Жалпы, Халықаралық дзюдо федерациясы мұндай маңызды турнирлерді өткізуді кез келген елге сеніп тапсыра бермейді. Ол үшін жарысты өткізуге үмітті елдің өкілдері әлемдік додаларда өз мықтылығымен дараланып, Олимпия ойындары секілді абыройлы жарыстарда жүлде алуға тиіс. Сонымен қатар Азия және әлем чемпионаттарын өткізуде тәжірибесі болуы да маңызды. Ал бұл талаптардың барлығын еліміз әлдеқашан орындап қойғаны белгілі. Жерлестеріміз жыл сайын болмаса да, әр жылдары әлем чемпионаттарында жүлдегерлер қатарынан көрініп, Азия біріншіліктерінде топ жарып жүр. Сондай-ақ бір жыл бедерінде ұйымдастырылатын бірнеше «Grand Slam», «Grand Prix» сияқты сериялы сайыстарда да жүлденің алдын бермей жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі.
Халықаралық жарыс ұйымдастыруда еліміздің мол тәжірибесі бар екені баршаға белгілі. 2015 жылы Астанада алғаш рет дзюдодан әлем чемпионаты ұйымдастырылып, сала мамандарының оң бағасын алған. Былтыр тамыз айында сары құрлық балуандары елордада бас қосып, түрлі-түсті жүлделерді сарапқа салғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ.
Елімізде жасалып жатқан елеулі істерден кейін жылдың басында Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) әлемдік «Grand Slam» турнирлерін Қазақстанда да өткізу туралы төрт жылдық келісімшартқа қол қойған-ды.
Іс-шара кезінде Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер IJF үшін турнирді өткізу құқығын әлемдік жарыстарда жыл сайын топ жарып, үздік нәтиже көрсетіп жүрген Қазақстан сияқты мемлекетке беру үлкен мәртебе екенін жеткізген болатын.
«Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. «Үлкен дулыға», Гран-при жарыстары, әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарында қазақ балуандары ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп жүргенін жақсы білеміз. Сондықтан «Grand Slam» турнирлерінің бір кезеңін Қазақстанда өткіземіз деп шештік. Бұл тек бір жылға ғана емес, төрт жылға жоспарланған кешенді турнир екенін, Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай берілетін маңызды жарыстың бірі екенін айта кеткен жөн», деген еді Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер.
Елімізде тұңғыш рет жалауы желбірейтін байрақты жарысқа бүгінге дейін әлемнің 44 елінің 310 балуаны қатысатындарын мәлімдеді. Олардың қатарында Олимпия ойындары, әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар. Бұл сында ел намысын 51 спортшы (ерлер құрамасынан – 28, әйелдер құрамасынан 23 балуан) қорғайды. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша жарысты ұйымдастырушы мемлекет әр салмақта төрт балуанға дейін қоса алады.
Сондай-ақ Қазақстан астанасына ең көп баулан әкелетіндердің қатарында Франция (25), Өзбекстан (22), Әзербайжан (16), Испания секілді мемлекеттер бар. Ал Астанада белдесетін ең даңқты балуандардан кімдер бар деген сұраққа келер болсақ, 2022 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, «Grand Slam» жарыстарының жеңімпазы 21 жастағы италиялық Ассунта Скутто (48 кг), Токио Олимпиадасының қола жүлдегері нидерландтық Санне ван Дейке (70 кг), 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері әзербайжандық Ушанги Кокаури және тағы басқаларды айтуға болады.
Бұл әлемдік дода барлық дзюдошы үшін 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпия ойындарына жолдама алуға жақсы мүмкіндік екенін жоғарыда айттық. Сонымен қатар «Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирі аяқталғаннан кейін елімізде дзюдодан халықаралық оқу-жаттығу лагерьде өткізіледі.
«Grand Slam» («Үлкен дулыға») – Халықаралық жарыс күнтізбесіне сәйкес «IJF World Tour» аясында өткізілетін әлемдік жарыстар сериясы санатына енеді. IJF ережесі бойынша, жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерінің әлем және Олимпиада рейтингтеріне ұпай қосылады. Атап айтқанда, 1-орынға – 1000, 2-орынға – 700, ал 3-орынға 500 ұпайдан беріледі.
Айтпақшы, «Qazaqstan barysy Grand Slam» жарысына кіру тегін екенін айта кетейік.