Аралдағы балықшылар мұражайы
Биыл Қызылорда облысындағы Арал қаласында балықшылар мұражайының ашылғанына 10 жыл толыпты. Мұражай экспозициялары кезінде Арал балықшыларының даңқы шарықтап, өңірде балық өнеркәсібі кеңінен қанат жайғанынан хабар береді. Раритет есебіндегі заттар арасында әртүрлі балық аулау құралы да бар. Келушілерді сондай-ақ теңізді мекендейтіндер жөнінде дерек беретін коллекциялар да ерекше қызықтырады.
Мұражай экспозициялары Арал теңізінің көнеден қазіргі заманға дейінгі тарихынан сыр шертеді. Теңізді зерттеу мен игеру жұмыстарынан, кеме қатынасы мен балық аулау үдерістерінен толық мағлұмат табасыз. Сондай-ақ аудиотаспадан теңіз толқыны мен шағаланың дауысын естіп, балықшылар туралы әңгімелерді тыңдауға болады.
Музей ауласына өткен ғасырда балық шаруашылығында пайдаланылған «Аралрыбпром», Т.Тоқтаров, Т.Әлімбетов катерлері мен «Лев Берг» зерттеу кемесіне реставрация жасалып, ашық аспан астындағы экспозиция ретінде қойылыпты. Өткен ғасырда балықшылар пайдаланған құрал-жабдықтарды да осы жерден табасыз.
Арал теңізінде 30-дан астам балық түрі болған екен. Экологиялық апаттың салдарынан солардың біразы жойылып кеткен. Ал соңғы жылдары кіші теңіз аумағында бекіре тұқымдас қызыл балықтар өсіру қолға алына бастапты.
Өткен жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында «Рухани қазына» республикалық фестивалін ұйымдастыруды қолға алса, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің филиалы «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар музей» аталымы бойынша жеңімпаз атаныпты. Қазақстаннан қатысқан 73 музейдің арасынан балықшылар музейі экспозициясының қайталанбас шешімімен, инновациялық технологиялардың соңғы үлгісімен ерекшеленсе керек.
Руслан ХАМЗА,
журналист
АТЫРАУ – АРАЛ – АТЫРАУ
Бәсекеге қабілетті жастар
Жоғары оқу орнына келгендегі студенттердің басты мақсаты – болашақ мамандықтарын меңгеру, білім алып, оны өмірде қолдана білу. Алайда студенттік өмір тек білім алумен шектелмейді, өзін барлық бағытта сынап көруге және оны барынша естеліктерге толы етіп өткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, биология және биотехнология факультетінің 1 курс студенттері 2022-2023 оқу жылының алғашқы күзгі семестріне үлкен қызығушылықпен қатысты.
Ал оқу жылындағы алғашқы ірі іс-шара деп 17 қыркүйекте ұйымдастырылған студенттерді қара шаңырақ – ҚазҰУ-ға ресми түрде қабылдау рәсімін айтуға болады. Мектепті «Алтын белгімен» үздік бітірген студенттер биология және биотехнология факультетінің намысын қорғап, салтанатты сапқа тұрды. Талантты жастарымыз өздерін би және ән өнері жағынан да көрсете білді. Тұтастай алғанда, кеш әркез естерінде қалардай өтті. Көп ұзамай бірінші курстықтар өздерінің жолын басып өткен жоғары курс студенттерімен жақын танысып, аралас-құралас жүру үшін олармен бірге тау бөктерінде демалып қайтты. Нәтижесінде, факультет ішіндегі қарым-қатынас жақсарып, курсаралық бірлік деңгейі жоғарылай түсті.
Қазан айында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіптік бюросының» ұйымдастыруымен шағын футболдан «Декан кубогі» ойнатылды. Сол айда Farabi Fest би байқауына қызу дайындық жүрді. Қажет кезінде бір-біріне қолдау көрсеткен студенттеріміз факультет атын әдемі қорғап шықты. Демалыс уақытын да қызықты әрі нәтижелі өткізу мақсатында факультет белсенділері өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, бұл жайт 1 курс студенттерінің басқа да жақсы қырларының ашылуына септігін тигізді.
Іс-шаралар қорытындысында алдағы уақытта қай бағытқа басымдық беру керегі айқындалды.
Бағила АБДУЛЛАЕВА,
ҚазҰУ Биология және биотехнология
факультетінің аға оқытушысы
АЛМАТЫ
Цифрлық сауаттылық – заман талабы
Цифрлық сауаттылық – білім алушының қазіргі өмірдегі қабілеттерінің маңызды элементі. Оқытушының цифрлық сауаттылығы – қауіпсіздіктің негізгі шарты. ХХІ ғасыр – техниканың озық дамыған кезеңі. Сондықтан жас буынды цифрлық сауаттылық пен ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше жас буынды ертерек үйрету маңызды. Қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың пайда болуымен балалар ақпарат пен білімге еркін қол жеткізе алды. Олар тек үйдегі компьютерді ғана емес, сонымен қатар әртүрлі гаджетті де еркін қолдана алады. Шынайы өмірмен виртуалды оңай біріктіреді. Бастауыш сынып оқушыларының өзі цифрлық мүмкіндік деңгейінің үштен бір бөлігін меңгеріп үлгерген.
Мұғалімдер мен бастауыш сынып оқушыларының цифрлық сауаттылығын арттыру, интернетті пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту бастауыш мектептегі жұмыстың басым бағыты. Өйткені цифрлық әлем қарқынды даму үстінде. Смартфондар мен компьютерлерді тіпті мектепке дейінгі жастағы балалар да пайдаланып жатады. Сөйтіп, цифрлық сауаттылық оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді
Жаңа ақпараттық технологияны пайдалану білім мазмұнын жаңартумен, ақпараттық ортаны қалыптастырумен, сондай-ақ сапалы білім беру мүмкіндігін жоғарылата алатынымен ерекшеленеді. Ал «Цифрлық сауаттылық» пәнін оқытудың мақсаты – білім алушыларды компьютер құрылғысы, ақпаратты ұсыну мен өңдеу, интернет желісінде жұмыс істеу, есептік ойлау, роботтехника мәселелері бойынша заманауи ақпараттық технологияларды іс жүзінде пайдалану үшін базалық біліммен, іскерлікпен және дағдылармен қамтамасыз ету.
Толқын БАЙДІЛДА,
№53 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі
АСТАНА