Қостанайдан Торғайға жолаушылап шыққан адам Әулиекөлден әрі қарай Амантоғайға дейін шамамен 260 шақырымдай жол жүреді. Осы екі аралықта жолай соғып, аз-кем аялдап, тынығып, жүрек жалғап алатын дәмхана жоқ. Ал Амантоғайдағы жалғыз дәмхана қас қараймай тұрып жабылып қалады.
Жоқтың орнын толтырғандай болған жол бойындағы дәмханаға әрі-бері ағылып жатқан жолаушылар да жиі түседі. Қымызхананы екі жігіт ашыпты. Екеуі де Қарасу ауылында тұрады. Екеуінің де есімдері – Еламан.
– Жол бойында асханаға сұраныс бар. Сондықтан досым екеуміз ақылдаса келіп, отбасымызбен бірігіп бір қымызхана ашу туралы шешімге келдік. Сәуірден бері жұмыс істеп жатыр. Аспазымыз да, әкімшіміз де – келіншектеріміз. Біз сыртқы шаруаларды істеп, сұрағандарын әкеп беріп тұрамыз. Осыдан екі жыл бұрын жеке кәсіп ашып, мемлекеттен 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржылай көмек алғанмын. Сөйтіп, дөнер жасай бастадым. Бірақ жалға алған ғимаратым дұрыс болмай, ісім өніңкіремеді. Содан Еламан екі киіз үй сатып алып, бірігіп қымызхана ашайық деген ұсыныс айтты. Қазір келушілердің қалауы бойынша кез келген тағамды пісіре береміз. Дөнер, пицца, кәуап, қымыз, құймақ, май, бауырсақ – бәрі бар. Тапсырыс бойынша бұқпа пісіріп, ет асып береміз. Мәселен, 7 мамырда 3-4 күн қатарынан екі киіз үй босамай қалды. Әйел адамдар ер азаматтарға мерекелік дастарқан жасады. Мектеп бітірушілерден де тапсырыстар түсіп жатыр, – дейді қымызхананың иесі Еламан Сағымбай.
Анадай жерде бір-екі жылқы, әріректе жалғыз қара есек жайылып жүр екен. Бұл жануарлар да осы қымызханаға қызмет ететін болып шықты. Балалар қазақы шапан киіп есекке мініп қызықтайды. Өйткені есек малы бұл өңірде көп кездесе бермейді. Батырдың киімін киіп, ат мініп, суретке түсуге де болады. Киіз үйдің артында садақ тартып, нысана көздейтін алаң да бар.
Кәсіп иелері он шақты бие байлап отыр. Мұның сыртында, жиырма шақты сиыр сауып, сүтінен құрт, сары май, ірімшік айырып отыр. Бие мен сауын сиыр арнайы аппаратпен сауылады. «Рахат екен. 8-сынып оқитын інім мен келіншегім өздері сауа береді. Жолшыбай тоқтаған кісілерге қаймақ, сары май, қымыз сатамыз. Қазір көбіне, сары май мен бал қымыз өтіп тұр», дейді Еламан.
Қостанай облысы,
Амангелді ауданы