
Әбілқайырлықтар бұған дейін тәуелсіздік алғалы тәтті судың дәмін татпадық деп шу шығарса, енді әлеуметті әбігерге салған автожолдың мәселесін кім шешеді дегенді алға тартып, күңіреніп отыр.
Тоз-тозы шыққан шұрық тесік жолдың сиқын көргенде, расымен де шошисың. Айтуларынша, бастары ауырып, балтыры сыздаған шақта елді мекенге жедел жәрдем шақыру да мұңға айналған. Ойдым-ойдым жолға түскен көлік ауылға кешігіп келетіні әлімсақтан аян. Қысқасы, аталған ауылдардың тұрғындары өркениет аясынан тыс жерде өмір сүріп жатыр ма деген ойға шомасың.
«Әскерге аттанғанымда ауылдың жолы әп-әдемі болатын. Одан кейін қаншама уақыт өтті десеңізші. Бұл жолға ешкім назар салған емес. Ауылға такси жалдасаң, жолдың тозғанын алға тартатын көлік жүргізушілері кем дегенде 5 мың теңге сұрайды. Жолымыздың дал-дұлы шыққандықтан, жедел жәрдем шақыруды да қойдық. Қысқасы, жағдай мәз емес», дейді Әбілқайыр ауылының тұрғыны Қанат Махатов жырға айналған автожол мәселесі туралы ойымен бөлісіп.
Қалай алып қарасақ та, ауыл тұрғындарының уәжі орынды. Ауыз судан қамыққан халық енді автожолдың азабын тартуға мәжбүр. Елді мекен тұрғындарының өткір мәселесіне жергілікті атқарушы билік жедел ден қойса дейсің...
«Ауылдағы ағайынның қандай қиындық көріп жүргенін сезіну үшін автокөлікке отырып, осы жолмен бір жүріп өтсеңдер бәрін түсінесіңдер. Азапқа салған автожолдың сиқы осы. Ойдым-ойдым, шұңқыр-шұңқыр болып жатыр. Тоз-тозы шыққан автожол тұрғындардың жүйкесін тоздырып бітті. Алған көліктері шыдас бермей шашылып қалады. Қосалқы бөлшектерді қойшы, көліктің есіктері де қирап жатады. Жергілікті халықтың шамына тиген жол мәселесін шешетін жан табылар ма екен?», дейді Қонаев ауылының тұрғыны Ержан Тыныбеков ашынып.
Ауыл халқының жүйкесіне ши жүгірткен автожол мәселесін шешуге аудандық әкімдік қауқарсыз. Аудандағылардың айтуынша, облыстық маңызы бар жолға олардың қатысы жоқ. Ал автожолдың мәселесіне жауапты облыстық басқарма өкілдері асфальттың дер кезінде жөнделмеуіне мердігер компаниялар кінәлі дегенді алға тартады. Олар келтірген дерекке сенсек, жолдың мәселесіне жауапты екі компания біраз уақыт бұрын өзара соттасқан. Кейіннен мемлекеттік сатып алу бойынша жұмысында ағаттық кеткені анықталып, бөлінген қаражат бюджетке кері қайтарылған.
Қысқасы, өңірлік әкімдік ауыл тұрғындарын мазалаған жолды жөндеу жұмыстарын екінші рет қолға алмақшы. Айтуларынша, жергілікті халықтың талабынан туындаған мәселе күрең күз мезгілі жақындағанда шешіледі екен. Жалпы, жыл соңына дейін өңірде 137 шақырым жол орта деңгейде жөндеуден өткізілмек.
«Қазіргі таңда мердігер анықталды. Жолды жөндеу жұмыстарымен «Рауан» ЖШС айналысады. Бүгінде техникалық қадағалаушыны анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу ресімдері жүргізіліп жатыр. Ауыл азаматтарын алаңдатқан автожол мәселесі екі айдың шамасында шешімін табады», дейді облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары басқармасының өкілі Олжас Орынбеков жағдайды түсіндіріп.
Отыз жылдан аса уақыт бойы автожолдың азабынан мезі болған ауыл жұртының арманы расында да екі айда шешіле ме? Әлде сағызша созылған көп жұмыстың бірі секілді мерзімі ұзай бере ме? Ол жағын, әлбетте уақыт көрсетеді.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы