Спорт • 06 Маусым, 2023

Нұрбек ОРАЛБАЙ, бокстан әлем чемпионы: Анамның сөзінен күш-қуат алдым

478 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мамыр айында Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте өткен әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген былғары қолғап шеберлері таяуда Алматыға келіп, республикалық бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтың қолынан мол көлемде ақшалай сыйлық алды. Сол кезде жуан жұдырықты жігіттермен тілдесудің реті келді. Бүгін біз сол саңлақтардың бірі Нұрбек Оралбаймен болған әңгімені оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Нұрбек ОРАЛБАЙ, бокстан әлем чемпионы: Анамның сөзінен күш-қуат алдым

– Нұрбек, Ташкенттегі же­ң­ісің құтты болсын!

– Көп рахмет, аға! Бұл табысымды мен талай жылдар бойы жаттығу залы мен шаршы алаңда төккен терімнің өтеуі деп білемін. Ел сенімі мен бапкерлердің ерен еңбегін ақтай алғаныма өзім де қат­ты қуанып отырмын. Кезінде маған дұрыс бағыт беріп, үнемі қол­дау көрсетіп жүрен ата-анам, ту­­ған-туыстарым және барша қа­зақ жан­күйеріне деген алғысым шексіз.

– Біздің білуімізше, әкең кезінде еркін күреспен шұ­ғыл­данған екен. Ал сенің ба­луан­дық өнерді емес, боксты таң­дауыңа не себеп болды?

– Боксқа байдың балалары келмейтіні белгілі ғой. Біз бол­сақ, қарапайым отбасында тәр­биелендік. Бірде әкем сыңарым Айбек екеумізді Астанадағы «Ала­тау» спорт кешеніне ертіп апарды. Ондағы ойы – күреске беру еді. Алдымыздан кездейсоқ Асқар Еркебаев есімді жаттықтырушы жолықты. Ол кісі: «Мен бұрыннан осындай егіз балаларды боксқа бау­лып, соларды чемпион етіп тәр­биелеп шығаруды мақсат тұтып жүр едім», деп ақжарма кө­ңілін ақтарды. Ол кезде Асқар аға небәрі 22 жаста. Алдына биік мақсат қойған жас маманның айтқаны сөз қадірін түсінетін әкемнің кө­ңілінен шықса керек, еш қар­сылық білдірмеді. Оның үстіне, үйірме тегін екен. Қарапайым отбасы үшін бұл да кәдімгідей көмек. Осылайша, бокс залынан бір-ақ шықтық.

– Бұған дейін жастар буыны арасындағы жарыстарда жа­сындай жарқылдағаның бел­гілі. Өз қатарластарының ара­сын­да қандай табысқа қол жет­кіздің?

– Айбек екеуміз өмірде ғана емес, үлкен спортта да қатар келе жатырмыз. 2018 жылы мен жастар арасындағы құрлық біріншілігінде күміс медаль иеленіп, көп ке­шікпей әлем чемпионы атандым. Бауырымда бәрі керісінше болды. Ол құрлықта қарсылас шыдатпаса, дүниежүзілік додада күміспен күптелді. Одан бөлек, Айбек 2018 жылы Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айресте алауы тұтанған жас­өспірімдердің Дүниежүзілік олимпиадасында алтын тұғырға көтерілді.

– Ересектер дуына қосылу еш қиындық туғызған жоқ па?

– Бәрі сәтімен болды. 2019 жылы спартакиадада топ жардым. 2020 жылы ел чемпионатының фи­налында ұтылсам, 2021 жылы қайта чемпион болдым. Айбек сол жарыстардың барлығында ал­дына жан салмады. Содан екеу­міз былтыр Белградта ұйым­дастырылған әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне бө­лендік. Бірақ тәжірибенің азды­ғынан бізге жүлде алу бақыты бұйырмады. Мен ширек финалда Сербияның туы астында өнер көр­сеткен ресейлік Владимир Ми­рончиковтан ұтылсам, Айбек 1/8 финалда Өзбекстанның намысын қорғаған қазақ жігіті Мадияр Сайдрақымовқа есе жіберді. Бірақ 2022 жылғы Аммандағы Азия чем­пионатының финалында ба­уыры­м дәл сол Сайдрақымовты сан соқ­тырып, бас жүлдені олжа­лады.

– Аммандағы сары құр­лық­тың басты додасында сен қо­ла ме­даль­ді қанағат тұттың. Бас жүл­де үшін таласуға не ке­дергі болды?

– Иорданияның астана­сын­дағы жарысты жап-жақсы бас­тағаныммен, жартылай финалда Хуссейн Ишайшпен күш сынастым. Ол оған дейін 91 және +91 кило салмақ дәрежелерінде айқасып, Азия чемпионатында үш рет қола медаль иеленген. Рио мен Токио Олимпиадаларында ширек финалға дейін жеткен. Амманда Хуссейн 80 кило сал­мақта сынға түсті. Екеуміз тең дәрежеде айқастық. Бірақ біраз ой­­лана келе төрешілер жергілікті был­ғары қолғап шеберінің қолын көтерді.

