Қазақстан таэквондосының іргетасын Түркияда дүниеге келіп, Германияда тұрған қандасымыз Мұстафа Өзтүріктің қалағанын барша жұрт жақсы біледі. Ол біртуар тұлға Бексейіт Түлкиевпен бірге осы өнердің құлашын кеңінен жайып, көсегесін көгертуге сүбелі үлес қосты. Бірақ ұлағатты ұстаздардың өмірлері келте болды. Мұстафа Қабенұлы 1995 жылы 40 жасында, Бексейіт Әбдезұлы 1998 жылы 43 жасында фәниден бақиға аттанды. Алаштың арыстай азаматтары қапияда қаза тапқаннан кейін республикалық федерациясының тізгінін Шамсат Исабеков ұстады. Іскер басшы осы қызметте отырған 13 жылға жуық уақыт аралығында ауқымды шаруалар атқарып, спорттың бұл түрінің өркендеуіне барынша атсалысты.
Өткенге зер салсақ, әлем чемпионатының алғашқы жүлдесіне жерлестеріміз 1999 жылы қол жеткізген екен. Канаданың Эдмонтон қаласында жалауы желбіреген жарыста 84 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 20 жастағы Шымкенттің шымыр жігіті Әділхан Сағындықов қола медальді мойнында жарқыратты. Оған дейін Бангкокта алауы тұтанған Азия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген Сұлтанмахмұт Шоқпытовтың шәкірті Үйеңкі жапырақтар елінде ирандық Маджид Афлаки мен түркиялық Ясин Ягизден ғана қалып қойды.
2003 жылы Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласында атыраулық Лия Нұркинаның бағы жанды. 67 кило салмақта сынға түскен ол кореялық Ли Хон Хи мен хорватиялық Сандра Шаричті алға жіберіп, үшінші сатыға табан тіреді. Кейіннен Лия Дүниежүзілік универсиада мен Азия чемпионатында дәл сол межеден көрінді.
2007 жылы Бейжіңде ұйымдастырылған дүбірлі додада Мақсұт Нарбаев жаттықтырған Қазақстанның ұлттық құрамасы өз тарихындағы ең зор табысына қол жеткізді. Қытайға аттанған үш даян шеберлері олжаға кенелді. Бұл жарыста Аслан Батықұлов (54 кило), Арман Шылманов (84 кило) және Назгүл Тәжігүлова (51 кило) қола медальдарды қоржынға салды. 2009 жылы қайта сол Шылманов Данияның Копенгагенінде үшінші сатыға жайғасты. Жалпы, ауыр және аса ауыр салмақ дәрежелерінде өнер көрсеткен бұл жігіттің ел спортына сіңірген еңбегі зор. Ол – Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанып, Азия ойындарында үш рет үшінші орынды иеленді, құрлық чемпионатында 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Теміртауда туып-өсіп, кейіннен Атырауға қоныс аударған Арманның бұл жетістігін әлі күнге дейін еліміздің бірде-бір таэквондошысы қайталай алған жоқ.
2013 жылы отандық федерацияның басшылығына олигархтар келді. Сол кезде олар «қаражатты үйіп-төгеді, даян шеберлерінің еш алаңсыз даярлануына барынша жағдай жасалады, соның арқасында біздің спортшылар түрлі-түсті медальдарды үйіп-төгіп алады» деп пайымдадық. Бірақ мұнымыз бекер екен. Соңғы 10 жыл уақыт аралығында жерлестеріміздің шамасы екі жүлде алуға ғана жетті. Атап айтсақ, 2017 жылы Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында шымылдығы түрілген дүниежүзілік додада Қайрат Сарымсақовтың өнеріне тәнті болдық. 74 кило салмақта күш сынасқан қандасымыз ресейлік Максим Храмцов пен өзбекстандық Никита Рафаловичтен кейінгі үшінші орынға тұрақтады. Дәл сол Қайрат 2019 жылы Ұлыбританияның Манчестер қаласында жалауы желбіреген жарыста қайта қола медальді қанжығасына байлады. Тұманды Альбионда италиялық Симоне Алессио алтын алса, иорданиялық Ахмад Абугауш күміспен күптелді. Міне, 1993-2023 жылдар аралығында 15 рет ұйымдастырылған әлем чемпионатында Қазақстанның даян шеберлері бар-жоғы сегіз жүлдеге ғана қол жеткізе алды. Оның барлығы да қола медаль. Әрине, бұл көрсеткішке «көңіл толады» деп айта алмаймыз.
Бакудегі додада таэквондошыларымыз барлық 16 салмақ дәрежесінде күш сынасты. Яғни 16 спортшы жарыс көрігін қыздырды. Өкінішке қарай, олардың бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Ең тәуір нәтижеміз – Рита Бәкішева (46 кило) мен Жансел Дениздің (73 кило) ширек финалға дейін жетуі. Шешуші тұста Рита хорватиялық Лена Стойковичке, Жансел ресейлік Полина Ханға есе жіберді. Ал өзге өрендеріміз қалың топтың арасында қалып қойды.
Ерлер мен әйелдерді қоса алғанда жалпыкомандалық есепте Оңтүстік Корея (3 алтын+1 күміс+0 қола) мен Түркияның (3+0+3) қарқыны өте күшті болды. Олар алдыңғы екі орында өзара бөлісті. Үшінші және төртінші сатыға Хорватия (2+1+3) мен Франция (2+0+0) жайғасты. Бейтарап команда ретінде жарыс жолына шыққан Ресей спортшылары (1+1+5) үздік бестікті түйіндеді. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарына Ұлыбритания (1+1+2), Иран (1+0+2), Кот-д’Ивуа́р (1+0+1), Мажарстан (1+0+0) және Италия (1+0+0) қосылды. Тіпті, іргеміздегі Өзбекстанның өзі аталған жарыстан төрт жүлдемен оралды. Оның біреуі күміс, үшеуі қола. Ал біз болсақ, Бакуден басымызды салбыратып қайттық.
2023 жылғы әлем чемпиондары
Ерлер: 54 кило – Парк Тай Джун (Оңтүстік Корея), 58 кило – Пэ Джун Се (Оңтүстік Корея), 63 кило – Хакан Речбер (Түркия), 68 кило – Брэдли Синден (Ұлыбритания), 74 кило – Марко Голубич (Хорватия), 80 кило – Симоне Алессио (Италия), 87 кило – Канг Санг Хьюн (Оңтүстік Корея) және +87 кило – Шейк Саллах Сиссе (Кот-д’Ивуа́р).
Әйелдер: 46 кило – Лена Стойкович (Хорватия), 49 кило – Мерве Денчил (Түркия), 53 кило – Нахид Кияничандех (Иран), 57 кило – Луана Мартон (Мажарстан), 62 кило – Лилия Хузина (Ресей), 67 кило – Магда Вит Энен (Франция), 73 кило – Альтея Лорен (Франция) және +73 кило – Нафия Куш (Түркия).