері Ахмет Зәки Уәлидиге де қолайлы жағдай туғызған. Сонымен бірге Әнуар паша Түркиядан Орталық Азия ұлыстарын большевизмнен азат етемін деп келгенде, онымен де жолыққан. Түркіменстанның қалыптасып-дамуында, Қазақстанмен орнықты байланыс орнатуында да Жалаудың рөлі ерекше.
Осы жылы 2-3 маусымда Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласындағы Қажы Байрам Уәли университетінде «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Түркі әлемі және Жалау Мыңбайұлы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараны аталған университеттің Еуразия және түркі әлемі ғылыми орталығы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігі мен қайраткер атындағы қоғамдық қор бірлесіп Түркиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткізді.
Қажы Байрам университетіндегі ғылыми жиында ресми ұйымдардан ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Біләл Чакыджы, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің кеңесшісі Мерей Мұқажан, Қажы Байрам Уәли университетінің проректоры Орхан Құртоғлу құттықтады. Онлайн режімде Қазақстан Парламенті Сенатының комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп, «Ақжол» партиясы фракциясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия офисінің басшысы, заңгер Сабыр Қасымов жиынға сәттілік тіледі.
Ғылыми жиынның бес секция аясында Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы «Түркі тұлғалары тағылымы және Жалау Мыңбайұлы», С.Сейфуллин музейінің директоры, профессор Марат Әбсеметов «Міржақып Дулатұлы және Жалау Мыңбайұлы: көзқарас үндестігі», профессор Әбдіуақап Қара «Мұстафа Шоқай Ыстанбұлға келгендегі жағдай және оның Парижге бару себебі», Мемлекеттік орталық архив директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай «ВКП (б) саяси бюросының Қазақстанға қатысты саясаты және Жалау Мыңбайұлы», Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ержласун «Алашқа қатысты Батыстағы және Түркиядағы ең алғашқы деректер», Памукқала университетінің профессоры Нергиз Бирай «1920 және одан кейінгі білім саласы: Алаш және Ахмет Байтұрсынұлы қызметі», Өзбекстан профессоры Зейнадин Абдрашидов «Өзбек жәдиттерінің ізденістері», Әзербайжан ғалымы, доцент Илаха Гурбанлы «1920-1930 жылдары Әзербайжан азаттық соғысы қаһарман жазушыларының мұзды тозағы», Ә.Бөкейхан университеті Алаштану орталығының директоры Еркін Рахметуллин «Алаш қаласындағы саяси үдерістер (1917-1927)», Қажы Байрам Уәли университеті Еуразия орталығының директоры, профессор Неджие Йылдыз «20-жылдардағы Түркиядағы әйелдер қозғалысы», профессор Фатих Киришчоглу «Саха зиялылары және жазба тілінің қалыптасуы», жас ғалым Зейнеп Аслан «Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі қазақ қоғамдық өмірінің іздері», Өзбекстандағы Ә.Науаи университетінің доценті Сабохат Базарова «1920-1930 жылдарда Өзбекстандағы ағартушылық қозғалыстар», Албаниядағы Тиран университетінің доценті Жемиле Абдиу «Жаңару қозғалыстары кезеңіндегі түрік әдеби шығармаларының әдеби стилі», доцент Спартак Кадиу «Жаңару қозғалыстары кезеңіндегі әдеби аударма», зерттеуші Албан Фочи «Жаңару қозғалыстары кезеңіндегі әдеби шығармалардың құрылымы мен мазмұны», доцент Жемиле Киначи «Кеңестік ашаршылықта адам етін жеу оқиғалары», Қырғызстандағы Манас университетінің доценті Зухра Алтымышова «Қырғыз мемлекет қайраткері Әбдікерім Сыдықов және оның саяси-мәдени қызметі», Әзербайжанның жас ғалымы Жавид Әлиев «Бірінші Түркология конгресі және оның тарихи маңызы», жас зерттеуші Айгерім Қобдабаева «Жымпиты – Күнбатыс Алаш Орданың орталығы» тақырыбында баяндама жасады.
Жиынның мәртебесін көтерген тағы да бірнеше іс-шара болды. Оның бірі – Жалау Мыңбайұлының өмірі мен қызметіне байланысты фото көрме, екіншісі – конференция ашыларда және үзілісте шетелдік ғалымдарға ұсынылған Маңғыстаудың ұлттық дәмі, өнерпаздардың ән-күй шашуы, үшіншісі – ақын, «Ер Жалау» поэмасының авторы Сабыр Адай бастаған зиялылардың Түркияда оқып жатқан жерлес жастармен әңгіме-сұхбаты.
Ғылыми басқосуда Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, белгілі қайраткер, алаштанушы Жаңбырбай Матаев Жалау Мыңбайұлын еліміз бен Түркияда насихаттауға үлес қосқандарға өңір басшысы атынан алғыс айтып, қоғамдық қордың медальдары мен сый-сияпатын тапсырды. Жалаутанудың алдындағы мақсат-міндеттерді айқындап, конференция қарарын таныстырды.
Қарарда қайраткерге Түркия астанасында ескерткіш орнату, көше атын беру, еңбегіне қатысты тарихи құжат жинақтарын түрік тіліне аудару, бірлескен ғылыми жобаны жүзеге асыру секілді қадау-қадау мәселелерді орайымен шешу көрсетілген.
Шараға қатысқан Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақов қайраткер Ж.Мыңбайұлын насихаттау жөніндегі елдік-танымдық іс-шаралардың барысын, ал облыстық мәслихат депутаттары халықаралық, елдік жалаутануға мейлінше атсалысатынын мәлімдеді.
Конференцияның екінші күні Ыстанбұл қаласында жалғасты. Жалау Мыңбайұлы мұрасын танымалдандырушы ғылыми-шығармашылық топ Зейтінбұрындағы «Шаңырақ» қонақжайында диаспора өкілдерімен кездесті. Бұдан соң олар 20-жылдары Орталық Азияны большевизмнен құтқарамын деп, мерт болған Әнуар пашаның (сүйегі 1996 жылы бүгінгі Тәжікстан территориясынан туған топырағына апарылып, арулап жерленген) және Гималай асқан қазақ көшін Түркияға қоныстануына мүмкіндік туғызған осы елдің біртуар басшысы Аднан Мендерестің бейітіне зиярат етті.
Гүлмайса ШАҢБАЕВА,
«Жалау Мыңбайұлы» қоғамдық қоры
ақпарат тобының жетекшісі