– Ташкенттегі әлем чемпио­наты қалай өтті? Бас­тапқы бәсекелерде кімдер­мен қолғап түйістірдің?

– Бастапқы бәсекелерде Әзер­­байжан мен Түркия бокс­шы­ларын жеңдім. Одан кейін Иор­данияның өкілімен қайта жолым қиысты. Сол Хуссейн Ишайштен мен былтыр жеңіліп қалған едім. Кеткен есемді қай­тару үшін осы бәсекеде ба­рым­ды салдым. Бұл жолы менің басымдық таныт­қаныма төре­ші­лердің еш күмәні болмады.

– Жартылай финалда ре­сейлік Имам Хатаевпен күш сы­настың. Токио Олимпиа­да­сында ол әлем чемпионы Бек­­­зат Нұрдәулетовті жеңіп, қола медаль иеленді. Кәсіп­қой­лар ара­сындағы барлық жек­пе-жегін айқын жеңіспен аяқ­­­тады. Осындай мықты бокс­­шымен күш сынасарда бо­йыңда қобалжу болды ма?

– Менде қорқу, қаймығу, қо­балжу деген мүлде болмайды. Ал­дына биік мақсат қойған әр бокс­шының жолында атағы алысқа жайылған ерен тұлғалар мен дүлей күш иелерінің кез­десетіні анық. Олармен жұды­рықтаспасаң, бұл спорт түрінің шарықтау шыңына көте­рілу мүмкін емес. Соны қа­пе­ріме тү­йіп, шаршы алаңға жұл­­­қы­нып шықтым. Қалай да жең­­у­ді көздедім. Бапкерлермен ақыл­­­даса отырып, дұрыс тактика құрдық. Рингте ағаларымның айтқанын бұлжытпай орындап, қарсыласымды қапы қалдырдым.

– Сонымен, финалға жолдама алдың...

– Шешуші тұста Қытайда дү­ниеге келген қандасымыз Тоқ­тарбек Таңатқанмен айқас­тым. Оған құрған тактикам мүлде бө­лек болды. Бұл бәсекеде тіз­гінді бірден қолға алуға тырыс­тым, Аллаға шүкір, жоспарым ойдағыдай жүзеге асып, жеңіске жеттім. Финалдық сайыстан кейін ғаламтордағы көптеген ком­­­­мен­тарилерді оқып отырсам «Кім жеңсе де, қуанар едік. Екеуі де қазақтың ұлы ғой» деп жа­зып жатқандар көп. Әрине, бір жағынан ондай уәжбен келісуге де болады. Бірақ қарсыласым же­ңіске жеткенде, Қытайдың ән­ұра­ны шырқалатын еді. Соны да естен шығармаған жөн. Ал мен күллі әлемге қазақтың әнұранын тың­даттым. Жеңіс тұғырына кө­те­рілген сәтте Тоқтарбекке де дәл осы әңгімені айттым. Ол: «Мен де қат­ты қуанып тұрмын. Өйткені әр қа­зақтың жеңісі – баршамызға ортақ», деп тіл қатты.

– Әлем чемпионатында сендерге қолдау көрсету үшін әке-шешең де Ташкентке барған екен. Алайда Айбек алғашқы айналымда жеңіліп қалған кезде көңілі құлазыған анаң елге оралуға бекінген екен. Осы әң­гімені өз аузыңнан естісек.

– Ата-анам Ташкентке 3 мамыр күні барды. Екі тәуліктен соң екеу­міз де тұсаукесер кездесу өткіздік. Мен жеңіске жет­кеніммен, Айбек жеңіліп қалды. Былтырғы Азия чемпионатында оның алтын алып, мен үшінші орынды қанағат тұтқанымды жоғарыда айттым. Әке-шешемнің маған қарағанда Айбекке көбірек сенім артуының себебі сол. Кеш­кісін жалдаған пәтерімізде бас қостық. Барлығымыздың да көңіл-күйіміз жоқ. Шай ішіп отырған кезде анам: «Біз енді бұл жақта не істейміз. Одан да елге қайтайық» деп айтып қалды. Қапелімде аузыма сөз түспей: «Мен ше, мама? Сонда маған сенбейсіздер ме?», дедім. «Балам-ау, саған да сенеміз ғой. Бірақ сол жекпе-жектеріңді үйде отырып-ақ, теледидардан көргеніміз жөн шығар», деп жауа­п қайырды. Әрине, ата-анамның ешқайда кетпейтіні белгілі ғой. Олар мені солай қайрауды құп көрсе керек. Негізі сол әңгіме дұ­рыс болды. Анамның бірауыз сөзі маған үлкен мотивация берді. Таш­кенттің төрінде Қазақ елінің, әке-шешемнің және барша жан­күйер­дің сенім үдесінен шығуы үшін еш аянбай айқасып, ақыры әлем чемпионы атағына қол жет­кіздім.

– Әңгімеңе көп рахмет, Нұр­бек. Келешекте Айбек екеу­ле­ріңнің бағындырған белес­терің бұдан да биік болсын!

– Бізді елеп, қуанышымызға ортақтасып отырғандарыңыз үшін сіздерге де мың алғыс!

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»